Әлеумет

Ұлттық сезім ұлы істерге бастайды

Ұлттық сезім ұлы істерге бастайды

Өз Отанының патриоты болу дегеніміз – Қазақстанды жан-жүрегіңмен сүйе білу. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Қазақ халқының тарихи даму үрдісіне зер салатын болсақ, әр дәуірдің, әр ғасырдың қоғамдық-тарихи дамуына байланысты ірі ұлт қайраткерлерінің болғанын білеміз. Әрбір қоғам өзінің даму барысындағы зиялы қайраткерлерінің педагогикалық ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірибесін зерделеп, заман талаптарына сай жетілдіріп, пайдаланып отырған. Сондықтан ғылыми практиканың бастауы деп санайтын ортағасырлық ұлы ойшылдар әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн және тағы басқалардың тарихи педагогикалық мұраларындағы педагогикалық ой-пікірлері ұлттық тәлім-тәрбиенің мазмұнын кеңейтіп, жас ұрпақты елжандылыққа, имандылыққа, патриоттық рухқа тәрбиелеуде тірек болуда. Бұл идеяларды ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев сынды ағартушылар, кешегі кеңестік жүйенің солақай саясатының құрбандары болған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, А.Ермеков тағы басқа белгілі қоғам қайраткерлері одан әрі жалғастырды. Қазақ халқының өткен тарихында ел қорғаған батырлардың ерлігі өлшеусіз. Ал ондай ерлер ел басына күн туғанда көрінеді емес пе ? Кешегі кеңестік дәуірде бауырлас, тағдырлас халықтардың қаншама азаматтарының басын жұтқан аждаһа соғыс – Ұлы Отан соғысы кезінде де қазақ ерлері батырлықтың, ерен ерліктің үлгісін жасады. Рейхстакқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, ержүрек ұшқыш Талғат Бигелдинов, батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова және тағы басқа ұл-қыздардың ерен ерлігі ұрпаққа үлгі-өнеге. Солардың ішіндегі бірегейі, халқының біртуар қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі тек қазақ еліне ғана емес бұрын одақ құрамына енген көптеген елдермен қатар Кубаға, Германияға, Францияға және тағы басқа Еуропа елдеріне де етене таныс. Ұлтжанды Бауыржан Момышұлының ешкімге ұқсамайтын дара мінезі, ерлікке толы ғұмыры – батырды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналдырып үлгерді. Осы есімді естігенде кез келген адамның бойына қайрат пен күштің толассыз ағыны келіп құйылғандай болады. «Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі адамның асыл белгісі мен қасиеті» деген екен батыр Бауыржан. Ары қарай «Патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, мемлекет деген ұғымды, оны жеке адаммен барлық жағынан, өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді», деп ер Баукең әрбір азаматтың ел, Отан алдындағы ер-азаматтық парызын айқын түсіндіріп берді. «Жастарымыз отаншыл болсын... Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырлармен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам патриот, отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған – өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ұлтын жақсы көрмеген – өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек», дейді тағы да батыр Баукең. Ол батырлығымен қатар, ұлтжандылығымен, патриоттық рухының жоғары екенін көрсете білді. Сөйтіп, елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, халықтың есінде қалды. Кеше ғана өмірден озған Шерхан Мұртазаның бүкіл іс-әрекеті патриоттық сезімге бағышталды. Қоғамда болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарап, ұлт мүддесін қызғыштай қорғап, өз ой-пікірін тайсалмай, ашық білдіріп жүрді. Парламентке депутат болған кезінде мінберден талай рет батыл мінезін көрсетіп, патриоттығымен, ұлтжандылығымен ерекшеленіп, халқы үшін отқа түсуге дайын екенін сездіріп отырды. Ойшыл профессор Амангелді Айталы да халықтың сөзін сөйлеп, елдің жоғын жоқтап Парламент төрінен талай рет тиімді ұсыныстар айтып, кейбір заңдарға өзгерістер енгізуге атсалысқаны есімізде. Ұрпағымызды кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін өнегелі жан етіп өсіргіміз келсе, бар назарды келешек ұрпақ тәрбиесіне аударуымыз қажет. Қазіргі білімнің болашағы мол факторларының бірі – патриоттық тәрбие. «Бір жылға жоспар құрсаң егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң ағаш ек, болашаққа жоспар құрсаң баланы тәрбиеле» дейді шығыс нақылында. Ендеше, жастар біздің ертеңіміз екенін түсіне отырып, олардың бойына ұлттық рух, патриоттық сезім ұялата білгеніміз жөн. Оған тек мектеп қана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Өкінішке қарай, қазір бала-шағасы бар көптеген ата-аналар «патриоттық тәрбиені мектеп беруі керек, біз тек материалдық жағына жауаптымыз» деп өздерін бала тәрбиесінен тыс ұстағысы келеді. Сондықтан болар, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, тәрбие, түсіністік қожырап барады. Жауынгерлік рух отбасындағы тәрбиеден бастау алады деп есептеген Бауыржан Момышұлы «Анадан ешкім батыр болып туылмайды, айбындылық аспаннан түспейді. Табандылықтың атасы – татымды тәрбие. Әскери тәрбиенің де тұңғыш мектебі – жанұя. Тұңғыш тәрбиеші – ана», деп тәрбие жұмысына мән береді. Тағы бір сөзінде Баукең: «Өзінің ұлтын сыйламаған – ұлтын мақтаныш ете алмайды, ол сөз жоқ – арамза, тексіз әрі қаңғыбас», – деп қадап айтқан. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм, отансүйгіштік – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті екенін естен шығармайық. Әр жастың бойында өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілік, сыйластық, құрмет, патриоттық рух болуы керек. Сол бағытта көпшілік болып біріге тер төгуіміз керек-ақ. Ұлттық, патриоттық сезімдерді жастардың бойына сіңірейік. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Тараз қаласы.