Ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда

94

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көптің көкейіндегісін дөп басқаны, талай істерге бастамашы болғаны анық. Оны ешбір адам жоққа шығара алмайды.

Осынау мақала ірі қалаларда ғана емес, ауылдарда да көптеген баянды істердің жүзеге асуына себепші болып отыр. «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды», – деген Президент сөзі жұртты тебіренткені сөзсіз. Мемлекет басшысының толғамды ойлары талай жүректерге от берді, рухтандырды. Жастарымыздың да жігерін жаныды.
Мемлекет өркендеуінің басты бағдарларын толыққанды айқындап берген мақаладағы бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы туралы және өзге де айтылған құнды да құнарлы ойлар жұртты бейжай қалдырмағаны ақиқат. Мақаладағы барлық бастамалар елдік мүддемен тоқайласып отырғаны талас тудырмайды. Өйткені рухани жаңғыру – барлық саланың тасын өрге домалатуды көздейді.
Осынау терең тынысты мақалада айтылған орамды ойлар мен кезек күттірмес мәселелер баршамызға аса зор жауапкершілік жүгін жүктейтіні ақиқат. Өйткені елдің дамуы мен өркендеуі үшін барлығымыз жауаптымыз. Ол – біздің қасиетті борышымыз. Соны жүрекпен түсінгенде ғана ойдағыдай жұмыстар жүзеге аспақ. Ал бірлескен жерде береке болатыны о бастан белгілі емес пе?
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға қарай латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу қажеттігін қаперімізге салып, осы бағыттағы атқарылатын барлық жұмыстар мен шаруаларды жайып салды. Бұл қадамды қазақ қоғамы ұзақ уақыттан бері күткені жасырын емес десек, қателеспеспіз. Анығырақ айтсақ, кеңестік дәуірдің, бодандық қамытын киген жылдардың сарқыншағындай болған кириллицадан бас тартып, латын графикасын таңдау арқылы өркениетті елдердің қатарын толықтыратынымыз анық. Бүгінгі таңда латын жазуы ғылым мен білімнің, жаңа технология мен инновацияның өзегіне айналып отырғанына ешкімнің күмәні жоқ. Сондықтан латын графикасына көшу ұлт болашағы үшін де, ұрпақ келешегі үшін де керекті әрі қисынды іс. Ал мемлекет үшін маңызды шаруа қашанда елдік қолдауды қажет етеді. Президенттің бұл бастамасын жұрттың жұмылған жұдырықтай қолдауы Елбасының көрегенділігін байқатса керек.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы шындығында да біздің, қоғамның санасын оятты. Ондағы айтылған ұлттық код дегеніміз – салт-дәстүр, дін мен діл, тіл, тарихты қамтып отыр. Аталған құндылықтардың барлығы адамзат үшін зор маңызға ие. Шүкір, біздің тіліміз ең бай тілдердің қатарына жатады. Қазіргі кезде бірнеше түркі тілдес мемлекет бар екені баршаға аян. Жалпы түркі халықтарының 60 пайызы латын графикасын қолданса, 26 пайыздан астамы араб жазуын, тек бірнеше пайызы ғана кириллицаны пайдаланып отыр.
Әлбетте, латын графикасымен жазған бастапқы кезеңде қоғамда психологиялық дискомфорт орын алуы бек мүмкін. Нақтылап айтсақ, ол – қалыпты құбылыс. Жаңа реформа қай кезде де әуелде тосын сияқты көрінеді ғой. Айталық, сөздердің графикалық тұрпаты толығымен өзгеріске ұшырайды. Бірақ оның бәрі уақыт өте келе түзеледі.
Латын жазуына көшу туралы сең қозғалғалы елімізде, облысымызда, аудандарда көптеген игі істер атқарылды. Есімі елімізге белгілі тілші-ғалымдар өңірге арнайы келіп, әліпби реформасының маңыздылығы туралы нақты ойларын ортаға салып, түрлі деректер келтірді. Көңілге қонатын тұшымды ойларымен бөлісті. Алдағы көктемде бекітілетін емле-ережеге қатысты ұстанымдарын айтты. Елбасының бұл реформаны дер кезінде қолға алғаны – көрегенділігі. Өйткені қазір елдің әлеуметтік жағдайы түзелді. Енді рухани дүниемізді байыта түсу арқылы кемел келешекке қадам басамыз.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – біздің жұмысымыздың бағдаршамы. Мақаладағы тапсырмаларға сәйкес жұмыс істеп, өңір халқының рухани жаңғыруына күш салып келеміз. Сол бағытта жұмысты жалғастыра береміз. Өйткені біз алдымызға үлкен міндеттерді қойып отырған жайымыз бар.
