Саясат

ҚЫЛМЫСТЫ АШУ – ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ШЫДАМДЫЛЫҒЫН ШЫҢДАЙДЫ

ҚЫЛМЫСТЫ АШУ – ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ШЫДАМДЫЛЫҒЫН ШЫҢДАЙДЫ

Елдің қамын ойлап, қоғамдық тыныштық пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау қызметкерлерінен халқымыз үлкен жауапкершілік күтеді. Кез келген тұрғын тәртіп сақшыларын қорғаным, қысылтаяң тұста арқасүйер тірегім деп біледі. Рас, кейбір кезде келеңсіз жайттар полиция қызметкерлерінің атына кірбің де түсіріп жатады. Бірақ жалпы алғанда ел тыныштығының тірегі, азаматтардың Конституциялық құқығының қорғаушысы бола білу біздің тікелей міндетіміз болып қала бермек. Ол үшін құқықтық қызметте жүрген әрбір полицейдің кәсіби білімі мен біліктілігі сақадай сай болғаны абзал. Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажеттігі жөнінде нақты міндет жүктеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Сонымен қатар қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр» деген болатын. Оған қоса, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функиялардан арылту керектігі мен үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттау, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері де Елбасының назарынан тыс қалмады. Бұл ретте, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан мойынқұмдық полицейлер жергілікті тұрғындар алдындағы өз міндетін адал атқарып жүр деуге әбден болады. Аудандағы қылмыс санының жыл санап азаюы бұған нақты дәлел бола алады. Мәселен, аудандық полиция бөліміне қарасты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ағымдағы жылдың 11 айында 109 қылмыс тіркелсе, өткен жылы 157 қылмыс тіркелген болатын. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс саны 30,6 пайызға төмендеген. Сондай-ақ өткен жылы қылмыстың ашылу пайызы 87,7 болса, биыл бұл көрсеткіш 89,1 пайызды құрап отыр. Демек, қылмыстың ашылу деңгейі де едәуір артқан. Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген жедел профилактикалық іс-шаралары нәтижесінде былтырғы жылдың 11 айында 23 қылмыс тіркелсе, биыл бар болғаны 8 қылмыс орын алған. Бұл да өз кезегінде жергілікті полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жұмысы мен кәсібилігінің арқасы деп ойлаймын. Бұдан бөлек, көшеде жасалған қылмыс – 77,8, мас күйінде жасалған қылмыс – 5, топ болып жасалған қылмыс – 41,2, кәмелеттік жасқа толмағандардың жасаған қылмысы – 50, бөтеннің мүлкін ұрлау 22,4 пайызға төмендеп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың 11 айында 167 азамат профилактикалық есепке алынды. Оның ішінде мерзімінен бұрын босатылғандар саны 7-еу болса, әкімшілік қадағалауға алынғандар – 2, қорғау нұсқамасына шығарылғандар – 71, ерекше талап белгіленген – 3, бұрын сотты болған – 4, спирттік ішімдікке құмар азамат ретінде – 17, нашақор ретінде – 12, психикалық ауыратындар – 2, жасөспірімдер – 5 және пробация желісі бойынша 40 адам есепте тұр. Негізінен аудан тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысатындықтан, көбінесе мал ұрлығы орын алады. Сондықтан жергілікті құқық қорғау қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу, ұрылардың ізіне түсіп, оларды ұстау сынды шараларды уақтылы атқаруға машықтанған. Аталған мәселе бойынша біздің сақшылар өткен жылдың есепті мерзімінде 15 ұрының ізін кессе, биыл 12 қылмыскерді құрықтады. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні аудандағы ахуал тұрақты бақылауда болғандықтан заң бұзушылықтардың жолы кесілуде. Жалпы Мойынқұм жер көлемі жағынан өңіріміздегі ең үлкен аудан болып саналады. Оның табиғи байлығы да өз алдына бір төбе. Осы орайда, аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің алдында ауданның тұмса табиғатын қорғау бойынша да үлкен жауапкершілік тұрғанын айта кеткен жөн. Мысалы, биылғы жылдың 11 айында дәл осы табиғатты қорғау бойынша ауданда 37 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Сонымен бірге өзендер мен көлдердегі, су қоймаларындағы балықтардың ұрық шашу науқаны кезінде және басқа да уақыттарда оларды сақтау, сондай-ақ заңсыз балық аулау, сату, сыртқа контрабандалық шығарудың жолын кесу мақсатында өткізілген іс-шаралар кезінде 12 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталды. Бұдан өзге жыл басынан бері сексеуіл ағаштарын заңсыз сындыру мен тасымалдауға қатысты 9 қылмыстық іс анықталып, Мойынқұм аудандық сотына жолданды. Қорыта айтқанда, қылмысты ашу – құқық қорғау қызметкерлерінің қажырлылығы мен шыдамдылығын шыңдайтыны сөзсіз. Оған қоса, қандай да бір орын алған оқиғаға дер кезінде терең үңіліп, шұғыл қимылдауын талап етеді. Елбасының өзі биылғы Жолдауында: «Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс» – деп, ерекше атап өтті. Бұл ретте, өңіріміздің құқық қорғау қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып, ел игілігі үшін аянбай еңбек етеді деген сенімдемін.

Мақсат ЖАМАНҚҰЛОВ, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі.

Мойынқұм ауданы.