Жамбылдық журналистер заманауи медианы жатсынбайды
Жамбылдық журналистер заманауи медианы жатсынбайды
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="92495,92496,92497,92498,92499"]
Мереке қарсаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруына «Жаңа медиа және болашақ» атты медиа форум өтіп, оған жергілікті БАҚ өкілдері, облыс әкімдігі басқармалары мен қала, аудан әкімдіктеріндегі баспасөз қызметінің мамандары қатысты. Форум модераторы танымал блогер, «Хабар» агенттігінің арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек болды.
Шараны облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали алғы сөзімен ашып, аймақ журналистикасында жаңа медианың рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Ал «Astana» телеарнасының жүргізушісі Жайна Сламбек бүгінде желі қолданушылары үшін толассыз ақпарат тасқынында деректің шынайылығына көз жеткізу қиындық туғызып отырғанын, қала берді рейтинг үшін сенсация іздеген сайттар да мардымды ақпарат алуды мақсат еткен аудиторияны әрі-сәрі күйге түсіретінін айтады. Оның пікірінше аудитория күткен ақпаратпен БАҚ-та таралатын мәліметтердің арасындағы қарама-қайшылықтың туындау себебі де осы. – Ақпарат берудің басты қағидасы – объективтілік. Біздің бұқаралық ақпарат құралдарында да шынайы ақпараттар таратылады. Бір қарағанда шындыққа сай келеді. Рас, мемлекеттік бағдарламар аясында жолдар салынып, газ тартылуда. Ауруханалар мен өндіріс орындары ашылуда. Алайда осы ақпараттардың қабылдау реакциясы берілу формасымен сәйкес келмей жатады. Неге? Біз шарды үрлеп, бояуын қалың етіп береміз. Ал қазіргі жағдайда жеткенімізбен жетпегенімізді айтуымыз керек. Ал оны айта алатын журналист халықтан екі қадам алда жүргені абзал. Ол үшін журналистке мол ізденіс қажет, – деді ол. Рас, қазақ журналистикасына жаңа медиа ұғымы енгелі бері басылымдардың дәурені аяқталғандай көрінген. Алайда «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторының орынбасары Қамбар Ахметов ретін тауып қолдана білгенге жаңа технологияны дәстүрлі БАҚ-тың көмекшісі ету ешқандай қиындық туғызбайтынын, керісінше газеттің танымалдылығын арттырудан бастап оның оқырманмен кері байланыс жасаудағы құралына айналатынын алға тартты. – Газет бір күнде 5-6 рет басылып шықса да ол интернет-журналистикамен иық теңестіре алмайды. Басылымдарды бәсекеге қабілеті ету үшін журналистер сараптамалық материалдар жазуға көшкені дұрыс. Сараптама оқиғаға өтіп кеткен соң оған баға беру сарынында емес, оқиға болмастан бұрын болжау қасиетіне ие болса өтімді болады. Қазір біздің газеттің сайтын қолданушылар саны 30 мыңға жетті. Сондықтан да желідегі оқырманның пікірімен санасып тұрамыз. Олардың көп талқылайтын тақырыптарын журналистеріміз жиі материалдарына арқау етеді, – деді Қамбар Ахметов. Ал медиа ақпараттық сауаттылық төңірегінде білгенімен бөліскен «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы әп-сәтте хабар таратын интернет журналистикада сауатты әрі шынайы ақпарат беру ісінің ақсап тұрғанына тоқталды. Ол рейтинг пен жалған статистика үшін жанын салатындарға ақпараттың шынайылығының құны көк тиын екенін қинала жеткізді. – Ақпаратты жедел таратуда дәстүрлі және жаңа медиа әлеуметтік желіге ілесе алмай келеді. Қазір халық ақпаратты «WhatsApp» мессенджерінен алады. Ондағы чаттан алған ақпаратын халық сол күйінде қабылдап, оның соңы үлкен дүрбелеңге әкеп соғуда. Бұл қарапайым тұрғынға медиасауаттылық қажет екенін көрсетті. Біле білсеңіздер жалған ақпарат тарату заңмен қудаланады. Одан соң әлеуметтік желіні пайдаланудың жас ерекшелігін шектеу де жаңа медиа үшін маңызды мәселеге айналды. Әлеуметтік желінің кей түрлеріне кәмелеттік жасқа толмағандарға кіру тыйым салынған. Алайда жасөспірімдер өз жасын ұлғайтып көрсету арқылы бұл кедергіні оңай еңсеріп жүр, – деді Есенгүл Кәпқызы. «QAZAQSTAN» телеарнасының жүргізушісі Нұрмұхамед Байғара жаңа медиадағы заманауи трендтерді қолдану жайына баса назар аударды. – Телеарналарға өз көрерменін ұстап тұру үшін олармен кері байланысты ұмытпауы керек. Әлемге танымал ВВС телеарнасында бұл қызмет 1936 жылдан жолға қойылған. Яғни қазіргі қазақ тележурналистикасына адаптация қажет. Демек, телеарна көрермен сұранысына қарай бейімділгені жөн. Бүгінгі көрермен бұрынғыдай 30 минуттық бағдарламаны көрмейді. Олар алғашқы 7 секундтан соң-ақ бейнекөріністен жалыға бастайды. Содан соң қазіргі журналистика да сараптама жанры ақсап тұр. Өкініштісі сол, сараптама шолу деңгейінде қалып келеді, – деді Нұрмұхамед Байғара. Форумның екінші кезеңінде «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығындағы жаңа медианы және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай мен «baribar.kz» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай ақпараттар ағыны толастамайтын шақта сапалы контент жасаудың қиыншылығы, конвергентті журналистиканы дамыту, әлеуметтік желіні оңтайлы пайдалану жайында өз ойларын ортаға салса, жергілікті БАҚ басшылары да аймақтағы жаңа медианы дамытудың жай-күйін тілге тиек етті. Шара соңы «Медиа ақпараттық сауаттылық», «Бейне көрініспен контент жасау», «SEO-ны пайдалану» тақырыптарындағы семинар-тренингке жалғасты.
Есен ӨТЕУЛИЕВ