Тарихи күнге толайым тартулармен
Тарихи күнге толайым тартулармен
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="92504,92505,92506"]
мереке қарсаңында облысымызда көптеген жаңа нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде еліміздегі әрбір отбасының баспаналы болуының жаңа мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылғаны белгілі. Соның бірі – «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үйге қол жеткізу. Сондай-ақ бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасымен ипотекалық негізде тұрғын үй салуға және сатып алуға болады. Осы қанатқақты жобаның облысымызда жүзеге асырылуы қуантарлықтай.
Тараз
Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласындағы №15 шағын ауданында көп қабатты тұрғын үйлердің ел игілігіне берілуі бұған нақты дәлел бола алады. Еліміз егемендігін алғалы бергі 27 жылдың ішінде қалада 1 миллион 420 шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліпті. Ал биыл тапсырылатын тұрғын үйлердің жалпы аумағы 474 мың шаршы метрді құрап отыр. №15 шағын ауданында бой көтерген көп қабатты 10 тұрғын үйдің 9-ы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріліп, пәтер кілттері иелеріне салтанатты жағдайда тапсырылды. Қалған көп қабатты бір тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ұлық мереке – Тәуелсіздік күніне орай біз №15 шағын аудандағы №24 үйдің ашылуы мен пәтер кілттерінің тапсырылуы салтанатының куәсі болдық. Аталған шағын аудан аумағында ұйымдастырылған шараны облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ашып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап: – Осы тәуелсіздік жылдары қабылданған бағдарламалардың арқасында біздің өңірде де бірталай игі істер атқарылды. Соның айғағы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасында айтылғандай, бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылған көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Жалпы облыста осы уақыт аралығында жыл қорытындысы бойынша 474 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Бұл былтырғыдан 30 пайызға артық. Осы көрсеткіш бұдан кейінгі жылдарда да арта түседі деген сенімдеміз. Оған бүгінде барлық мүмкіндік бар. Ал алдағы жылдарға қойылған межеге сәйкес аталған шағын ауданда көп қабатты 580 тұрғын үй, 969 жеке тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, олар ел игілігіне тапсырылатын болады. Бүгін алған үйлеріңіздің керегесі берік, шаңырағы биік болсын, – деді. Жаңа пәтер кілтіне ие болған көп балалы ана Камшат Кашкеева: «Бүгін біз айрықша қуанып тұрмыз. Көптен күткен пәтердің кілті қолымызға тиді. Елбасы Жолдауларының бір бағыты – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету болса, біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасында көтерген «7-20-25» бағдарламасы аясында үш бөлмелі пәтер алдық. «Тұрғын үй жинақ банкіне» төрт жылдан бері ақша салып отырдық. Енді, міне, Тәуелсіздік күні армандаған өз баспанамызға да қол жеткізіп отырмыз, – деп қуанышымен бөлісті. Елбасы ТМД аумағындағы ең ірі полигондардың бірі құрлық әскерлерінің «Мәтібұлақ» полигонында болған кезінде өңірлерде аумақтық әскери бөлімдерді ашуды тапсырған болатын. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Елбасы тапсырмасына орай облыс орталығындағы Қорғаныс министрлігінің 99205 әскери бөлімі орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысанның салтанатты ашылуы өтті. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Жақсылық Орынбасарұлы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық қорғанысы бас басқармасының өкілі, полковник Нұрлан Рүстемов және аталған бөлімнің командирі, подполковник Әлжан Зейнелғабитұлы қатысты. Аталған нысанның салтанатты ашылуы рәсімінде 99205 әскери бөлімінің командирі, подполковник Әлжан Зейнелғабитұлы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2015 жылдың тамыз айында облыстық аумақтық бригада құрамасын орналастыру үшін ғимарат анықталып, оған жергілікті қазынадан тиісінше қаражат бөлінгенін тілге тиек етті. – Облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа бұл нысанды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз етіліп, құрал-жабдықтар алынды. Қазіргі таңда біздің әскери бөлім республика бойынша бірінші боп осындай ғимаратқа қол жеткізіп отыр, – деді ол. Бекболат Серікбекұлы Мемлекет басшысының аумақтық қорғаныс бригадасын құру тапсырмасы өңірімізде өз деңгейінде жүзеге асырылғанын жеткізіп: – Елбасы тапсырмасына сәйкес облысымызда аумақтық қорғаныс бригадасы құрылды. Бұл үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Бүгінгі ашылғалы отырған ғимаратта жаз айларында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде мұнда 12 адам жұмыс істейді, келешекте қызметкерлердің саны 26 бірлікке артпақ, – деді. Осы күні жаңа әскери нысан өз келушілеріне есігін айқара ашты. Іс-шараның соңы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.
