Білім

Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Көп тіл білгеннің көкжиегі кең

Таразда полиглоттар форумы өтті

«Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» деген сөз текке айтылмаса керек. Бүгінде Ұлы Дала елінде бірнеше тіл меңгеруге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Шындығында көп тіл білгеннің көкжиегі кең болатыны анық. Өз еліңмен ғана шектелмей, өзге әлемді де танып-білуге мүмкіндігің артатыны ақиқат. Біздің өңірде де полиглот азаматтар жеткілікті. Жастардың бірнеше тілді жетік меңгеруіне барлық жағдай жасалып жатыр. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы осы бағыттағы жұмыстарын тоқтатқан емес. «Көп тіл білу – заман талабы» атты облыстық форум жыл ішінде атқарылған жүйелі істердің лайықты қорытындысы секілді болды. Форум полиглоттардың композициясымен ашылып, әрмен қарай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың кіріспе сөзімен жалғасын тапты. Ол өз сөзінде өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасап, азаматтардың полиглот болуы үшін басқарма тарапынан атқарылатын жұмыстар еш толастамайтынын, алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Форумға қатысушы барлық азаматтарға ізгі тілегін арнап, өзге де ойларымен бөлісті. Бұдан соң облыстық «Полиглоттар клубының» мүшесі, ТИГУ-дің «ғылым және халықаралық қарым-қатынастар» бөлімінің бас маманы Сәбина Жақсылықова сөз сөйледі. Сәбина Орынбекқызы көп тіл меңгеру арқылы азаматтардың танымы артып, білімі жетіле түсетінін, өзіне жаңа әлем ашатынын нақты дәйектермен келтіріп, тұшымды ойларын ортаға салды. Сәбинаның өзі жеті тілді жетік біледі екен. Форум барысында өзге де полиглот азаматтар мінберге көтеріліп, ойларымен бөлісті. Облыстық «Полиглоттар клубының» президенті, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың 3-курс студенті Әбілқайыр Әнуарбековтің пікірі көпшіліктің көңілінен шықты. Дарынды жастың жалынды сөздері залға жиналған жұртшылықты серпілтіп тастағаны рас. Форумда өз ойларын еркін жеткізе білген облыстық «Полиглоттар клубының» мүшелері Досболат Тілеухан, Нұрсая Айниязова, Нұрсұлтан Әлімбек секілді жастардың жан-жақты, салмақты хабарламалары болашағымыздың жарқын екенінің дәлелі болса керек-ті. Кейіннен өңірдің бірнеше тілді еркін меңгерген полиглоттары облыстың барша жастарына Үндеу жолдады. Үндеуде көп тіл білудің маңыздылығы толыққанды қамтылыпты. Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласып, сахнаға көтерілген өнерпаздар жүрек қылын шертетін әдемі әндерді шарықтата шырқады. Жалпы алғанда әлемде бірнеше тілді жетік білген азаматтар аз болмағаны баршамызға мәлім. Соның бірі – Ватикан кітапханасының қорғаушысы, кардинал, XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген италияндық полиглот, Байронның замандасы Джузеппе Каспар Меццофанти. Ол 114 тілден аударма жасаған. Сонымен қатар 60 тілде еркін сөйлеп, 50-ге жуық тілде өлеңдер мен эпиграммалар жазған екен. Бұдан бөлек, ресейлік Виталий Мельников 104 тілде еркін сөйлепті. Лингвист, барлаушы және белгілі полиглот Гарольд Уильямс 80 тілді жатсынбағаны жұртшылық үшін таңсық емес. Ол 11 жасында грек, латын, еврей, француз және неміс тілдерін өз ықыласымен үйреніп, толық меңгерген дейді деректер. Айта берсек, мұндай мысалдардан көз сүрінеді. Жоғарыда аттары аталған азаматтардың тіл үйренудегі ынтасы көпшілікке үлгі екені талас тудырмайды. Болашақта бірнеше тіл білетін қазақ жастарының көп болатынына күмәніміз жоқ. Өйткені талап пен талпыныс бар жерде нәтиже көп күттірмейді.

Т.Мұсылманқұл.

Тараз қаласы.