Әлеумет

Астана айшықтарында жамбылдықтардың да үлесі мол

Астана айшықтарында жамбылдықтардың да үлесі мол

Баймаханбет АХМЕТ

Осыдан 20 жыл бұрын еңсе тіктеген ел ордамыздың көркейтілуіне өңірлер тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер де аз емес. Мысалы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіші мұнда 2008 жылы тұрғызылған еді. Бұл – Астанаға батырдың туған жері Жамбыл облысының тартқан сыйы. Ескерткіш кейін батыр атындағы даңғылға, Есіл өзені жағалауы бойындағы өз атындағы саябаққа көшірілген. Ал биыл бас қаланың мерейтойына орай салынған велосипед жолының ұзындығы 12,36 шақырымдық №3 жер телімінде тиісті жұмыстарды іске асыру біздің облысымыздың еншісіне тиді. Жамбылдықтар басқа да кіші ескерткіш нысандарының құрылыс жұмыстарына атсалысты. Әулиеаталық құрылысшылар тарапынан көрсетілген көмектің ең шоқтығы биігі – «Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалы ұжымының Елбасы идеясынан туындаған тәуелсіздік нышаны – Астанадағы «Бәйтерек» монументінің құрылысына үлестерін қосуы болды. Аталған кәсіпорынның басшысы Вадим Деминовтің айтуынша, осынау таңғажайып нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жеңілге түсе қоймаған. Айта кету керек, сәулеттік мағынасы мен жасалуы жағынан әлем елдері тарапынан оң баға алған тәуелсіздік тұғыры металл құрастырмасы мен салмағы 1000 тоннадан жоғары бес жүзге жуық қададан тұрады. Сәулет өнерінің қайталанбас туындысының бірі болып есептелетін бұл монумент Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Оның биіктігі – 97 метр. «Бәйтеректің» жоғары бөлігінде орналасқан диаметрі 22 метрлік, салмағы 300 тоннаны құрайтын күннің түсуіне қарай өңін өзгертіп отыратын «хамелеон» әйнегінен жасалған алтын түстес алып шар әлемдегі ең үлкен шардың ең биікке көтерілуі бойынша тарихқа енді. Арнайы шынылармен әдіптелген «Бәйтерек» күмбезінің тұтас салмағы 70 тоннаны құрайды. – Бүгінде еліміздің ең биік әрі көрнекі нысаны саналатын «Бәйтеректің» құрылысына біз де айрықша ынтамен атсалыстық. Негізінен металдан, әйнек пен бетоннан жасалған «Бәйтеректі» «Имсталькон» АҚ металл құрастырушылары тұрғызған. Біз оның ұзындығы 90 метрден асатын металл баспалдағын жасап, оны орнатуда да белсенділік таныттық, – деп еске алады «Имсталькон» АҚ Жамбыл филиалының директоры Вадим Деминов. – Зауыттың әлеуеті орасан. Біздің кез келген ірі тапсырыстарды уақтылы әрі сапалы орындауға біліктілігіміз бен тәжірибеміз жетеді. Астанадағы «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысына да қосалқы мердігер ретінде қатысып, «Қазақстан» павильонын жабдықтап, кіреберіс бас қақпасын тұрғызып бердік. Аталмыш кәсіпорынның «Бәйтеректің» қабырғасында қолтаңбасы барын бүгінде әулиеаталықтар да орынды мақтаныш етеді. Осынау тәуелсіздік тұғырының шағын көшірмелерінің бүгінде облыс, аудан орталықтарында, тіпті аядай ғана ауылдардың өзінде көптеп еңсе көтеруі ел-жұрттың оған деген құрметі, ілтипаты айрықша елеулі екендігін де танытумен тұрғандай. Бұл жалпы елдің Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеудің айрықша маңызға ие екенін шынайы ұғынуы да секілді.