Экономика

Қорағатылықтар келешегіне сеніммен қарайды

Қорағатылықтар келешегіне сеніммен қарайды

Ақылжан МАМЫТ

Қорағаты ауылдық округі аудан орталығы Құлан ауылынан шалғайда орналасқан. Округтегі Қорағаты, Қорағаты стансасы, Аққайнар,Тойқұдық және Мамыртөбе елді мекендеріндегі 297 отбасында 1586 адам тұрады. Ауыл тұрғындары егін және мал өсірумен шұғылданады. Отыз екі шаруа қожалығы бар. Олардың арасында «Көкірек», «Аққайнар» шаруа қожалықтары және «Нұртау Әулиеата» ЖШС өздерін қажетті техникамен қамтамасыз етіп, аяқтарына нық тұрып келеді. Биыл округте егілген 6276 гектар масақты дақылдардың әр гектарынан орта есеппен 23 центнерден дән жиналған. Мал саны да өсіп келеді. Бүгінде мұнда меншіктің алуан түріндегі шаруашылық нысандарының иеліктерінде 1570 мүйізді ірі қара, 467 жылқы және 12800 қой бар.

Жалпы Аққайнар,Тойқұдық және Мамыртөбе – келешегі жоқ ауылдар санатында. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы экономикалық қиындықтарға байланысты аталған елді мекендерден жұрт үдере көшкені де белгілі. Қазір аталған ауылдарда бастауыш сыныптар жабылып, аз ғана үйлер қалған. Ол ауылдардағы оқушылар Қорағатыдағы мектеп-интернатта жатып оқиды. Балалар аптасына бір рет автобуспен тасымалданады. Округтегі бес елді мекен бір автомобиль жолының бойына орналасқан. Бүгінде Қорағаты орта мектебіндегі оқушылардың 40 пайызы ыстық тамақпен қамтылып отыр. Бұрын тұрғындар бүлініп, тозып кетуіне байланысты жол азабын тартып келген еді. Биыл Қорағаты және Мамыртөбе ауылдары аралығындағы 23 шақырымдық жол 260 миллион теңгеге орта жөндеуден өткізіліпті. – Тұрғындардың дені Қорағатыға шоғырланғандықтан, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуда елеулі шаралар жүзеге асырылуда. 2013 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылды. Ауылдық округтің бюджеті 20 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражатқа көшелердегі жолдар орта жөндеуден өткізілуде. Биыл осы елді мекендегі Ғ.Мұратбаев және М.Мәметова көшелеріне асфальт төселді. Келесі жылы Қорағаты ауылы мен Қорағаты стансасына «көгілдір отын» жеткізіледі. Олардың жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, бітуге таяу. Осындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттің ғимараты әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев келесі жылы оның орнына жаңа ғимарат салуға уәде беріп отыр, – дейді Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Әблазимов. Ауылда ұмтылғанға жұмыс табылады. Мұнда егін мен мал өсірем деушілерге мүмкіндік мол. Алайда жастар туған жерден жырақ кетуді әдетке айналдырған. Қорағаты мен Қорағаты стансасына газ жеткізілсе, жағдай қаладағыдан кем болмайды. Ауылдарды көркейту үшін елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Жасыл желекті көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Қорағатыдағы кітапханада кітап қоры 6763-ке жеткен. Қазір оның 376 тұрақты оқырманы бар. Кітапханашы Нағима Мұхамбетова оқырмандардың қатары көбейіп келе жатқанын қуана айтты. Елбасының туған жерді түлетуге шақыруына қорағатылық түлектер де өз үлестерін қосуда. Осы ауылдың тумасы, Астана қаласының тұрғыны Марат Досмайлов жерлестеріне жаңа мешіт салып беруге кірісіпті. Сондай-ақ ол тұрмысы төмен 20 отбасының балаларына қыстық жылы киімдер алып берген екен. Актер Азамат Сатыбалды 21 баланы мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етті. Балаларға демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер Сұлукүл Дәлебаева, Роза Бақтыбаева және Светлана Веретковаға қорағатылықтардың құрметі ерекше.

Т.Рысқұлов ауданы.