Саясат

Тұрмыс сапасын арт тыру – мемлекет тік саясат тың басым бағыты

Тұрмыс сапасын арт тыру – мемлекет тік саясат тың басым бағыты

Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында көптеген күрмеулі мәселелердің бар екені белгілі. Әсіресе пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына тұрғындар тарапынан түсетін шағым көп. Аталған саланы реформалауға және жұмысын жақсартуға қолданыстағы заңға енгізуге ұсынылған түзетулер көмектесетін болады. Өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі депуттары осыны айтуда. ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов бастаған мәжілісмендер әуелі облыс орталығындағы «Тараз Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бас сұғып, ондағы жұмыстың жүйесімен танысты. Айта кету керек, қазіргі уақытта аталған кәсіпорында халықаралық қаржы ұйымымен бірлесе отырып, Еуропалық қайта құру және даму банкімен Тараз қаласының су беру жүйелерінің жаңғырту жобасы іске асырылуда. Құны 2 млрд. 100 млн. теңге көлемінде болатын аталған жобаның аясында толығымен цифрландыру, автоматтандыру бағытында іс-шаралар атқарылуда екен. Кәсіпорын директорының орынбасары Гүлмира Жұмабекқызы аталған жоба аясында ең алдымен су беру теңгерімін ретке келтіруді жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. «Суды ысырапсыз пайдалану мақсатында жаңа үлгідегі су өлшегіш құралдарын ауыстырып жатырмыз. Бұдан бөлек, су ұңғымаларындағы сорғыларды (насос) энергия көздерін аз мөлшерде қажет ететін сорғылармен алмастырудамыз. Бұл жобаның ерекшелігі – коммерциялық тұрғыдан шығындарды азайту. Яғни алдағы уақытта тарифтік деңгейді ұстап тұру мақсатында біз өз шығындарымызды су ысырабын жою арқылы толтырмақпыз. Желілерді жөндеуге қомақты қаржы кететіндіктен, біз ең әуелі суды желілермен жеткізу бойындағы артық шығындарды жою үшін автоматтандыру және оны жаңа үлгідегі өлшеуіш құралдармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз», – деді ол. Бұдан кейін, мәжілісмендер «Самал» мөлтек ауданындағы №3 үйге жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған үй «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында жөндеуден өткен. Ал күні кеше облыстық әкімдікте аталған салаға байланысты ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік дамыту комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленгенін, қазіргі таңда ол талқыланып жатқандығын және айтылған ұсыныстар міндетті түрде ескерілетінін айтты. Өз кезегінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталған сала назардан тыс қалмайтынына тоқталып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы алға қойылған міндеттерді басшылыққа ала отырып, тиісінше жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Бұдан кейін мәжілісмендер түзетулердің нақты қай мәселеге байланысты енгізілетінін түсіндірді. Парламент Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов тұрғындар қолайлы өмір сүріп, салық төлеушілерден жиналған қаржының қайда жұмсалатыны ашық болуы тиістігін тілге тиек етті. «Қазіргі таңда ҚР «Қоғамдық бірлестіктер» туралы Заңына сәйкес пәтер иелерінің кооперативтері қоғамдық бірлестік болып табылады. Заң жобасына коммерциялық емес ұйым құру, яғни меншік иелері мүлкінің бірлестігін құру ұсынылған», – деді. Айта кету керек, меншік иелері мүлкі бірлестігінің басшысын тұрғындар өздері сайлайды. Әрбір үйдің өзінің жинақ шоты болып, тұрғындар ондағы қаржының қайда жұмсалып жатқандығын қадағалай алады. Басқосуда Тараз қаласы тұрғын үй инспекциясының басшысы Ғазиз Ералиев қайта түгендеу барысында бүгінде тұрғын үй қорында 1284 көп пәтерлі тұрғын үй бары анықталып, оның 374-і ПИК-ке енгізілгенін жеткізді. Меншік иелері мүлкі бірлестігінің құрылуы қалған үйлерде де басқару жүйесі енгізілуін шешетін болады. Ғазиз Ералиев, сондай-ақ тұрғындар тек өз пәтерлеріне ғана жанашырлықпен қарап, жалпыға ортақ мүлікке келгенде белгілі бір шешімге келе алмайтындығын да сөз етті. Оның айтуынша, егер заңға түзетулер енгізілсе, тұрғындарға тиісінше жауапкершілік жүктеліп, олар бүкіл үйдің қалыпты жағдайда сақталуын қамтамасыз етуге атсалыспақ. Жиында сондай-ақ мәжілісмендер лифт мәселесін шешу жолдарын қарастырды. Заң жобасында олардың мазмұны бойынша стандарттары атап көрсетілген. Мәжілісмен Шаймардан Нұрымов облыс орталығында қанша жеделсаты бар екенін және олар қаншалықты деңгейде техникалық қызмет көрсететінін сұрады. Тараз қаласы тұрғын үй инспекциясының басшысы Ғазиз Ералиев облыс орталығында 29 жеделсаты бар екенін және жыл сайын олардың жөндеу жұмыстарына 16 миллион теңге бөлінетінін айтты. Бүгінде тарифтерді төмендету бойынша да жұмыстар жүргізілуде. «Жамбыл электр желілері» ЖШС бас директоры Әлихан Жарболовтың мәлімдеуінше, келесі жылдың қаңтарынан бастап бір кВт сағат үшін 5,71 теңге орнына 5,56 теңге көлемінде жаңа тариф енгізілетін болады. Сонымен қатар отырыста спикерлер тұрғын үймен қамтамасыз ету, газ және ауызсу өткеру, жолдарды жөндеу тақырыптарын қаузады. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында үйлер салынып, жолдар жөнделіп және жылу желілері жаңғыртылу барысында көптеген жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Жасыратыны жоқ, біздің өңірімізде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып қалуда. Бірақ бұл мәселе де жақын арада оң шешімін табатын болады. «Келесі жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы мақсаттар үшін 100 миллиард теңге бөлінетін болады», – деді бұл тұрғыда Нұртай Сабильянов. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаровтың айтуынша, «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы» да өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. 2011 жылдан бастап 2018 жылға дейін қала аумағында 4046,8 миллион теңгеге 221 үй жөнделген. Сөйтіп, жөндеу жұмыстарын қажет ететін үйлердің саны 23, 4 пайызға төмендепті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының өзекті мәселелері қаузалған көшпелі отырысты қорытындылай келе еліміздің өркендеуі, халықтың тұрмысы мен өмір сүру сапасы арттырылуы жолында жүзеге асырып отырған жұмыстары үшін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарына алғысын жеткізді.

 

Есен Өтеулиев