Экономика

Құрылыс саласының ахуалы қандай?

Құрылыс саласының ахуалы қандай?

Осы аптаның басында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Шу ауданында болды. Ол бірінші кезекте Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жай-күйімен танысты. Осыдан жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген мектеп ғимаратының әбден тозығы жеткен, іргетасы, шатыры, есік-терезесі, едені, су, жылу, кәріз, ауа алмастыру, өрт қауіпсіздігі және электр жүйелері түгелдей күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Ғимараттың сейсмотұрақтылығы да сыр бере бастапты. 450 оқушыға арналған білім беру нысанына бүгінгі күні күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 134 миллион 21 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.

Бұдан кейін Еркебұлан Әбілханұлы Шу қаласындағы Тоғай тұрғын жай алабына атбасын бұрып, ондағы 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарына назар аударды. Ағымдағы жылдың маусым айында басталған ғимарат құрылысы келесі жылдың соңына қарай аяқталады. Алайда облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жұмысы мен аталған нысанның құрылысы сапасын сын тезіне алды. Сапаны бақылауы тиіс техникалық қадағалаушы «Бексей-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қырсыздығын алға тартып, жауапты тұлғаларға орын алған кемшіліктерді тез арада қалпына келтіруді тапсырды. «Құрылыс ТЭД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің прорабы Бейсенбек Оразымбетовтың айтуынша, қазіргі кезде мұнда 10-нан аса техника мен 60 адам тұрақты жұмыс істеуде екен. «Жұмыс кестеге сәйкес жүрізілуде. Құрылысшылардың орташа айлық жалақылары 150-200 мың теңге аралығында» – дейді ол. Екі қабатты мектеп ғимаратында төрт бірдей оқу блогы, спорт зал, медициналық пункт және 104 адамға арналған асхана орналасатын болады. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың ауданға жұмыс сапары қалалық емхана мен Шу қаласының батыс шағын аудан тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге арналған «Жайсан» тұрғын жай алабының 35/10 қосалқы стансасында жалғасын тапты. Айта кету керек, алғашында бұл стансаның қуаттылығы қаланы жарықпен толықтай қамтамасыз етуге есептелінген. Дегенмен бүгінгі күні қаланың жылдан-жылға өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы артқан сайын, тиісінше электр қуатына деген қажеттелік те арта түскен. Электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар көбеюіне байланысты осыдан ширек ғасыр бұрынғы жарыққа деген қажеттілік қазір екі есеге дейін өсіп отыр. Қысқасы, стансаның қуаттылығы қазіргі кезде қаланы түгел қамтуға жетпей, тағы бір қосалқы станса салудың қажеттілігі туындауда. 40 мыңға жуық тұрғынға мұның зардабы тиіп отыр. Осыған байланысты біраз жыл бұрын «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосалқы станса салуды қолға алған екен. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 52 миллион 748 мың теңге бөлініп, аудандық бюджеттен 474 миллион 732 мың теңге қарастырылған. Өкініштісі, қосалқы станса салуды мойнына алған мердігерлік ұйым бұл жұмысты әлі күнге сағызша созумен келеді екен. Қазіргі кезде аталмыш мердігерлік мекеме басшылары үстінен қылмыстық іс қозғалуда. Осыған орай Еркебұлан Әбілханұлы аудан әкіміне қылмыстық істің нәтижесін күтпей-ақ, қазірден бастап тиісті шараларды қолға алып, тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандыра бастауды тапсырды. Шаһар аумағындағы шайынды су қондырғылары мен кәріз жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарында да дәл осындай кемшіліктер орын алған. Бұл тұрғыда 2010 жылы басталған құрылыс жұмыстары әлі күнге аяқталмапты. Мұнда да мердігерлік ұйым «Компания Догду Бильд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз ісіне салғырт қарап, құрылыс жұмыстарының 30 пайызын аяқтамай отыр. Аталмыш серіктестіктің де үстінен қылмыстық іс ашылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде екен. Дейтұрғанмен, арада 8 жыл өтсе де, бұл мәселе өз шешімін таппай келеді. Сондай-ақ Еркебұлан Әбілханұлы аудан іргесінде орналасқан Алға ауылындағы апатты жағдайда тұрған Амангелді мектебінің де жай күйімен мұқият танысты. 1961 жылы пайдалануға берілген білім ошағының ғимараты «Анко Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Мұнда бүгінгі күні 300-ден аса оқушы білім алуда. Олардың саны жыл санап артып келе жатқанын және мектептің қабырғасы балшықтан қаланғанын ескерсек, аталмыш ауылға уақыт ұттырмай жаңа мектеп салу өте қажет-ақ. Осы орайда аудан әкімі Қайрат Досаев облыс әкімінің орынбасарын жаңа мектеп салынатын жер мен оның инфрақұрылымымен таныстырып өтті. Осы күні Е.Дауылбаев аудан орталығы Төле би ауылында орналасқан аудандық орталық аурухананың жұмысымен де мұқият танысты. Еркебұлан Әбілханұлы аудандағы басқа да нысандарды аралап көріп шыққан соң, аудан әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар басқармалар мен бөлім басшылары, ауыл әкімдерінің қатысуымен жиын өткізді. Басқосу барысында бірқатар басқарма басшылары өз салалары бойынша хабарламалар жасап, ауданға қатысты мәселелерге назар аудартты. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов аудандағы қалалық емханаға 10-нан аса маман жетіспейтіндігін алға тартса, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров аудандағы жауапты қызметкерлердің өз міндеттеріне салғырт қарауының салдарынан Ақтөбе ауылының 1242 тұрғыны, Оразалы батыр ауылының 1097 тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылмай отырғандығын айтып, бұл іске жауапты тұлғаларды сынға алды. Осыған байланысты аудан басшыларының есептері тыңдалып, аймақта шешімін күткен мәселелер жан-жақты талқыланды.

 

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.