Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің
Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің
Тараздық Әсия этнотуризм бизнесін
дамыту жолдарын ұсынадыОблыстық білім басқармасы ұйымдастыратын «Ғылыми жобалар» байқауы өңірде жас ғалымдар мектебінің қалыптасуына жол ашты десек, артық айтқандық емес. Жыл санап білім бәсекесінде бақ сынауға ұмтылатындардың қатары артқаны – соның дәлелі. Бір қуанарлығы, жас зерттеушілердің таңдаған тақырыптарының ауқымы да кеңейіп келеді. Тіпті «экономика» секциясы бойынша сан алуан жобаларын ұсынушылар көбейген.
Соның бірі – Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 11-сынып оқушысы Әсия Серікқызы. Облыстық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанған жас зерттеушінің таңдаған тақырыбы да тың. Ол биыл жарысқа «экономика» секциясы бойынша «Ұлы жібек жолы бойында этнотуризм бизнесін ұйымдастыру» жобасын ұсыныпты. Жетекшісі – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты Серік Наурызбеков.
«Туризм саласы әлемдік экономикада қозғаушы күшке ие. Бүкіл әлемдік туристік ұйымның деректеріне сүйенсек, туризм әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициясының 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді екен. Міне, сондықтан 1993 жылы Қазақстан Дүниежүзілік туристік ұйымға мүше болып кірді.
Еліміздің тәуелсіздік алуы туристік қызметті реттеу мен халықтың тарихи және мәдени мұрасын жаңғыртуға негіз болғаны мәлім. Туризмнің тез және тұрақты өсуін, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық саласына және қоғамды дамытуға тигізер ықпалын назарға ала отырып, Үкімет Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарламасында туризмге басымдық беріп отыр. Ал тарихы біздің эрамызға дейінгі үшінші мыңжылдықта басталған Ұлы Жібек жолының жаңадан жандануы – Қазақстан туризмнің дамуының алғышарттарының бірі екені анық. Себебі ертедені ірі қалалардың көбісі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен болатын. Қазіргі таңда қайнаған тіршіліктер осындай күре жолдардың бойында шоғырланған. «Жолдар –шын мәнісінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Елбасының жол бойындағы инфрақұрылымдық нысандарды халықаралық талапқа сай етіп салуды тапсыруының мәні де осында. Сондықтан мен жас зерттеушіге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожол дәлізі бойында туризм нысандарын дамыту жолдарын іздеуді тапсырдым», – дейді ғылым кандидаты Серік Наурызбеков.
Ғалым қазіргі кезең – 500 жылды араға салған Ұлы Жібек жолының үшінші қайта өркендеген шағы деп есептейді. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожол дәлізі – соның бір көрінісі дегенді алға тартады. Ал жас зерттеуші Әсия өз жобасында аймақтағы геосаяси жағдай және оның тұрақтылығы транзиттік жүк тасымалымен транзиттік инфрақұрылымды дамытуда шешуші орын алатын факторлардың бірі екенін дәлелдеген. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистраль жолы – экономикалық пайдаға кенелумен қатар, үлкен саяси мәселелерді шешудің жобасы деген тұжырым жасаған.
– «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік дәлізі – тек Батыс пен Шығысты байланыстыратын «Ұлы Жібек жолының» заманауи көрінісі мен жалғасы ғана емес, ол сонымен қатар, еліміздің саяси имиджіне тікелей оң ықпал жасайтын, елдің ертеңін еселейтін маңызы зор жоба. Мен ғылыми жобам арқылы халықаралық көлік дәлізі арқылы жол жүретін жүк тасымалдаушылар мен саяхатшыларды тамсандырар орындарды көбейту қажеттігін дәлелдедім. Зерттеу нәтижесінде Жуалы ауданы Т.Дүйсебайұлы ауылының тау баурайында, яғни «Көксай» шатқалының төмен жағында этнографиялық киіз үйлерді ұйымдастыруға болатынын анықтадым», – дейді Әсия.
Оқушы өз еңбегінде тек қана Жамбыл жерінің географиялық жағдайына лайық сирек кездесетін эндемикалық ерекше өсімдіктері бар орманды шатқалдарының, бетпақ дала, шөл дала, тау бөктері, мәңгі қар басқан таулар, барлық аса бай табиғи ландшафтарын атап көрсеткен. Енді осы табиғаты ерекше аймақтағы ұлттық стильде жабдықталған бөлек-бөлек орналасқан мейманханасымен сирек кездесетін киіз үй кешенін елестетіп көріңізші. Онда сафари элементінде ат және түйемен ғана аралап көруге болатын шатқалдар бар. Меніңше, бұл туристердің қызығушылығын туғызар еді.
Әсия өзі білім алып жатқан №45 классикалық-гимназияның жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқаны оқушыларға зор мүмкіндік туғызып отырғанын айтады. Расында оқушы бір өзі мұндай терең зерттеулерге бара алмасы белгілі. Оған жетекшісінің берген бағыт-бағдары көмектескені анық. Оның жетістігінің сыры да осында. Жас зерттеушінің ғылыми жобасының артықшылығы – экономикалық негізге сүйеніп жазылғанында.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Тараз қаласы.