Білім

Тарих. Тағдыр. Тағылым

Тарих. Тағдыр. Тағылым

«Елбасы жолы. Астана» фильмі көрерменге жол тартты

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кинотуындыдағы бейнесі 2011 жылы жарыққа шыққан «Балалық шағымның аспаны» картинасы арқылы көпшілік қауымға жақсы таныс. Мемлекет басшысының жастық шағы мен президенттікке сайлану жолын бейнелейтін «Елбасы жолы» фильмі өзінің лайықты түрде жалғасын табуда. Киноэпопея саналатын фильм қашанда жұрттың қызығушылығын тудыратыны анық. «Елбасы жолы. Астана» атты жаңа фильм де көпшіліктің назарына ұсынылды. Алдымен Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінде өткен киноның Тараздағы тұсаукесеріне қала жұртшылығы көптеп жиналды. Бұл фильмде Қазақстан елордасының қалыптасу тарихы және оны салу үдерісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқарғаны жөнінде баяндалады. Кинокартинада 1994 жылғы шілде айында ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қабылданған маңызды шешімге байланысты оқиғалар жиынтығы бейнеленген. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы әлеуметтік теңсіздік, халықтың жағдайының төмендігі шынында да жұрттың еңсесін езгендей еді. Сол шақта Мемлекет басшысы халық қалаулыларының алдына астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс тастағанда пікір екіге жарылғаны да жасырын емес. Тіпті бұл ойды абсурд санағандар да болған. Алайда Мемлекет басшысының арманы орындалды. Сол дәуірдің барлық шындығы кинокартинада көрініс тапқан. Президенттің нар тәуекелі халықтың еңсесін көтеруге бағытталғаны анық. Дағдарыс дауылы жұртты жабықтырған сәтте жаңа идеялар керек еді. Соның бірі ретінде Астана ауыстыру туралы тарихи шешімді айтуға болады. Фильмнің режиссері Ақан Сатаев осыған баса назар аударған. Елорданың жиырма жылдық тарихы хронологиялық жолмен көрсетілген шығарма шынайылығымен баурай түседі. Алыстағы Ақмола. Иен дала. Елбасының тарихи әділеттілікке мойынсұна отырып, бабалар аманатын орындауы – ерлік. Көп адам тақыр далаға құрылыс жұмыстарын жүргізуден қаймығып, Президентті бұл шешімнен қайта бас тартуға үгіттейді. Тіпті жары Сара да ойын ашық жеткізеді. Бірақ «Менің ендігі тағдырым осы реформамен байланысты» дегенді алға тартқан Президент бәрінің аптығын басып, батыл шешімнен бас тартпайды. Елорданың дәулеті мен сәулетін арттырып, көлік-логистикалық инфрақұрылымын реттеу арқылы әлем танитын қалаға айналдыру жолында мүдделес жандар тыным таппай жұмыс істейді. Инвесторлар тартылады. Бәрі де болашақ үшін, Қазақстанның ертеңі үшін жасалған қадам. Астана ауыстыру реформасы шын мәнінде халықтың еңсесін көтеріп, жұрт жұмыспен қамтылып, жұмысы тоқтаған зауыттар іске қосылады. Бір сөзбен айтқанда, бір идея біраз түйткілдің түйінін тарқатуға себепші болғанын ел түйсіне түседі. Табиғаты тосын мінез танытатын арқа төсіндегі Ақмоланы елорда ретінде таңдаған Президенттің ісіне күлген елшілер де кездеседі. Алайда Елбасының идеясын утопия санағандардың сөзі жоққа шығады. Хронологиялық сюжеттер кешегі елорда мен бүгінгі Астананың бет-бейнесін ашып көрсетеді. Фильм тәуелсіз елдің тағдырын, дербес мемлекет ретіндегі тарихының бастауын, Президенттің іскерлігін көрсете отырып, жас ұрпаққа мол тағылым береді. Қысқасы, Елбасы ерлігін баяндайтын фильм көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. Жедел шешім, динамика, батырлық көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Аталған фильмде Елбасы рөлін актер Мұрат Ахманов сомдаса, Президенттің сыртқы келбетін әрлеген танымал голливудтық гример Марк Кульер екен. Бұл фильмнің көрсетілімі келесі күні «Астана парк» кинотеатрында жалғасын тапты. Кинокартинаны көруге өңірдегі лауазымды қызметте жүрген азаматтармен бірге қала тұрғындары көптеп жиналды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.