Әлеумет

Батыр рухына тағзым

Батыр рухына тағзым

1944 жылдың 31 шілдесі... Дәл осы күні жерлесіміз Ақәділ Суханбаев Польша, Беларусь және Литва елдерінің тоғысындағы Стежельцовизня деревнясы үшін болған ұрыста жаудың ажал оғын сепкен пулемет дзотын өз денесімен жауып қаза тапқан. Міне, сол күннен бері тұп-тура 70 жыл уақыт өтсе де, батырдың жасаған ерлігі халық жадында. Бұрнағы күні Тараз қаласындағы Д.Қонаев көшесінде орналасқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ескерткішінің алдында митингі болып өтті. Жиынға келген жұртшылық батырдың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бір минут үнсіздікпен басталған митингіге келгендердің қарамы қалың болды. «Ақәділ небәрі 24 жасында Отан үшін жанын құрбан етті. Ол менің ағам Әшіммен бірге өскен. Үйімізге келген сайын мені кеудесіне көтеретін. 1940 жылдың 20 қазанында әскерге аттанар алдында маңдайымнан сүйіп, батасын беріп еді. Қысқа ғана ғұмырын Отанына арнаған Ақәділдің есімін Қазақстан халқы ешқашан ұмытпайды», - деді өз сөзінде қаламгер Арғынбай Бекбосын. Иә, расында жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың ерлігі ғасырлар өтсе де ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан батыр қатарында ол. Арайлап атқан әрбір ақ таңымыз үшін біз оған қарыздармыз. Оның рухына тағзым етіп, есімін ардақтау – ұрпақ парызы.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».