Саясат

«erlik.кz» сайты ашылды

«erlik.кz» сайты ашылды

Тарихын ұмытпай, елдің өткені мен болашағын жалғаған халықтың ертеңі жарқын екені анық. Осы тұрғыдан алғанда 2018 жыл жамбылдықтар үшін есте қаларлықтай болды десек, артық айтқандық емес. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, «Ерлік» мемориалды кешені ашылды. Майдангерлер алдындағы ұрпақ парызы өтелді. Тараз қаласындағы «Ғибрат» орталығында өткен шарада облыс ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері осылай дейді. Облысымыздан 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына шақырылған және соғыстан кейінгі жылдары осы өңірге келіп, еңбек еткен азаматтардың тізімі жинақталып, облыстық архивтің көмегімен электронды нұсқасы дайындалыпты. Тізімді жинақтау 1 наурыздан басталып, сәуір айының ортасына дейін жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде «Жеңіс» саябағындағы ескерткіш тақтаға 105 мыңнан аса соғыс ардагерінің есімі қашалып жазылғаны белгілі. Ал майдангер атасы мен туысы туралы дерек іздеп, ол жайлы бір белгі қалсын деушілер іздеуді тоқтатпаған еді. Елі үшін от кешкен ерлердің есімін ортақ тізімге қосуды сұраған жамбылдықтар өтінішпен қайырылып, соның негізінде тағы қосымша тізім жасалған екен. Желтоқсан айына дейін толықтырылғаны –705. Осы сауапты істі одан әрі жалғастыру мақсатында облыстық архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық мемлекеттік архив «erlik.kz» ақпараттық сайтын әзірлепті. Сайтта жауынгер батырларымыздың өмірбаяны, майданға шақырылған әскери бөлім атауы туралы ақпараттар орналастырылған. – Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен биыл өңіріміздің рухани өмірінде көптеген жаңалықтар болды. Жыл басынан бері мәдени ошақтар қалпына келтірілді. Соның бірі – «Ерлік» мемориалдық кешені. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгер аталарымыздың тізімі анықталып, нақтыланды. Сол игі істердің жалғасы – бүгін ұйымдастырылып отырған «Мәңгілік ерлік, өшпес даңқ» ұранымен «erlik.kz» ақпараттық сайтының ашылуы. Сайттан майдангерлеріміз туралы барлық ақпаратты қарап білуге болады. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған игі бастама, – деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев архив қызметкерлерінің атқарған тынымсыз еңбегіне алғыс айтты. Шарада архив құжаттары негізінде Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жан аямай еңбек еткен әйелдер туралы деректер мен дәйектер жинастырылған «Солдат жары» деген кітаптың тұсауы кесілді. Кітап авторы Мақұлбек Рысдәулет: «Бүгінге дейін архив қызметкерлері ұжымдасып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы облысымыздың тыныс-тіршілігі, майдандағы, тылдағы ерлігі туралы 6 кітап шығардық. Алғашқы «Мәңгілік ел» деген кітапты жалпылама жазсақ, кейін соның ішіндегі әр бөлімі жеке-жеке кітап болып басылды. 105 мың адамның тізімін жаздық. Негізі майданға аттанған жамбылдықтар – 70 мың. Қалғанының бәрі соғыстан кейін осында келіп жұмыс істегендер. Біз бөле-жармай олардың да аты-жөндерін енгіздік. 19 Кеңес Одағының Батыры Әулиеата жеріне кейіннен келген, бұл жерде туып-өспеген. Бірақ мынандай заңдылық бар: қай әскери комиссариаттан шақыртылса, сол жердің адамы болып есептеледі. Біздің өңірден шақыртылып, Батыр атағын алған 21 жауынгер бар», – деген М.Рысдәулет Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Архив – 2025» тапсырмасын іске асыруға байланысты алдағы уақытта қандай жұмыстар жүргізілетініне тоқталды. Шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Архив саласы Ұлы Отан соғысы тақырыбында көптеген ізденіс жұмыстарын жүргізіп, бірнеше кітапты жарыққа шығарды. «Солдат жары» – сол тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесі. Бұл кітапта өзім көзін көрген Ұяткүл мен Тәліпбектің бір-біріне жазған хаттары топтастырылған және Ұяткүлдің соғыс жылдарында тылдағы еңбегі де баяндалған. Бәрі де өмірде болған адамдар туралы жазылған», деді. Ал облыстық «Аq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы сайт жұмысын одан әрі жетілдіру мақсатында майдангерлердің естеліктерін беруді және «Ерлік-ТВ» каналын жүргізуді, баспасөз құралдарында жарық көрген журналистердің мақалаларын осы сайтта жинақтау туралы ұсыныс айтты.

Камила Борашова