Қаржылық есептілік ұдайы бақылауда
Қаржылық есептілік ұдайы бақылауда
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы №234 «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiктiң мақсаты мүдделi тұлғаларды жеке кәсiпкерлер мен ұйымдардың қаржылық жағдайы, қызметiнiң нәтижелерi және қаржылық жағдайындағы өзгерiстер туралы толық және дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.
Есеп беруге қойылатын негізгі талаптар: бухгалтерлік есеп жүргізудегі барлық көрсеткіштерді бір-бірімен қатаң түрде үйлестіру, бухгалтерлік пен жедел-статистикалық есеп берудің сабақтастығын сақтау, заңнамалар, әдістемелік және басқа да ережелерді сақтау болып табылады. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы №392-V ҚРЗ «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 14-бабына сәйкес, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігіне, оның ішінде шоғырландырылған қаржылық есептілігіне және мемлекеттік мекемелердің қаржылық-есептілігіне тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жыл сайынғы аудит жүргізеді. Қаржылық есептілік аудиті – мемлекеттік аудит объектісі қаржылық есептілігінің, бухгалтерлік есебінің және қаржылық жай-күйінің анықтығын, негізділігін бағалау. ҚР Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан, ҚР Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің тапсырмасын орындау мақсатында, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Жамбыл облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің қаржылық есептілігі деректерінің айқындығы мен анықтығы негізділігін анықтау бойынша аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар нәтижесінде «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Жамбыл облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінде 19226,8 мың теңгеге және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінде 2285,5 мың теңгеге қаржылық есеп беруді бұрмалаушылыққа әкеп соққан қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұрмаланған есеп бергені үшін мекемелердің лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 238-бабының 1-бөлігі 2-тармақшасына сәйкес, бұрмаланған қаржылық есептiлiк жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Бүгінгі күні салынған айыппұл жалпы сомасы 541,1 мың теңге толығымен бюджет есебіне өндірілді.
Алмас ДҮЙСЕНБАЕВ, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы.