Халықтың өсіп-өнгені – Дені сау ұрпағынан
Халықтың өсіп-өнгені – Дені сау ұрпағынан
Адам бақытты болу үшін бұл дүниеде екі нәрсе керек: бірінші – денсаулық, екінші – білім. Осы екеуі біріксе, алынбайтын қамал, жетпейтін арман, игерілмейтін биік жоқ. Мемлекетіміз халық денсаулығына әрдайым ерекше көңіл бөліп, тұрғындардың өмірін неғұрлым ұзарта түсуге бағытталған шараларды ұйымдастыруда. Әсіресе жастар денсаулығына мән берілуде. Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – деді. Бұл – жастарға деген үлкен қолдау. Алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деуіміздің өзі жастарға ерекше мән беріліп отырғанның айғағы. Жеткіншектер – біздің болашағымыз, ел болашағы, келешектің кілті – жастарда, келер дәуір солардыкі. Сондықтан олардың дендерінің саулығын, білімдері мен ой-сезімдерінің, түйсіктерінің терең болғанын қалар едік. Келешегіміздің іргетасын нық қалауымыз үшін ең алдымен жастарымыздың саналы ұрпақ болып жетілуіне, қоғамның ең белсенді өкілдері болуына, таусылмас күш, сарқылмас қайраттың нышаны болуына үлкен күш салуымыз керек. Олардың бойында рухани адамгершілік, саяси интеллект, рухани азығы мол қасиеттерге ұмтылатын, мұраттарына кедергісіз қол жеткізе алатын, сонымен қатар құқықтық тәрбиесі басым болғаны да жөн. Сондықтан да жастарымыздың бүгіні де, ертеңі де олардың еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-мұратына байланысты. Олар Қазақстанымыздың экономикасын, ғылымын дамытуға, жоғарыда айтылған талаптарға сай болып, жігерлене ел үшін еңбектенуге, оқып білім алуға міндетті. Сонымен қатар бойларына жаңа саяси құндылықтар игілігін сіңіріп, адамгершілік сапаға ие болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ертеңгі елдің тізгінін ұстауға лайықты болуға тырысу қажет. Медицина қызметкері болғаннан соң, адам денсаулығына кері әсер ететін, сөйтіп өмірімізді қысқартатын себептер жайлы сөз қозғағанды жөн санадық. Темекі мен спирттік өнімдердің, нашақорлықтың адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға қанша қасірет әкелетіні жайлы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік – қазіргі бүкіл әлемде қоғамның ауыр дертіне айналды. Ішімдікке әуестіктің қыз-келіншектер мен жасөспірімдер арасында кең етек алғаны, соның салдарынан қылмыстық оқиғалардың жиілеп бара жатқаны алаңдатады. Елімізде жастар арасында көк түтінге құмартқандардың саны азаяр емес. Тіпті қаракөз қыздарымыздың ешкімнен қысылмай бұрқыратып көшеде шылымды тартып тұрғанының өзі көзімізге үйреншікті жайт болып кетті емес пе?! Қазақстан халқының демографиялық өсіміне темекінің, спирттік ішімдіктердің, нашақорлықтың зияны шаш-етектен. Мәселен, аяғы ауыр кезінде шылым шеккен әйелдердің балалары өсе келе әртүрлі жасырын және созылмалы ауруларға ұшырайтынын ақ халатты абзал жандарымыз айтып та жүр. Шылым шегетін аналардан туылған балалар өз құрдастарымен салыстырғанда ақыл-ой дамуы жағынан артта қалады. Бала емізетін әйелдерде никотин сүтке араласып, сол арқылы сәбиді улайды. Ішімдікке, темекіге, есірткіге әуестенушілер саны жыл өткен сайын өсіп барады. Ал жастардың дені сау, таза, рухы биік болуы үшін шылым шегуге қарсы күресті күшейту қажет. Ұлтын сүйетін, ана тілін білетін, салт-дәстүрін құрметтейтін, төл өнерінен ләззат алатын жастар қатары көбейсе, еліміздің гүлденері анық. Қоғамдағы кемшін тұсымыздың бірі – жастардың өз ұлтының құндылықтарынан гөрі, өзге елдің арзанқол дүниесіне құмартып жүргендігі болса керек. Жалпы бүкіл әлемде ұрлық-қарлық, адам өлтіру, қыз зорлау, тонаушылық пен қарақшылық оқиғалары жиі кездесуде. Осындай келеңсіз істерге тосқауыл қою үшін