Балалар бақ сынасты
Балалар бақ сынасты
Тәуелсіздік күні қарсаңында №21 бөбекжай-бақшасында ересек топ бүлдіршіндері арасында «Қазақстан – туған өлкем» тақырыбында байқау өткізілді. Оған ересек жас топтарының бүлдіршіндері мен ата-аналары қатысты. «Жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір» дегендей, сайысқа қазақ, орыс, өзбек, татар, кәріс ұлттары өкілдерінің балалары атсалысты. Олар өздерінің мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсете отырып, бірлігі мықты, достығы берік, мақсат-мүдделері ортақ екенін танытты. Жарыста бүлдіршіндер алдымен өздерін таныстырып, үш тілде өнерін көрсетті және қолөнерден шеберліктерін байқатты. «Еркемай», «Семицветик», «Қояндар» топтарының бүлдіршіндері сайысты өз ән-билерімен жарқыратып, барша қонақтардың, ата-аналардың, ұжым қызметкерлерінің көңілдерінен шықты. Сайыста Лика Шабалина мен анасы Евгения Владимировна «Ең үздік әртістігі» номинациясымен, Максим Суворин мен анасы Мария Анатольевна «Ең шығармашыл», Шахислам Ибрагимов пен анасы Надежда Васильевна «Ең позитивті», Жансая Мұхтар мен анасы Нағима Дүйсебаева «Ең ақылды», Сания Усембаева мен анасы Наргиза Серикбаева «Ең өнерлі», Орынбек Сұлтан мен анасы Маржан Шонгаровна «Ең әсерлі» номинациялары бойынша марапатталып, дипломдар мен сыйлықтарға ие болды. Сайыс соңында ата-аналардың қолдауымен «Көп ұлтты Қазақстан» атты ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. «Aq jol-Aqparat».