Байзақ
Тәуелсіздік күні қарсаңында Суханбаев ауылдық округіндегі Көкөзек ауылында медициналық тірек ашылып, ел игілігіне берілді. Бұған дейін кішігірім, кәдімгі үйде орналасқан әлеуметтік нысанда ешбір жағдай қарастырылмаған еді. Жергілікті тұрғындар соны қанағат тұтатын. Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде жаңа ғимарат бой көтеріп, тұрғындар қуанышқа кенелді. Тамыз айында іргетасы қаланып, қысқа мерзімде пайдалануға берілген әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылу салтанатына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысып, көкөзектік тұрғындардың қуаныштарына ортақтасты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов Елбасы Жолдауының нақты іске асырылуының куәсі болып отырғанын, өңірде 39 алғашқы санитарлық көмек нысандарының 32-сі іске қосылғанын тілге тиек ете келе, медициналық көмекке деген қолжетімділіктің арта беретініне сенім білдірді. Рахматілдә Сегізбайұлы осыдан екі-үш жыл бұрын аудан аумағындағы он бір елді мекенде соттың шешімімен апатты жағдайда деп табылған денсаулық сақтау нысандарының былтыр үшеуі пайдалануға берілгенін, ал биыл қалған сегіз медициналық тірек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ел игілігіне ұсынылып отырғанын жеткізді. Көкөзек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймұхамбет Әмірханов тұрғындар атынан ризашылық білдіріп, ақ батасын берді. Мердігер «ASEM Building» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Еркебұлан Абдуллаев медициналық тіректің мейірбикесі Гүлвира Жолдасбековаға салтанатты түрде символдық кілтті табыс етті. Еңбек ардагерлері Шаймұхамбет Әмірханов пен Өмірбек Бүтінбаев нысанның лентасын қиған соң, қонақтар медициналық тіректің ішін аралап көрді. Заманауи талаптармен салынған нысанда ем-дом жасауға барлық жағдай жасалынған. Бір ауысымда бес адам қабылдауға мүмкіндік бар. Ғимарат іші жарық әрі жылы, заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, әйелдер қабылдау, сүзгі, қабылдау және тұрмыстық бөлмелер орналасқан.
Жамбыл
Аудан орталығынан 38 шақырым қашықтықта орналасқан Тоғызтарау ауылына ауызсу құбыры тартылып, 85 үйдің 837 тұрғыны ауызсумен қамтылды. Басты мереке қарсаңында ашылған нысанға республикалық бюджеттен – 160274,0 мың, облыстық бюджеттен 14127,0 мың теңге бөлінді. Құрылысты Данабек Жұмабеков басшылық ететін «Сұңқар-2002» ЖШС жүргізген. Күні кеше су жүйесінің тартылуын салтанатты түрде ашқан аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, қуаныштарымен бөлісті. Сөз алған ауыл тұрғыны Кендебай Оңғарбаев: «Бүгін біз үшін ерекше күн. Биыл қос қуанышқа кенеліп отырмыз. Жаз айының соңында ауылымызға бұрын-соңды төселмеген асфальт жол тартылды», – деп алғысын білдірді. Бұдан кейін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов пен ауыл тұрғыны Кендебай Оңғарбаев лентаны қиып, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауданның 6142 тұрғыны бар Пригородное ауылында да сумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру жұмысы аяқталды. Пайдалануға берілген нысанның құрылысын мердігер компания «Интеллект-Азия» ЖШС жүргізген болатын. Елді мекенге тартылған су құбыры 62 шақырымды құрайды. 2016 жылғы желтоқсанда құрылыс жұмыстары басталған су жүйесі жоспарға сәйкес келер жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда Біржан Жорабеков басқаратын тәжірибелі компания құрылысты мезгілінен 1 жыл бұрын бітіріп отыр. Осыған орай Қарой ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Махмұт Баталов аудан басшылығы мен мердігер компания құрылысшыларына елді мекендегі түрлі ұлт өкілдері атынан рахмет айтты. Ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жалғас Мұртаза ауылдық қауымдастық кеңесінің төрағасы Абай Мадалиевпен бірге нысанның лентасын қиды.
