Білім

«Ақкербездің» аруы топ жарды

«Ақкербездің» аруы топ жарды

Сан түрлі бишілер аламанында облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүрген бишілер ансамбльдері баршылық. Солардың бірі – «Ақкербез». «Ақкербездің» арулары көптеген түрлі деңгейдегі байқауларда өздерінің өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, лауреат атанып келеді. Осынау үрдіс жуырда тағы жалғасын тапты. Бұл жолы «Ақкербездің» аруы жекелей сында үздік атанды. Алматы қаласында Дәурен Әбіровтің 95 жылдығына арналған «Үкілі биші» атты қазақ бишілерінің республикалық байқауы ұйымдастырылды. Мың бұралған таланттардың додасына еліміздің кіл мықты өнерпаздары қатысып, бақ сынады. Өнер аламанына жамбылдық үміткерлер де аттанған-ды. Жоғары деңгейде өткен бишілер байқауы жамбылдықтар үшін ақжолтай хабармен аяқталды. Республикалық байқауда бақ сынаған «Ақкербез» би ансамблінің бишісі Гүлнұр Қасымбек сенім үдесінен шығып, жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Бишілер додасына тастүйін дайындалып барған ол тамаша өнер көрсете білді. Талапқа сай өнер көрсете алған Гүлнұрдың мықтылығын майталман мамандар да мойындады деуге толық негіз бар. Ару қала Алматыда өткен өнер сайысында мың бұрала би билеген Гүлнұрға бірінші орын бұйырды.

«Aq jol-Aqparat».