Энергетиктер күні аталып өт ті
Энергетиктер күні аталып өт ті
Тараз қалалық Мәдениет үйінде «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен энергетиктердің кәсіби мерекесі аталып өтті. Оған серіктестіктің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты. Салтанатты жиынға қатысушыларды фойеде «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы Тараз гарнизонының көркемөнерпаздары салтанатты әуенмен қарсы алып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылды. Іле залдың алдыңғы қатарында отырған сала ардагерлеріне кәсіпорын атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Осыдан кейін «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның бас директоры Әлихан Жарболов баяндама жасап, 2018 жылдың кәсіпорын үшін табысты жыл болғанын атап өтті. Сондай-ақ энергетиктерді төл мерекелерімен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі. Серіктестіктің бөлімдері мен аумақтық стансаларының, кәсіподақ ұйымының басшылары, тағы басқалары жылы лебіздерін жеткізді. Салтанатты жиын барысында салаға еңбек сіңірген қызметкерлерге «Еңбектегі табысы», «Құрметті энергетик» төсбелгілері мен Құрмет грамоталары тапсырылды. Шара соңы жас энергетиктердің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.