Түркі дүниесін түгел қамтыған құжат
Түркі дүниесін түгел қамтыған құжат
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әңгіме өзегіне айналды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты түркі әлемінің тарихын қамтыған мақаласы қоғамда үлкен қозғау салғаны рас. Руханият пен тарихтың сақшысына айналған құжатты әлем елдері де басты әңгімеге арқау етіп жатқаны баршамызға мәлім. Шын мәнінде де «Ұлы Даланың жеті қыры» қазақ халқының рухын аспандатты.
Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Тәуелсіздік күні қарсаңында ТарМПУ-де «Ұлы Даланың жеті қыры – ұлтты ұйыстырған ұлы құндылық» тақырыбында конференция өткізілді. Жиынды об-лыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде аталмыш мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Президент еңбегінің жалғасы екенін сөз етіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде баяндады. Жиында ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты Президент мақаласының мәніне тоқталды. «Атыраудан Алтайға дейінгі аралықты ен жайлаған біздің бабаларымыз – ұлылар. Елбасы мақаласында атқа міну мәдениеті кеңінен сипатталды. «Қазақ жылқы мінездес» деген сөз текке айтылмаған. «Ұлы Даланың жеті қыры» – біздің тарихымыз, дәстүіріміз, мәдениетіміз», – деді ол өз сөзінде. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы тарихи тұжырымдарды алға тартады. Қазақтардың, түркілердің тарихы тым тереңде жатқанын айтып, ғұндар, сақтар, түркі қағанатының ұлт тарихындағы рөліне айрықша назар аударды. ТИГУ-дің ректоры Ерболат Саурықов өз сөзінде түркі әлемінің генезисі туралы толғана сыр шертті. «Генезис – кез келген дүниенің пайда болуы, түп-тамыры, шығу тарихы. Біздің эрамызға дейінгі үшінші-төртінші мыңжылдықтарда пайда болған тайпалар – түркілер. Сақтар мен ғұндардың дені түркі тілдерінде сөйледі. Кейбірі ғана Алтай тілдерін қолданды. Ол туралы Қытай жылнамаларында жазылған. Батыстық ғалымдар да мойындаған», – деген Ерболат Байұзақұлы түркі әлемінің генезизі туралы өзге де ойларын нақты деректермен сабақтастырды. Сондай-ақ ол өз сөзінде түркілердің алғаш пайдаланған жазу үлгісі жайында да әңгіме қозғады. Орхон-Енисей, Талас жазулары туралы кең тынысты хабарлама жасады. Түркі жазуларының пайда болуын дәлелдеген даниялық ғалым Вильгельм Томсеннің еңбегін де атап өтті. Жиын барысында облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сейітжан Ілияс, «Асыл Арман» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ринат Нұрақбаев тақырыпқа үн қосып, пікірлерін айтты. Шара соңында «Рухани жаңғыру» жобалық офистерінің өңірлердегі бірқатар қызметкерлеріне басқарма басшысы Берік Құрманғали Алғыс хат тапсырды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