Экономика

Жарық та, жылу да сыйлаймыз

Жарық та, жылу да сыйлаймыз

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="92536,92537,92538"]

Энергетиктер күні – елімізде жыл сайын желтоқсан айының үшінші жексенбісінде ресми түрде атап өтілетін энергетикалық жүйелерді құруға және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысы бар барлық сала мамандарының кәсіби мерекесі. Кез келген мемлекеттің күш-қуатының басты көрсеткішінің бірі де осы – энергетика саласы. Оны экономиканың күретамыры, басты тірегі деуге де болады. Бұл мереке биыл әлемнің Төртінші революция дәуіріне, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ғасырына аяқ басуымен тұспа-тұс аталып өтілуде. Жалпы, энергетиктер қауымы өңір халқын жарықпен үздіксіз қамтамасыз етуде ерен еңбектің үлгісін де көрсетуде. Бүгінгі нақты өмір жағдайы мынадай, өңірдің экономикалық көрсеткіштері мен индустриясының өсуі жұмыс істеп тұрған және құрылысы жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы нысандарының энергия тұтыну қажеттілігі артуына да өз әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда әріптестеріміз облыстың экономикасы мен электр энергетикасы саласына өлшеусіз үлестерін қосуда. Сала ардагерлері О.Еспенбетовтің, Ә.Қасымбековтің, Г.Суховтың, Е.Көлбаевтың, С.Нұрмағанбетовтің, Р.Жүнісбековтің, З.Әбдікәрімовтің, М.Вавилинаның, М.Әлімбетовтің, сондай-ақ бүгінде арамызда жүрген Н.Махановтың, Ю.Кимнің, С.Даниевтің, О.Болжановтың, Л.Богдановтың, Қ.Омаровтың, В.Захаровтың, тағы басқаларының есімдері мен еңбектері мекеменің шежіре-тарихында әр кезде де сақталатын болады. Олар ТМД мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген және құрметті энергетиктері деген жоғары атақтарға әбден лайық. Бүгінгі күні бірқатарының есімдері желілік қосалқы стансаларға беріліп отыр. Әріптестеріміздің еңбек жетістіктері ҚР Энергетика министрлігі, Қазақстан электр энергетикасы қауымдастығы, облыс әкімдігі, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы тарапынан да лайықты бағалануда. Күзгі-қысқы жүктемелер ауқымының ешқандай апатсыз жүзеге асырылуы кәсіпорынның табысты жұмыс істеуін айқындаушы фактор болып табылады. Бұған электр желілері қондырғыларының күрделі және ағымдық жөндеу, қайта жаңғырту мен жаңарту жұмыстарын тер төге жүзеге асыру да септесуде. Биыл барлық кернеулер деңгейіндегі 1586 шақырымдық электр тарату желісіне күрделі жөндеу жүргізіліп, 329 трансформаторлық қосалқы станса жарақтандырылудан өтті. 8058 шақырым электр тарату желісі ағымдық жөндеумен, 1212 трансформаторлық қосалқы станса қондырғылармен қамтылды. Жөндеу қызметін жүзеге асыруға жұмсалған шығын сомасы 454,6 миллион теңгені құрады. Жұмысшылардың тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында Талас, Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандық электр тарату жүйелеріне қарасты өндірістік ғимараттарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Новотроицкая», «Қорағаты», «Тәтті», «Қант зауыты», «Молдыбай», «Марат» қосалқы стансалары жанындағы өндірістік-тұрғын үйлік ғимараттар, «Әбдезім-220» қосалқы стансасы мен «ЖЭС» ЖШС өндірістік қызметінің қызметтік бөлмелері, оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз етілген жаңа компьютерлер орналастырылған метеорологиялық зертхана ағымдық