Экономика

Заңсыз аң аулаудың залалы көп

Заңсыз аң аулаудың залалы көп

Жасыратыны жоқ, бүгінде заңсыз аң аулау күнкөрістің бір түрі болып отыр. Соның кесірінен қазіргі таңда аймақта аң-құстардың сиреуі, тал-дарақтың азаюы экологиялық апаттың қылаң беруіне әкеліп соғуда. Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жүргізілген 1376 рейдтік тексерудің нәтижесінде 334 заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы облыс әкімінің өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің директоры Кенжебек Абай және табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы, «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің бөлім басшысы Ерназарбек Жантаев айтып берді. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Күнтуұлы өңірде мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайтынын, оның 2,3 миллион гектары орманды жерлер екенін тілге тиек етті. Айта кету керек, үстіміздегі жылдың шілде айында облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аталған басқарманың жанынан жаңадан құрылған «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің жұмысы жанданып, бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Нақтырақ айтсақ, мекеме құрылған сәттен бастап өз ісінің білікті мамандары жұмысқа қабылданып, олар қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұдан өзге маусым айында аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жануарлар дүниесін, табиғатын сақтау және көбейту туралы арнайы декларация қабылданып, онда Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді, олардың тамырларын, гүлдерді пайдаланбауды және тыйым салынған жерлерде немесе әуесқойлық мақсатта аң-құс аулауға болмайтындығы жөнінде анық айқындалыпты. – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мамандарының табиғи заңдылық бойынша 11 айдың қорытындысы бойынша 1376 рейдтік шаралар жүргізілді. Бұл жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 334 заң бұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылды. Соның есебінде азаматтарға 3,084 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ұсталғандардың ішінде 8 азаматтың ісі сотта қаралып, 4 азаматқа 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – деді А.Әділбақов. Ал «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» мекемесінің директоры Кенжебек Абай бүгінгі күнге дейін жүргізілген 11 рейдтің нәтижесі бойынша 22 заң бұзушылық дерегі анықталғанын жеткізді. – Аң-құстарды қорғау ісі бойынша 21 оқиға анықталып, 1 875 900 теңге айыппұл салынды. Мәселен, қараша айының басында Мойынқұм аудандық ерекше қорғалатын табиғи аумақтың «Аңдасай» қаумалында заңды белшесінен басып, аңшылық жасаған 4 бірдей азамат құрықталды. Бүгінде олардың ісі аудандық сотқа жолданып, сот шешімімен заң бұзушылардың суық қарулары мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ заң бойынша олардың әрқайсысына 168 350 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Айта кетерлігі, осындай заң бұзушылыққа жол бергендердің қатарында Мойынқұм аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы да бар. Оның 1 ұңғылы МР-155 маркалы қаруы мемлекетке өткізіліп, өзі 2 жылға дейін аң аулау құқығынан айырылды, – деді К.Абай. Басқосу соңында аң және жануарлар дүниесін қорғауда 29 жұмыс өтілі бар тәжірибелі маман Ерназарбек Жантаев өңірде жылдан-жылға аң-құстың азайып бара жатқандығын қынжыла айтып, оның себебін заңсыз аң атушылардың қаруларының жетілуімен байланыстырады. Мәселен, 1 шақырымнан аңды ататын суық қарулар мен түрлі жарық шамдар аң аулау жолдарын жеңілдеткен. Сондықтан ол аң аулаушыларға рұқсат етілген 46 аңшылық шаруашылық жерлерде ғана аң ауласа деген тілегін жеткізді.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