Жуалы
Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әуелі шипа іздеп, өзі тіркелген аумақтағы бастапқы медициналық мекеме көмегіне жүгінері анық. Мемлекет басшысының елді мекендердегі тұрғындардың денсаулығын түзейтін мекемелердің жағдайына бірінші кезекте көңіл бөліп, олардың жайлы да жарық ғимаратпен қамтамасыз етілуіне, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуына және білікті мамандармен толығуына баса көңіл бөліп отырғаны да сондықтан. Бұл бағытта ауданда ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл жаз айында Шақпақата, Ертай және Қошқарата ауылдарында денсаулық сақтау нысандары бой көтерген болатын. Аталған нысандар Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында емделушілерге есігін айқара ашты. Шақпақата ауылындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Ертай ауылындағы 5 келушіге арналған медициналық пункт ғимараттарының құрылыс жұмыстарын «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Қос ауылда денсаулық сақтау ұйымы ғимараттарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ал аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылы тұрғындарының да қуанышында шек жоқ. Мұнда 15 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Оның құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС жүргізді. Аса қысқа мерзімде салынып, пайдалануға берілген үш ауылдағы денсаулық сақтау нысандары талапқа сай. Бөлмелері кең, жылы, әрі жарық.
Қордай
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ауқатты ауылындағы жаңартылған сумен қамсыздандыру жүйесі пайдалануға берілді. Бұл жаңалық тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлады. Көптен күткен ауызсу мәселесі оң шешімін тауып, барлығы 67,234 километрді құраған құбыр арқылы енді әр үйге сапалы су келіп, көпшілік тұтынатын болады. Мердігер «Пырақ Құрылыс» ЖШС-ның еңбегіне ауқаттылықтар оң бағасын берді. Нысанда екі резервуар, екі сусорғыш стансасы, ультракүлгінмен залалсыздандыру ғимараты және 108 м3 су кернеуіш мұнара орнатылған. Ал жарық сөніп қалса, дизельдік электрстансасы іске қосылады. Мердігердің айтуынша, 100 метрден астам тереңдіктен шығатын судың сапасы жоғары, дәмі тәтті болады екен. Енді су жүйесі «Қордай су» КМК-нің қарамағына беріліп, кәсіпорынға жүйені күтіп-ұстау, төлемдерді жинау міндеті жүктеледі. Ауыл жұрты көп жиналған салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Болатбек Байтөле мен мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов келіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Ауыл тұрғыны Әділбай Семжанов ақсақал: «Бұл мерекені қуанышпен қарсы алдық. Себебі, соңғы жылдары ауызсу мәселесі күрделеніп кеткен. Сонау 1964 жылы орнатылған су кернеуіш мұнараның тозығы жеткен. Міне Елбасының бастамасымен үлкен жұмыс жасалды. Осы жұмысты атқарған азаматтарға мың да бір алғыс», – дейді. Бұл күні Ауқатты ауылында жаңа балабақша ашылды. Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Болатбек Байтөле, ауыл ақсақалдары Дүйсенбай Жұмабаев пен Ламзар Айдаров сөз сөйлеп, ата-аналар мен кішкентай бүлдіршіндерге ізгі тілектерін жеткізді. Осыдан кейін ақсақалдар лентаны қиып, ғимарат ішін аралап көрді. Кәсіпкер Бауыржан Рысқұлов балабақшаға 28,5 миллион теңге жұмсаған екен. Мұның бұл ісіне ризашылығын білдірген тұрғындар енді балабақша мәселесінің оң шешілгенін атап өтті. Төрт топқа бөлінген 100 балғынға білікті ұстаздар тәрбие беріп, бүлдіршіндердің үлкен азамат болып өсуіне үлесін қоспақ. Ал көрнекі оқу-құралдары балақайлардың санасы мен ой-өрісінің артуына септігін тигізері анық. Балалардың тамақтануы мен денсаулығына да аса көңіл бөлінген. Себебі бала тәрбиесі асқан жауапкершілікті талап етеді. Мерейлі мереке қарсаңында тірлігі мен бірлігі жарасқан Қаракемер ауылының тұрғындары да бала тәрбиесіне арналған заманауи нысанның ашылуына куә болды. