Бағалы бастамалар игілікке бастайды
Бағалы бастамалар игілікке бастайды
Ауылдар арасында алғашқы Аталған топ Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында алдымен Жамбыл ауданындағы 8714 тұрғынға қызмет көрсететін Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды. Амбулатория 11 желтоқсанда Мемлекет басшысы қатысқан «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір кезінде ашылған еді. Өзге медициналық ұйымдардан ерекшелігі – онда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде кең жолақты интернетке қосылғандығы. Бұл «қағазсыз емхана» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік берері сөзсіз. – Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық ауылға кең жолақты интернет желісі тартылғанымен, «Транстелеком» компаниясы оны ең алғашқысы ретінде біздің ауылдық округте іске қосты. Біздің елді мекенде осыған дейін ғаламтор бола тұра сапасы төмен еді. Ал қазір бұл жүйе амбулаториямен қоса, әкімдік пен мектепке де қолжетімді болып отыр, – дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Азиз Мантеев. Ауыл әкімінің айтуынша, барлық әлеуметтік нысандар интернет желісіне қосылуда екен және ол жаңа жылға дейін бітуі тиіс. Балабақша, медициналық пункт, колледж, кітапхана, одан әрі ауылдық клуб та интернетке қосылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық клубта қызмет көрсету орталықтарын ашу мақсатында ғимарат толық жабдықталып, тұрғындардың ғаламтормен жұмыс істеуіне жағдай жасалатын көрінеді. Алдағы уақытта округке қарасты Жұма стансасының медпункті мен бастауыш мектебіне де интернет тартылмақ. – Біз барлық шақыртулар, дәрігер қабылдауын тіркеу орнына келмей-ақ ғаламтор арқылы жазылуға мүмкіндік беретін «DamuMed» порталымен жұмыс істейміз. Жаңа жүйені тұрғындар жақсы қабылдауда. Диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға да интернет орнатуға әрекет етіп жатырмыз, – дейді Жамбыл аудандық ауруханасы Аса аумағының аға ембикесі Ақжарқын Қазақбаева. Тауық еті өзімізде өндіріледі Журналистер арнайы барып, жұмысымен танысқан келесі нысан – Индустриялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген «Аса DAMU» ЖШС. 2014 жылдың наурыз айында құрылған құс фабрикасының аумағы – 8,3 гектар. Онда қазір барлығы 45 адам жұмыс істейді. Серіктестік корпустың құрал-жабдықтарын алу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерін субсидиялау шартымен 165 миллион теңге несие алып отыр. Қазір Испаниядан алғызған құрал-жабдықтарды орнатып та қойыпты. Кәсіпорын балапан ұстайтын 2 ғимаратқа қажетті құрал-жабдықтарды Испаниядан, ал жұмыртқаларды автоматты түрде сұрыптайтын, құны 113 миллион теңгені құрайтын қондырғыны Голландиядан алғызбақшы. Фабриканың жай-күйі туралы «Аса DAMU» ЖШС директоры Дәулет Әсілтаев: – Биылдан бастап зауыт толық қуатта жұмыс істеуде. Жылына 60 миллионға жуық жұмыртқа өндірілсе, келесі жылы оны 80 миллионға жеткізбекпіз. Сұрыптау цехында оны 6 түрлі санатқа бөліп, жинайды. Өніміміздің 60 пайызы Алматы облысына сатылса, 40 пайызы өңірдегі тұтынушылардың сұранысын өтеуге бағытталады. Жұмысшылардың жалақысын 20 пайызға арттырдық. Қаржылық әлеуетіміз көтерсе, 2019 жылы айлықты 20-30 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз, – дейді. Мұнда былтырға дейін жұмыртқа қолмен жиналып келген екен. Биылдан бастап бұл жүйе автоматтандырылып, өнімділік 2 есеге артқан. Ол кезде 30 адам таң сәріден қас қарайғанша жұмыс атқарса, қазір тұқым небәрі 6 сағатта жиналып бітеді. Жұмыртқаның салмағына қарай санатқа бөлініп, бағасы да сәйкесінше бекітіледі. Жамбыл Аяқ киімдері– қыз-келіншектерге Жамбыл былғары комбинаты 1961 жылы салынған. Ол кездері 7,5 мың адам 6 миллион аяқ киім сыңарын өндіретін болған. Дағдарыс кездері, яғни 1999 жылы акционерлік қоғам банкротқа ұшырап, «Таразкожобувь» ЖШС құрылған еді. Ол кезде мұнда 50 адам жұмыс істесе, қазір олардың саны 400-ге жеткен. 60 жылға жуық тарихы бар зауытта соңғы жылдары шығарылатын өнім көлемі арта түскен. Мәселен, 2016 жылы аяқ киімдердің – 135 мың, былтыр – 157 мың, биыл 1 желтоқсанға дейін 211 мың сыңарын шығарып үлгеріпті. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін өндіріс ошағы күштік құрылымдардың, ірі холдингтік компаниялардың қызметкерлерімен қатар, жергілікті тұрғындарды да ұмыт қалдырмайды. – Биыл балалардың аяқ киімдерін өндіре бастадық. Алдағы уақытта әйелдерге де арнап шығармақпыз. Республика көлемінде басқа кәсіпорындарда бір-бірден ғана қойылған машинаның бізде 2 түрі бар. Олар резіңке және полиуретанмен жұмыс істейді. Дәл қазір әскери аяқ киімдер әзірленіп жатыр, – дейді «Таразкожобувь» ЖШС бас директорының орынбасары Шамұхтар Шаюнусов. Өндіріс орнында былтырғымен салыстырғанда тауар 30 пайызға артық өндірілген, фабрика келер жылы өнім көлемін тағы да арттыруды көздеп отыр. Республикада ең көп аяқ киім тігетін серіктестік олардың бағасын 7-16 мың теңге аралығында бекітіп, Қазақстан бойынша барлығы 14 дүкені арқылы сатылымға шығарып отыр. Атап айтқанда, табиғи материалдан жасалатын тауарлар Тараз қаласының 4 дүкенінде, Сарысу, Шу, Қордай ауданымен қатар, Астана және Алматы қалаларында да сатылады. кондитер фабрикасының Үшінші желісі іске қосылды Облысқа келген іссапарында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысқан болатын. Сәуле Жаңабекова басқаратын зауыт негізінен вафли өнімінің түрлерін шығарады. Жылына 2100 тонна тәтті өндіретін серіктестік 2016-2017 жылдар аралығында жабдық және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі алу үшін несие рәсімдепті. Қазір серіктестікте жоба құны 850,0 миллион теңге болатын екінші кезеңнің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол келер жылдың наурызында іске қосылса, кондитерлік өндірістің жылдық толық қуаты 4500 тоннаға дейін жетпек. Егер жоспарға сәйкес, 2020 жылға қарай үшінші кезең іске қосылса, тағы да қосымша 300 жұмыс орны ашылатын көрінеді. – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қомақты несие алып, жұмысты жандандырып отырмыз. Соның арқасында кәсіпорнымыз өңір экономикасын арттыруға өз үлесін қоса бастады. Себебі мұндай желі Қазақстан бойынша бұдан өзге тек «Рахат» және «Баян сұлу» фабрикаларында ғана бар, – дейді зауыттың бас технологі Максим Лищишин.
Альмира ОМАРОВА
Тараз – Жамбыл – Тараз.