жөндеумен қамтылды. Бұдан тыс биыл инвестициялық бағдарлама бойынша да ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Біздің серіктестігіміз табиғи монополиялық нысан болып табылады және өзіне жүктелген міндетке сәйкес электр қуатын өткеру және бөлу қызметтерін атқарады. Нақтырақ айтқанда, біздің облысымыздың 28 әлеуетті тұтынушысына, оның ішінде «ЖЖС-2030», «Теміржолэнерго», «Алтыналмас-Энерго», «Қазфосфат» ЖШС-тарына, «Қазақмыс» корпорациясына, «Тараз Су», «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарына электр энергиясын өткеруді жүзеге асырады. 2018 жылы «ЖЭЖ» ЖШС жүйесіне 1529,8 миллион кВт/с электр энергиясы қабылданып алынды, оның тұтынушыларына пайдалы өткерілімі 1199,7 миллион кВт/с-ты құрады. Бұл жағдайда нақтылы шығын 16,04 пайыз көлемінде тіркелді. Бұл 2017 жылдағымен салыстырғанда 0,09 пайызға төмен көрсеткіш. Міне, мұның барлығы да кәсіпорынның электр желісі шаруашылығын 2018-2019 жылдың күзгі-қысқы кезеңі ешқандай апатсыз өткерілуіне мүмкіндік беріп отыр. Ағымдағы жылы мекемемізде 210,4 миллион теңгенің осыған ұқсас ауқымды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Осы орайда орталық электр жүйесі стансасы, Тараз қалалық, Талас, Сарысу, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандық электр жүйелері құрамдарының жұмыстарын ерекше атап өтуге тиіспіз. Бүгінде Тараз қалалық және барлық аудандық электр стансаларында апатты жағдайлар кезінде шұғыл қызмет көрсету бригадалары құрылғаны баршаға мәлім. Тәуліктік режімде жұмыс істейтін аталған ықшам топтар тиісінше арнайы автокөліктермен, диспетчерлік орталықпен радиобайланыс жүйесімен, қажетті жабдықтармен, қорғаныс құралдарымен жеткілікті жарақтандырылған. Соңғы жылдары сала еңбеккерлерінің айлық жалақыларының көлемі жыл сайын арттырылумен келеді. Бүгінгі күні кәсіпорында орташа еңбекақы деңгейі 113,7 теңге көлемінде қалыптасып отыр. Келер жылдың қаңтар айынан бастап еңбекақы көлемінің тағы да 10 пайызға көбейтілуі күтілуде. Мекеме жұмысшы-қызметкерлері жыл сайын жеңілдікпен берілетін жолдамалар бойынша Ыстықкөлге барып демала алады. Биыл аталмыш демалыс аймағында 102 азаматтың балаларымен бірге демалып қайтуына мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ кәсіподақ комитеті тарапынан қасиетті Рамазан айы қарсаңында 73 азаматтың Түркістан қаласындағы киелі орындарға зиярат ету сапарлары ұйымдастырылды. Салада көп жыл еңбек еткен азаматтарды марапат қағаздары мен қаржылай және заттай бағалы сыйлықтар табыс етілуімен құрметті демалысқа шығарып салу ісі де жақсы дәстүрге айналуда. Мекемемізде соғыс және еңбек ардагерлеріне, тұрмысы нашар отбасыларына ұдайы қамқорлық көрсетіліп тұрады. Ұжым мүшелері түрлі деңгейдегі спорттық шаралардан да тыс қалмайды. Олардың арасында бұл тұрғыда айтулы жетістіктерге қол жеткізгендері баршылық. Жалпы біз өз мамандығымызды мақтан етуге тиіспіз. Өйткені энергетика саласының халық үшін қажеттілігі де, маңыздылығы да орасан зор. Биыл аяқталғалы отырған жылдың қорытындысы бойынша алдымызға жаңа міндеттер қойылуда, шешімін табуы тиіс мәселелер бұрынғыдан да күрделі, ауқымды бола түсті. Алда кездесер қиындықтар мен кедергілерді ересен еңбегімізбен бірлесе еңсере беретінімізге сеніміміз мол.

Әлихан ЖАРБОЛОВ, «Жамбыл электр желілері» ЖШС-ның бас директоры.