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі, ауыл тұрғындары және өзге қадірменді қонақтар қатысты. Жұрт бір-бірін Тәуелсіздік күнімен құттықтап, балғындардың құтты қадамына игі тілектерін арнап жатты. Ең әуелі Қаракемер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозжаев сөз алып, ақ жарма тілегін жеткізді. Ауыл тұрғыны Ноғай Жайықбаев лебіз білдірді. Кейіннен Ерғазы Бозжаев пен Ноғай Жайықбаев ақсақалдар көпшілік алдында салтанатты түрде балабақшаның лентасын қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Жалпы, 100 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесінің жобалық құны 30 миллион теңгені құрайды. Ауыл тұрғыны, 4 баланың анасы Перизат Азахунова: «Ауданымызда көптеп балабақшалар ашылуда, міне бүгін біздің ауылымызда да осындай қуанышты сәт туды. Мұндай қуанышқа Елбасының саясаты мен Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Айта кететіні, балабақшада 22 азамат қызмет етеді, соның бірі мен, сол үшін кәсіпкер Гүлден Түзелге алғыс айтамын. Осындай балабақшалар елімізде көбейе берсін деп тілеймін», – дейді. Тәуелсіздік күніне орай Қордай ауылында «Сенім Қордай» балабақшасы есігін айқара ашты. Зәулім ғимараттың құрылысына 28,5 миллион теңге жұмсалған. Қордайлық кәсіпкер Даулет Орынбеков игі іс бастап, ата-аналар мен бүлдіршіндердің разылығына бөленді. Балабақшада 2-6 жас аралығында 100 бүлдіршіннің қазақ және орыс тілінде білім алып, шығармашылығын шыңдауға түрлі жағдай жасалған. Салтанатты тұсаукесер рәсімінде ардагер-ұстаз Сайма Амирханова сөз алып, барша қордайлықтарды аталған мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Сенім Қордай» балабақшасының меңгерушісі Қаламқас Күпесбай қонақтарға балақайлар үшін безендірілген әр бөлмені таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ауданда күні кеше ғана есігін айқара ашқан нысанның бірі – «Нұрсила әже» жекеменшік балабақшасы. Аудан орталығынан қоныс тепкен балабақша Қордайдың сәнін кіргізер ғимараттың бірі десек артық айтқандық емес. Қос қабатты зәулім ғимарат алыстан менмұндалап, көз тартып тұр. Ашылу салтанатына жиылған қалың жұрттың қуанышында шек жоқ. Бірі баласын, енді бірі немересін жетектеп келген әжелер де көп. Осынау қуанышпен бөлісуге келген Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай сөз алып, әуелі тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ауданның Құрметті азаматы Ақлима Қабылбаева мен ардагер-ұстаз Зәуре Жұмабаева барша қонақтарды айтулы мерекемен құттықтап, балабақша ұжымына сәттілік тіледі. Жетпіс бес орынға арналған ғимаратта тәрбиеленушілер үшін жағдайдың барлығы жасалған. Мұнда да үш тілде сабақ өткізіледі. Музыкаға, биге, спортқа әуестігі бар балалар үшін де керектінің бәрі қарастырылып, арнайы хореограф пен жаттықтырушы қызмет етеді. Осындай игі істі бастаған жеке кәсіпкер Лида Бегалиеваның еңбегін айрықша айта кеткен жөн. Сондай-ақ бұл балабақшаға ауданда ұзақ жылдар басшылық қызметте болған Нұрсила Оспаналықызының есімі берілген. Еліміз үшін ұлық мереке қарсаңында Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов, мердігер компания өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдастарын осындай үлкен қуанышты сәтпен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ырысбек Әбдібаев және ауыл тұрғыны Бердіқожа Нүркеевтер құттықтады. Мердігер «Астана энерго мастер» ЖШС директоры Мадияр Кутиев амбулаторияның бас дәрігері Әйгерім Еркибековаға символикалық кілтті табыс етті. Медициналық мекеменің лентасы қиылып, әжелер шашу шашып, одан соң жиналған қауым амбулаторияның ішін аралап көрді. 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияда тұрғындарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Ем-шара бөлмесі, зертханасы, ем-дом қабылдауға арналған төсектер, акушерлік бөлмесі бар. Дәрігерлер мен медбикелер қонақтарға әрқайсысын мақтанышпен көрсетіп, заманға зай ғимаратта ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік туғанын жеткізді. Жалпы жобаның құны 34 миллион 993 мың теңгені құраған. «СК АВС» ЖШС тапсырысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған медициналық мекеме ашылғанына ауыл тұрғындары да дән риза. – Ауылымызда осындай ғимарат қашан салынады деп жүр едік. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жандар аудан орталығына жүгірмей, өз ауылымызда-ақ ем-шара қабылдап, заманға сай медициналық көмек алатын күнге де жеттік. Бұл ең алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа деген қамқорлығының арқасы деп білемін, – дейді зейнеткер, ауыл тұрғыны Маржанкүл Джангарашова.
