Экономика

Ақша-несие саясаты – басты әңгіме арқауы

Ақша-несие саясаты – басты әңгіме арқауы

Бүгінгі күні жалпы қаржы нарығындағы жағдай қандай? Өңірімізде «7-20-25: әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламалары қалай жүзеге асырылу үстінде? ҚР Ұлттық Банкінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында бұл туралы филиал директоры Е.Шарыгин жан-жақты әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, ақша-несие саясатын жүргізуде 2015 жылы инфляциялық таргеттеу режіміне өту Ұлттық Банк үшін басты оқиға болды. Аталған ақша-несие саясатының инфляциялық таргеттеу режімі бойынша Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/-1% пайыздық мөлшерлемелер дәлізі бойынша 9,25 пайыздық деңгейде сақтау туралы шешім қабылдаған. Өтімділікті ұсыну және алып қою операциялары бойынша пайыздық мөлшерлемелер де тиісінше 10,25 және 8,25 пайыздық деңгейде өзгеріссіз қалдырылып отыр. Әсіресе өзгермелі айырбастау бағамының режімі мүлтіксіз сақталынуда.
Бүгінгі күні облыстағы айырбастау пунктеріндегі АҚШ долларының нарықтағы орташа сатып алу бағамы 368,5, ал сату бағамы 372 теңгені құрап отыр. Жалпыөңірлік айырбастау бағамының жағдайы филиал тарапынан күнбе-күн мұқият қадағалануда екен. Уәкілетті ұйымдар айырбастау операцияларын жүргізуі үшін жеткілікті көлемде қолма-қол шетел валютасымен де қамтамасыз етілген. Халық пен заңды тұлғалар арасында ешқандай дүрлігу байқалмайды.
Ұлттық Банк тарапынан долларсыздандыру саясаты жүзеге асырылуының нәтижесінде валюталық депозиттерді төмендету үдерістері де жалғасуда. 2016 жылдың басындағы шекке қол жеткізгеннен кейін валюталық салымдардың үлесі 2018 жылғы қазанның соңында 46,9 пайызға дейін төмендеген. Облыста аталған көрсеткіш 30 пайыз шамасын құрайды. Жалпы еліміз бойынша ағымдағы жылғы 10 айда депозиттер 17,6 триллион теңгеге дейін 0,8 пайызға өскен. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсуі 2,3 пайызды құрайды. Ал шетел валютасындағы депозиттер 10,8 пайызға азайғаны байқалуда.
Депозит нарығындағы 2018 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша облыстағы екінші деңгейдегі банк филиалдарының жалпы депозиттер көлемі 134,6 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылдың сәйкес мерзіміндегіден 13,6 пайызға немесе 16,1 миллиард теңгеге асып түсіп отыр. Депозиттер көлемінің бір жыл ішінде өсуі теңгелік бөліктің 23 пайызға немесе 17,4 миллиард теңгеге көбеюімен байланыстырылуда.
Ал жаңа берілген несиелердің көлемі 2018 жылдың 10 айы ішінде алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға немесе 2,2 триллион теңгеге көбейіп отыр. Облыс бойынша 2018 жылғы қаңтар-қазан айларында екінші деңгейдегі банк филиалдары тарапынан берілген несиелер 147,7 миллиард теңгені құрап, 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен. Атап өтерлігі, несиелердің басты бөлігі – 99,95 пайызы ұлттық валютамен берілген.
Өңірде «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы да белсенді түрде жүзеге асырылу үстінде. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктерде жоғарыда аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 550 миллион теңгені құрайтын 64 өтінім мақұлданып, оның ішінде 34 азаматқа 300 миллион теңге көлемінде несие беріліпті.
Тараз қаласындағы «Тараз ӘКК» ғимаратының бірінші қабатынан «7-20-25» бағдарламасы бойынша кеңестер беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ашылған ақпараттық орталықта тұрғындардың баспана мен ипотекалық несие алу шарттарымен тереңдеп танысуына да мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күнге дейін «Арай» шағын ауданы аумағынан сатылуға ұсынылған 100 пәтердің бірін таңдап алуға ниет білдірген қатысушылардың саны шамамен 50 пайыздан жоғары көрсеткішті құрап отыр екен.
Басқосуда ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыру ісі басталғалы бері облыс бойынша екінші деңгейдегі банктерге 2650 қарызгер жүгінгені де айтылды. Биылғы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша қайта қаржыландыру үшін жалпы сомасы 7,5 миллиард теңгені құрайтын 2253 өтінім мақұлданған, оның ішінде 6,5 миллиард теңге бойынша 2153 өтінім қайта қаржыландырылып отыр. Айта кету керек, өзге өңірлермен салыстырғанда облысымыз мақұлданған және қайта қаржыландырылған өтінімдер саны бойынша республикада Алматы және Шымкент қалаларынан кейінгі үшінші орында келеді. «Бүгінде ипотекалық валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын 2019 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылып, Ұлттық Банктің осы тұрғыдағы шешімі талқылану үстінде» деп атап өтті Е. Шарыгин.

Баймаханбет АХМЕТ