Тәуелсіздікпен бірге түлеген
Тәуелсіздікпен бірге түлеген
Биыл тәуелсіздігімізге 27 жыл толып отыр. Тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасуының қайнар бастауы болған осынау ғасырға тең кезең – біздің жаңа тарихымыздың бастауы. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттыққа қолымыз жетті.
27 жыл – ел тарихындағы ерекше кезең. Осы жылдар ел еңсесін көтеріп, төл тарихымыздың жаңа беттерінің жылнамасы ретінде жазылды. Ал Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мемлекетіміздің мызғымас беріктігін, шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күніне айналды. Қай халық үшін де азаттықтан ұлы ұғым екені белгілі. Өйткені тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Олай болса, Тәуелсіздік жас Қазақ елі үшін де аса киелі құндылық. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында осы жылдары елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениет қалыптасты. Төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабаларымыздың «Мәңгілік Ел» мұраты қайта жаңғырды. Өз алдымызға жеке даму мүмкіндігіне ие болған кезеңде ұлттық экономиканы көтеріп, саяси жүйені дамыта отырып, құқықтық және демократиялық мемлекет құруға жол ашылды. Ұлт Тәуелсіздігі – бізге тәңір сыйлаған еркіндік. Қазақстан бүгінде көптеген әлем елдеріне сенімді серік, қамалы берік мемлекет ретінде танылып отыр. Біз осылайша, еркін елге айналдық. Отыз жылға жуық мезгілде өркендедік, өстік, ұлттық санымыз жаңғырып, елін өрге жетелеген Елбасының сарабдал саясатының арқасында адымдап алға жүрдік. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бүгінгі тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» деген астары терең сөзінде халқымыздың ғасырларды артқа тастаған қаһармандық күресі мен өршіл рухының жатқаны сөзсіз. Бүгінгідей үсті дәнге, асты кенге толы кең байтақ жері, терең қазыналы тарихы бар қазақ елі шын мәнінде жұлдызы жанған бақытты халық. Бұл күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Жетпіс жыл үстемдік құрған Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жас қазақ елінің алдында үлкен міндеттер тұрды. Сол қиын да күрделі кезеңдерде халқымыздың таңдауы Н.Ә.Назарбаевқа түсіп, Елбасының сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында үлкен жетістіктерге жеттік. Сол кезден бастап жас мемлекетімізге қиыншылықтарға төтеп беріп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар құру үшін көптеген реформаларды жүргізу міндеті тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, бүгінде әлем мойындаған дарабоз саясаткер Н.Ә.Назарбаев өзіне жүктелген ұлы міндеттерді абыроймен атқара отырып, осы өткен жиырма жеті жылда талай тарихи өзгерістердің ұйытқысы болғаны жаһанға белгілі. Бұл жолда бізге батыр бабаларымыздың қайсар мінезі мен асқақ рухы үлкен күш берді. Кешегі Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жанайдар Садуақасов пен Мұстафа Шоқай сияқты даналардың асқақ мұраты халқымызға жол сілтеді. Дүбірлеген дүние зымыраған уақытқа тәуелді екенін ескерсек, қазақ халқына тасқа басылған өткен тарихы өлшеусіз қызмет етуде. Осы тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың таяуда жариланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы ұлтымыздың бағзы замандардан келе жатқан тарихын зерделеуге түрткі болғаны сөзсіз. Ол ұлттық мұраларымызды терең тануға тың серпін беру арқылы тарихи сананы жаңғыртудың жолдары мен алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Жасампаз жылдар біздің қасиетті Әулиеата өңірінің өркендеуіне де жол ашты. Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз осы кезеңде үлкен қарқынмен дами түкенін көзі қарақты ел көріп отыр. Осы ретте тәуелсіздігіміздің жиырма жетінші жылы облыс тұрғындарының есінде тың бастамаларымен, ерекше сәттерімен қалатынын айта кеткен жөн. Тараз қаласының күннен күнге құлпыра түскен кескін-келбеті – соның көрінісі. Бір жылдың ішінде өңірімізде қанша ма мектеп пен балабақша, денсаулық, мәдениет және спорт нысандары салынды, Тараз қаласында мәдени-көпшілік демалыс орындары қайта жаңғыртылды, жаңа мөлтек аудандар бой көтерді. Биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен көне шаһарымызда 30-ға жуық әлеметтік маңызы зор нысандар пайдалануға берілуі – осы сөзіміздің дәлелі. Осының барлығы ел Тәуелсіздігінің жемісі. Мемлекет басшысы «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекетімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет» екендігін әркез еске салады. Сондықтан біз еліміздегі татулық пен бірлікті нығайта отырып, туған Отанымыз бен облысымыздың өсіп-өркендеуі және Қазақстанның әлемдегі озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Елін сүйген, елі сүйген, жаңа замандағы Ұлт Тәуелсіздігінің іргетасын қалаған Елбасы Н.Назарбаевтың болашақты болжай білген сара саясатының арқасында Сарыарқаның сайын даласынан жаһан назарын өзіне еріксіз аударған, татулық пен достықтың жалауын көтерген, әлемдік саяси орталыққа айналған әсем Астанамыз бой көтерді. Осы жиырма жеті жылдың аралығында өндірісіміз өркендеп, ауылшаруашылық саласы қарыштап дамыды. Кәсіпкерлік қанатын кеңге жайды, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің мәртебесі артып, қастерлі ділі, берік діні өркен жайып келеді. Осылайша мемлекетімізде өркениеттің өнегесі жарасымды жалғасын тауып келеді. Ендігі жолымыз да түзу болғай. Түзу жолда көшіміз көлікті, басымыз ерікті болғай! Тәуелсіздіктің қайнар бұлағы сарқылмай, халқымыздың жігері мұқалмасын! Ата-бабамыздың арман-мұраты жалғасты болсын. Еркін елдің азаттық таңы ұзағынан сүйіндірсін. Қазақстандықтар ауызбіршілігінен айнымасын. Сонда ғана Тәуелсіздігіміздің еңсесі биік, тұғыры берік, болашағы баянды боларына сенімім мол.
Қаржаубай БЕКБОЛАТОВ, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы, қаланың Құрметті азаматы.
Тараз қаласы.