Талас
Айтулы мерекемен тұспа-тұс келген Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылында ауызсумен қамтамасыз ету және су-құрылыс ғимараты іске қосылды. Бұл іс өңірдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және жайластыру жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы құны 436 миллион 49, 9 мың теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын мердігерлік ұйым – «АКМ групп» ЖШС (директоры Ш Үсенбаев) жүргізген екен. Су-құрылыс ғимараты екі жерасты су қоймасы көмегімен тәулігіне 250 текше метр су жинау әлеуетіне ие. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Досмаханбет Әлиев қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ауыл ардагері Сағынбек Ахметов құттықтау сөз сөйлеп, облыс, аудан басшыларына алғысын жеткізді. Ғимарат лентасын қию құрметіне ауыл ақсақалдары Темірбек Баяқов пен Ерқасым Еркенов ие болды. Бұдан кейін аудан әкімі Д.Әлиев ғимарат іші мен бірқатар тұрғындардың үйлерін аралап көріп, судың қалай жиналып, жеткізілу барысымен танысты. Шын мәнінде де бұл қызыләуіттіктер үшін Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңындағы тамаша тарту болды.
Тұрар Рысқұлов
Тұрар Рысқұлов ауданы Мамайқайыңды ауылы шалғайдағы тау бөктеріндегі үш жүзге жуық тұрғыны бар елді мекен. Бұған дейін денсаулығына шағымданғандар Қайыңды ауылдық округінде орналасқан фельдшерлік-амбулаториялық пунктіне баратын. Арадағы 17 шақырым жол қиындық тудыратын. Көпшіліктің талап-тілегі ескеріліп, биыл ауылда бес келушіге арналған медициналық пунктің құрылысы аяқталып, жаңа ғимарат Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов, аудандық мәслиxаттың депутаты, аудандық орталық ауруxананың бас дәрігері Ш.Мырзалиев, ауылдық округ әкімі А.Асанбай, Қайыңды және Мамайқайыңды ауылының тұрғындары, ардагерлер мен жастар, медицина қызметкерлері қатысты. Медициналық пунктің ашылу рәсімінде лентаны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бижанов пен ауылдық ақсақалдар кеңесі мүшесі, ардагер Жақан Әліқұлов қиды. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданында барлығы 6 фельдшерлік амбулаториялық пункт, 13 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық пункт, 1 аудандық емхана, 1 ауылдық емхана, 1 аудандық аурухана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жақында ғана мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы Шолаққайыңды ауылында медициналық пункт, Қарақат ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктердің құрылыс жұмыстары аяқталып 2018 жылдың 30 қарашасында пайдалануға берілген болатын. Сондай-ақ биыл Тереңөзек, Ақбұлақ, Қайыңды дәрігерлік амбулаторияның жылу жүйесі газға ауыстырылды. Сонымен қатар ауруханаға 50 миллион 760 мың теңгеге медициналық құрал-жабдықтар алынып, жарақтандыру көрсеткіші 91,82 пайыз болды.