Есепті мерзімде бағдарлама аясында барлық өңірлер секілді біздің ауданда да қыруар тірліктер тындырылды. Құлан жұртшылығының бірлігінің арқасында қолға алынған баянды бастамалар да жоқ емес.
Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын барлық міндеттерді іске асыру бойынша аудан әкімдігінің 4 бөлімі (ішкі саясат, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері) тиісті деңгейде жұмыстар атқарды. Іске асқан барлық жұмыстарға көптеген азаматтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай жұмылды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарға өңір тұрғындары біркісідей үн қосатынына сеніміміз кәміл. Ағымдағы жылдың 11 айында барлығы жоспарға сай 406 іс-шара өткізілді.
Индикаторлық тізбеге сай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жобаларды жүзеге асыруға қатысатын еңбекке жарамды азаматтардың үлесін 20 пайызға арттыру көзделген болатын. IV тоқсандағы межелік жоспарда көрсетілген 20 пайыз көрсеткіш 21 пайыз деңгейінде орындалды.
Жалпы, «Рухани жаңғыру» бойынша біздің ауданда айтарлықтай тірліктер атқарылуда. Бағдарлама аясында іс-шараларға бюджеттен шамамен 4 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, ауқымды шаралар қолға алынған болатын. Сондай-ақ қосымша ретінде демеушілердің көмегімен іс-шараларға қаржы көздері қарастырылып, жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылдың 3 тамызында «Жомарт жүрек» номинациясының лауреаттарын, қайырымдылық шараларға қатысушылар мен меценаттардың есімдерін анықтап, 10 қайырымдылық жасаушы жеке тұлға, меценатты, 1 ұйымды салтанатты марапаттау іс-шарасы өткізіліп, облыстық басқармаға ұсынылған болатын.
Өз кезегінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев республикалық «Жомарт жүрек» байқауының «Жыл тұлғасы» аталымымен марапатталды. Облыстық «Жомарт жүрек» байқауынан аталымға үміткер ретінде «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев пен «Құлан жолдары» ЖШС-ның басшысы Қоныс Сағымбеков таңдалған еді. Марапаттау шарасы 7 желтоқсан күні Тараз қаласында өтті. Аудан мақтаныштарының мұндай жетістігі баршамызға қуаныш сыйлады.
Бағдарламалық мақалада көрсетілгендей, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының да баршамыз үшін мәні мен маңызы зор деп есептеймін. Аталмыш жоба аясында ауданнан облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесіне үміткер ретінде 10 адам ұсынылған болатын. Аталған жобаға қатысу жөніндегі хабарландыру мәтіні аудандық «Құлан таңы» газетіне 7 мәрте, әлеуметтік желілерде 5 мәрте жарияланып, 3 билборд орнатылды. Осылайша бұл бағытта да қол қусырып қарап отырмай, бірқатар тірліктерді дер кезінде орындаудамыз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша І, ІІ жартыжылдықтарға арналған арнайы медиа-жоспар бекітілген болатын. Медиа-жоспарға сәйкес есепті кезеңде барлығы 190 мақала («Құлан таңы» газетіне – 148, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне – 1, республикалық «Білім технологиялары» журналына – 1, республикалық «Уақыт талабы» қоғамдық-саяси ақпараттық, құқықтық газетіне – 3, республикалық «Казахстанская правда» газетіне – 1, облыстық «Aq jol» газетіне – 26, облыстық «Арай» жастар газетіне – 6, республикалық «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына – 1, республикалық «Комсомольская правда Казахстан» газетіне – 1, облыстық «Знамя труда» газетіне – 2 мақала) жарияланып, жұмыс өз деңгейінде жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы шаруалар алдағы уақытта да лайықты түрде өз жалғасын таппақ.
