Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары
Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары
«Желтоқсан оқиғасы», «Желтоқсан толқуы», тіпті «Желтоқсан көтерілісі» деп те айтылып жүрген 1986 жылғы жастар қарсылығына биыл 32 жыл толады. Шын мәнінде, қазақ жастары кеңес одағында бірінші болып орталықтың отаршыл саясаты мен озбырлығына қарсы шықты. Журналист Коммунар Табеев қазақтың көзсіз батырларын сонау 1825 жылы Сенат алаңына шыққан декабристермен салыстырады.
Мен, Желтоқсан көтерілісінің куәгері ретінде, сол күндердің, қазақ жастарының ұлттық жігерін жанып, намысын таптаған тоталитарлық жүйеге өз сана-сезімдерінің қалауымен шыққанын, күрескенін мақтанып айта аламын. Сонау Желтоқсанда бас көтерген жастар туралы бар шындық жазылуы тиіс. Қыздардың ерліктері – ежелгі Тұмар әпкелерінің батырлығына пара-пар. Олардың жігіттермен бірге қол ұстасып, қасқайып, қызыл жендетке қарсы тұрып, ұлттық рухтары мен намыстарының жоғары болғаны дәлелдеуді қажет етпес. Бұл – бүгінгі жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің бастау-көзі. Жастарға қарсы «адам аулауға», ұрып-соғуға жалдамалы адамдарды шығару – шовинистік сорақылықтың барып тұрған оспадар түрі еді. Бұл тәсілді Г.Колбин қатты ұстанды. Ұялмай-қызармай әлгілерді «жасақшылар» отряды деп атады. Бүтін бір елдің ортасына өте үлкен әрі қуатты, көпке дейін шірімейтін сына қаққанын өзі де білген жоқ. Осы оқиғадан кейін кешегі достарымызбен бір сәтте «ата жау» болып шыға келдік, қазақ пен қазақ «ұрланып» сөйлестік. 20 желтоқсан күні трамвай айдаған бір әйелдің қазақ жігітін қағып, ұшырып түсіргенін өз көзіммен көрдім. Дабыл берсе қашып үлгеретін еді. Трамвайдың ішіндегі кезекті ашу-ыза қан төгуге ұласуға сәл-ақ қалды. 18-19 желтоқсан күндері кешкі асты айдаладағы «Ақсай-II» мөлтек ауданында үрейленіп, шам жақпай, тамақты да қорқынышпен іштік. Өйткені есік аңдыған жендеттер жастар тұратын пәтерге кіріп келе беретін. Келмесе де, келетіндей көрінетін. Сол күндердің басты батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков еді. Биыл Таразда сол ержүрек ұлдың атындағы саябақ қайта жаңғыртылып, еңселі ескерткіші бой көтерді. Бұл іске тек жамбылдықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар сүйсінуде. Содан болар еліміздің түкпір-түкпірінен телефон шалып, құтты болсын айтуда. Қаһарманның ескерткішінің қайта тұрғызылуы, оның мағыналы, еңсесі биік ескерткіш болып шығуы бәрімізді ерекше қуанышқа бөледі. Өйткені осыған дейін екі рет қойылған мүсін Қайраттың батырлығын, ерлігін көрсете алмаған еді. Бүгінгі кескін-келбеті керемет! Ол нағыз батыр, елі, Отаны үшін ешнәрседен қаймықпай алға, Тәуелсіздікке қарай ұмтылып келеді. Бүкіл саябақтағы керемет нысандар, желтоқсаншылардың рухын асқақтатып тұр. Көрікті, кешенді нысандар кімге болса да бойына қуаныш, мақтаныш сезімін құяды, адамды ерекше бір жақсы әсерге, шуақты нұрға бөлейді. Кешендер қатарының «Тәуелсіздік ұшқыны», «Желтоқсан толқыны», «Ғибрат» болып толыққаны қандай үйлесімді. Аты затына сай. Оған желтоқсаншыларға арналған музейді қосыңыз. Енді бұл жер желтоқсаншылардың рухына бас иген тұрғындардың сүйікті орнына айналары анық. Музей араласақ, сол күндерді еске түсіреді. Бұл нағыз батырлықтың кешенді көріністері айшықталған орталық болары хақ. Жастарға ұлттық рух беретін киелі де, қасиетті орынға айналары сөзсіз. Еліміздің жарқын болашағы үшін Қайрат жас кетті, қыршын кетті, құрбандық болды. Ескерткішке қараған сайын ол мәңгі жас күйінде, бүгінгі, одан кейінгі ұрпақтың ортасында қасқайып, ерлікке, елдікке шақырып тұрғандай болады. Сол үшін бүкіл желтоқсаншылар атынан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке рахмет айтқым келеді. Батырының рухын асқақтатқан азаматқа алғысымыз шексіз! Асқар Исабекұлы облысқа басшы болып келгелі өңірімізде оң өзгерістер орын алуда. «Ерлік» мемориалдық кешені және Қ.Рысқұлбеков саябағы – осы сөзіміздің дәлелі!
Мұрат БЕРДАЛИЕВ №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры, желтоқсаншы.
Тараз қаласы.