ұлттық идеология керек. Жас бала – күнге талпынған өсімдік сияқты десек, оған дұрыс бағдар көрсететін ұлағатты ұстаз қажет. «Құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы» дейді Шәкәрім бабамыз. Бәрін біліп алуға тырысатын, өмірге икемді, тәрбиелі жастар аз емес. Ұлттық мәдениеттен жұрдай ұрпақтан халықтың қасиеті мен мүддесін қорғайтын азаматтар шықпайды. Өмір көшіне ілесем десең, уақыт талабына сай талпыныс жаса, жасампаздықтан жалықпа, ақылың мен еңбегіңе сүйенуге тырыс. Бүгінгі жас ел ертеңі болатындықтан мына мәселеге назар аударсам деймін. Компьютер бүгінгі таңда өмірдің ажырамас бір бөлігіне айналып үлгерді. Шыны керек онсыз тірлігіміз бітпейді. Оны қызмет орнында да, үйде де пайдалана береміз. Оның өмірімізге кеңінен енгені соншалықты, бала біткен ойыншықпен емес, компьютермен ойнап, өзінің өміртанымын ғаламтордағы желі ішінде қалыптастыратын болды. Қазіргі күнкөріс қамы мен заман ағымының күрделілігі, көптеген ата-аналар тәулік бойы балаларының тыныс-тіршілігіне бақылау жасай алмай, олар шектен тыс монитордың алдында отырғандықтан денсаулығына зор зиянды әсер алады. Негізінен, компьютердің алдында отырып, жұмыс істейтіндердің шағымданатын сырқат белгілері екі топқа бөлінеді. Бірінші – көздің көру қабілетінің нашарлауы, екінші – бастың желке тұсының (қарақұсының), мойын мен иық, жауырын, білектің ауыруы. Көру қабілетінің нашарлауы оның бұлдырап, анық көрмеуі, көзіне түскен салмақтан күйген тәрізді ашып, қызаруы. Мамандар оны компьютерлік көру қабілетінің синдромы деп атайды. Дәрігерлердің айтуынша, компьютерлік көру қабілетінің синдромдары уақытша рефракцияның нашарлауына немесе күшеюіне, аккомодация көлемінің кішіреюіне, қарама-қарсылық сезімталдығының, сезіну қабілетінің әлсіреуіне әкеліп соқтырады. Таңертеңнен кешке дейін интернетке, ұялы телефон-смартфонға телмірген жастар алтын уақытын өлтіріп, бір-біріне жарыса хат жазысып жатады. Ғаламтордың зияны туралы әлем ғалымдары дабыл қағуда. Біріншіден, мониторға ұзақ уақыт қараудың салдарынан адамның көз жанары құрғап, көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан болар, соңғы жылдары көзілдірік киген жастардың саны көбейе түскені байқалады. Қимыл-қозғалыс азайғандықтан, қан айналымы нашарлайды, гиподинамиядан семіздік пайда болады. Жаңа технологиялар адам бойындағы жасушаларға кері әсерін тигізіп, тіпті қауіп төндіріп, қатерлі ісік ауруының туындауына себеп болады деген де мәліметтер жоқ емес. Ұялы телефоннан тараған радиация ми обырына, ақ қан ауруына (лейкоз) соқтыратыны жайлы ғылыми еңбектер баршылық. Монитордың алдында ұзақ отыру əрі дұрыс отырмау, компьютер құралдарының дұрыс орналаспауы көздің талуы, бас ауруы, желке тарту, аяқ бұлшық еттерінің талуы, адам ағзасын əлсіретіп әртүрлі ауруларға себеп болады. Рас қой, ғаламтор жастардың көп уақытын алады, ақыл-ойын шектейді. Қоғамдық жұмыстардан шет қаламыз, еріншектікке дағдыланамыз. Тіпті қазір жастардың кеш үйленуіне де ғаламтор зиянын тигізуде. Мінез-құлық бұзылып, бұрындары халық ән-күйлерін тыңдайтын балалар шетелдің ырду-дырду берекесіз әуендерін естіп, түкке тұрмайтын ойындарын қызықтайды. Атыс-шабыс, асу, қан төгу және жауыздық арқау болған ойындар психологияны бұзады. Демек, жастарды компьютерден қорғау да қазір басты мәселеге айналуда. Ұрпақ болашағын, ұлт келешегін ойласақ, жастар тәрбиесіне, жеген тағамына, айналысатын кәсібіне, бос уақытын қалай өткізіп жүргеніне мән беретін кез келді. Мемлекет басшысының да алдымызға қойып отырған жастар саясатындағы міндеті де осы.
Толқын АЙМАХАНОВА, «Болашақ» медициналық колледжінің оқытушысы.
Тараз қаласы.