Шу
Шу ауданында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай төрт бірдей нысан пайдалануға берілді. Аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан Көкқайнар ауылдық округіндегі тұрғындар енді жаңадан ашылған медициналық мекеменің қызметіне жүгінетін болды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген нысанның құрылыс жұмыстарын «ДТА и Ко» мердігер компаниясы жүргізіпті. Ауылдықтардың көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Қайрат Досаев келді. Шара барысында Көкқайнар ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бекбосын Доланбаев жиналған көпшілікті Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, нысанның лентасын қиды. Сонымен қатар еліміздің басты мерекесі қарсаңында аудан орталығы Төле би ауылында орналасқан кәріз жүйесін және жабдықтарын қайта жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталып, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жаңғырту жұмыстары 2016 жылдың желтоқсан айында басталған бұл нысан республикалық бюджеттен қаржыландырылып, оған 2 миллиард 278 миллион теңге бөлініпті. Осылайша жиырма мыңнан аса тұрғыны бар төлебиліктер мереке қарсаңында үлкен қуанышқа бөленді. Кәріз жүйесінің ашылу салтанатында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазақбай Байжұманов сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті құттықтады. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «Тараз Строй – 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Бақтыбай Ахметовтің айтуынша, Төле би мен Абай ауылдарының арасын жалғайтын жолда орналасқан нысанның жалпы ұзындығы 11,100 шақырымды құрайды екен. «Қайта жаңғырту жұмыстары барысында Ресейдің «РОСЭКОСТРОЙ» мекемесімен келісімшарт жасап, биологиялық тазарту станциясын әкеліп орнаттық. Қазіргі кезде аудандағы «Ауызсу-Шу» мекемесінің мамандарына жаңа технологияны оқытудамыз. Жалпы, бұл кәріз жүйесіне жақын маңдағы 25 нысан кіретін болады», – дейді бас инженер. Дәл осы күні шулық тұрғындарға тағы бір тамаша тарту жасалды. Егемендігіміздің 27 жылдығында аудандағы 75 отбасы баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Айта кету керек, аталған тұрғын үйдің іргетасы өткен ғасырдың екінші жартыжылдығында қаланып, бүгінгі күнге дейін әбден тозығы жеткен еді. Оған қоса, жиырма жылдан аса уақыт қараусыз қалған нысанның қандай күйде болатыны айтпаса да белгілі. Бүгінгі күні 75 отбасының шаттық шаңырағына айналған тұрғын үйді қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталып, ол үшін облыстық қазынадан 415 миллион 175 мың теңге қарастырылыпты. Мұнда 3 бөлмелі 13 пәтер, 2 бөлмелі 44 пәтер және 1 бөлмелі 18 пәтер бар. Бұл пәтерлердің кілттері ең әуелі кезекте тұрған жалғыз басты аналарға, жетім балаларға, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге табысталды. Құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген «НИК Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аудан әкімі өз ризашылығын жеткізді. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алатын тұрғындарды Шу қаласының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қуаныш Қарғабаев құттықтады. Айта кетуіміз керек, жергілікті тұрғындар арасында «әскери қалашық» аталып кеткен «Жетісу» тұрғын үй алқабында №4 үйден бөлек, 75 пәтерлік үш бірдей көп қабатты үй орналасқан. Қанатқақты жоба ретінде №4 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстарын сәтті аяқтаған жергілікті билік алдағы уақытта алқаптағы барлық үйді тұрғындардың игілігіне беруді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар толық аяқталғанда аудандағы 300-ге жуық тұрғын баспанамен қамтылады екен. Сонымен қатар мереке қарсаңында Дулат ауылдық округі Бәйдібек ауылының тұрғындары фельдшерлік-акушерлік амбулаторияның ашылу салтанатына куә болды. Бар-жоғы 8 айдың ішінде бой көтерген аталмыш нысан 5 келушіге арналыпты. Мойынқұм ауданымен шекаралас орналасқан ауылдағы медициналық мекеменің құрылысын «Д квадрат Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, дер кезінде аяқтап отыр. Меркі
Меркі ауданында мерекеге орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бөлім басшысы Айнұр Келімбетова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, «Нұр-Перизат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ақбаев, №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Гүлжауһар Кушанова, аудан тұрғындары, ата-аналар қатысты. Ашылу салтанатында зейнеткер Советкүл Байбулатова, 20 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі немересінің денсаулығын түзету үшін арпалысып келе жатқанын айтып, өзі секілді ата-аналарға қол ұшын созған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғыс білдірді. Орталықтың ашылу салтанатына келген қонақтар құттықтауларын айтып, бейімдеу орталығына келетін мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығы жақсарып кетуіне тілеулестіктерін білдірді. Орталыққа облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан теледидар тарту етілді. Жалпы аудан бойынша 335 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соның 25-сі арнайы сараптамадан өтіп, осы оңалту, бейімдеу орталығына жолдама алып отыр. Мұнда асхана бөлмесі, жатын бөлме, дене шынықтыру бөлмесі, логопед психологтің, медициналық қызмет көрсету, ойын бөлмелері заманауи жиһаз, құралдармен жабдықталған. Ойын бөлмесі баланың ой-санасын жетілдіретін, дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы тренажерлермен жабдықталған. Ауданға белгілі меценат, демеушілер өз қолынан келген көмектерін көрсетіп отыр. Алла алдында парызым деп осы күні демеуші апайымыз балаларға арнайы мүгедек арбаларын алып берді. Ата-аналар енді осы орталықтан балаларының оңалып кететіндігіне сенім білдіріп, қуана тарқасты. Марат Құлибаев, Есен Өтеулиев, Альмира Омарова, Дүйсенбек Орманов, Мұхтар Манекеев, Нарбол Қашағанов.