Білім

Жаңа жыл мерекесі жақсы көңіл-күй сыйласын десеңіз...

Жаңа жыл мерекесі жақсы көңіл-күй сыйласын десеңіз...

Жалпы жұртшылықтың қызықты оқиғалар мен тосын сыйларға толы жаңажылдық мерекені асыға күтетіні белгілі. Десек те болмашы ғана ұқыпсыздықтың өзі шат-шадыман көңіл-күйдің бұзылуына, бақытсыздық оқиғалары орын алуына әкеліп соғуы бек мүмкін. Жаңажылдық мерекелер қарсаңында, өрт негізінен жанып тұрған шақпақ, шам, бенгал оттары мен шоқтары, шартылдақтар мен петардалар секілді ашық от көздерінен тұтанады. Сондықтан мұндай шараларды өткізу үшін ұйымдастырушылардан қарапайым қауіпсізік ережелерін сақтау қатаң талап етіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Талғат Сабиров осы тұрғыда әңгімелеп берді. – Қазіргі уақытта отшашулар, жарылғыш және тағы басқа да пиротехникалық заттарды қолданудан шыққан өрт оқиғалары жиі тіркелуде. Соңғы екі жыл ішінде емдеу ұйымдарына жарылғыш пакеттерді қолдану салдарынан әртүрлі термиялық күйік алған 15-тен астам адам түскен, олардың басым көпшілігі – 9-12 жас аралығындағы жасөспірімдер, – деді ол. Оның айтуынша, пиротехникалық өнімдерді 14 жасқа толмаған балаларға сатуға, арнайы дүкендерден болмаса, сақтау шарттары сақтала бермейтін базарлардан алуға тыйым салынады. Температуралық режімі сақталмауы салдарынан пиротехника қолда жарылып кетуі мүмкін. Талғат Нұрғалиұлы ағымдағы жылы облыс аумағында 677 өрт тіркеліп, жалпы шығыны 142 миллион 795 мың теңгені құрағанын, өрт кезінде 12 адам қаза тауып, 9 адам әртүрлі дәрежеде күйік алғанын, сондай-ақ 22 улы газбен улану оқиғасы тіркеліп, 44 адам уланып, оның 9-ы ажал құшқанын да еске салып өтті. Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев осыған орай жергілікті атқарушы органдармен бірлесіле әлеуметтік және корпоративті кештер өтетін, адамдар көптеп жиналатын 793 нысанның тізімі жасалып, оларды қатаң бақылауға алу, күнделікті өрт қауіпсіздігі жағдайының мониторингін жүргізу, қауіпсіз жағдайға келтіру жұмыстары Тараз қаласы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімдеріне тапсырылғанын жеткізіп: – Тұрғындардың жаңа жыл мерекесі кезінде орындауы тиіс талаптар қарапайым әрі өте оңай. Мерекелеу орны ретінде терезелерінде темір торлары жоқ, екі қабаттан аспайтын ғимараттар таңдалынғаны жөн. Шыршалар өз орындарына мықтап бекітіліп, бұтақтары бөлме қабырғалары мен төбесіне тимейтіндей етіліп орнатылуы керек. Жарықтандыру желісі пайдаланылғанда төмендету трансформаторы болмаса, онда тек тізбекті гирляндтарды қолданып, ондағы шамдардың кернеуі 12 вольттен аспауын назарда ұстау ләзім, – деді. Бұдан кейін ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Омар Такеев жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қыс мезгіліне дайындығы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Басқосу барысында осы күні Жамбыл ауданы, Аса ауылынан 3 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Амангелді ГӨЗ» ЖШС Тараз филиалының аумағындағы УПН-100 ғимаратында орын алған жарылыстың мән-жайы да тарата айтылды. Облыстық ТЖД мамандары мұны газ бен мұнай өнімін бумен қыздыру кезінде кеткен технологиялық ақаудың салдарына сайып отыр. Олардың айтуынша, жарылыс салдарынан пайда болған өрт 8 шаршы метр аумақты қамтыған. Барлығы 4 техника, 15 адам күші жұмылдырылуымен мұнай қалдықтарының өрті жедел оқшауланып, сөндірілген. «Қазіргі уақытта мұнда арнайы құрылған комиссия оқиғаның себеп-салдарларын нақтылау үстінде», – деді бұл тұрғыда Мақсат Әкімбаев.

 

Баймаханбет АХМЕТ