Бұдан бөлек аудан әкімінің ресми сайтында/ ryskulov.zhambyl.gov.kz/kk/ есепті мерзімде, яғни 2018 жылдың 10 тамызынан 266 материал, фейсбук әлеуметтік желісінде /AkimatKulan/ 301 пост, инстаграм әлеуметтік желісінде /www instagram.com/ ryskulov.zhambyl.gov.kz/ 372 пост жарияланды. Фейсбук, инстаграм секілді әлеуметтік желілерде Тұрар Рысқұлов ауданының ресми аккаунты ашылып, ақпараттар тұрақты түрде салынуда. Мамандар ақпаратты жариялауда жеделдік танытуда.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ақпараттық тұрғыдан насихаттау үшін аудан аумағындағы елді мекендерде 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында 65 баннер, 100 билборд, 25 брендмауер, 17 керме, 6 шағын лэд-экран, 1 үлкен лэд-экран орналастырылып, 10 лайтбокс орнатылды.
Бағдарлама шеңберінде аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан тірліктер көп-ақ. Мәселен, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінің кіші залынан «Рухани жаңғыру» жобалық офисі ашылса, білім беру мекемелерінде 33 (29 мектеп, 4 қосымша білім беру мекемелері) «Рухани жаңғыру» бойынша арнайы кабинет пен орталық, 10 бұрыш жұмыс атқаруда. Бұл бастамалардың барлығы да айтарлықтай деңгейде өз нәтижелерін беріп отырғаны қуантады.
Бағдарлама аясында аудандық «Құлан таңы» газетінің қосымшасы ретінде арнайы «Киелі өңір» атты қоғамдық-танымдық газетінің 18 нөмірі жарыққа шығып, жоғарыда айтып өткен төрт бөлімнің жобалары бойынша атқарып жатқан жұмыстары мен танымдық материалдар жарық көрді. Мақалалар дер кезінде басылым бетіне орналастырылды. Бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен», «Рухани қазына» және «Тәрбие және білім» кіші бағдарламаларын іске асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» жобалық офисі 2018 жылы 12 жобаны жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жоспарлаған. Аталған жобалар жайлы кеңірек айтып өткен дұрыс шығар.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында – 5 жоба:

  1. «Өлкетану» базалық бағыты бойынша «Туған өлкеңді таны» танымдық жобасы аясында 27 іс-шара өткізіліп, 478 адам қатысты.
  2. «Саналы азамат» базалық бағыты бойынша «Біздің мақтаныштарымыз» жобасы аясында 22 іс-шара өткізіліп, 412 адам қатысты.
  3. «Саналы азамат» базалық бағыты аясында «Оқы және өзгеге ұсын» жобасы. Жоба аясында 16 іс-шара өткізіліп, 378 адам қатысты.
  4. «Өлкетану» базалық бағыты бойынша «Жас саяхатшылар» танымдық жобасы. Жоба аясында 28 іс-шара өткізіліп, оған 509 адам қатысты.
  5. «Отаным – тағдырым» базалық бағыты бойынша «Мәдени мұра – рухани қазына» жобасы аясында 33 іс-шара өткізіліп, 487 адам қатысты.
    «Отаным – тағдырым» базалық бағыты бойынша «Мәдени мұра – рухани қазына» бағдарламасы аясында Құлан ауылы М.Төлебаев атындағы музыка мектебі алдынан «Домбыра және қобыз» композициясы ашылды.
    Атқарылған барлық жұмыстар жоспарға сәйкес қолға алынғанын жоғарыда айттық. Күтілген нәтижелер үдеден шығып отыр.
    «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында – 2 жоба:
  6. «Қазақстанның сакральды географиясы» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Киелі құт мекен» жобасы. Жоба аясында ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Құлан, Өрнек қалашықтары туралы тарихи жазба деректерді зерделеп, зерттеу материалдарымен танысып, өңіріміздегі киелі орындар («Әулиетопағаш», «Көккөл», «Әулиебұлақ») географиясын түзеуге, маршрутын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба бойынша 20 іс-шара өткізіліп, 1344 адам қатысты. Бұл тірліктің маңызы зор екенін атап өткен ләзім.
  7. «Заманауи қазақстандық мәдениет» ішкі бағдарламасы «Қазақстанның мәдени жетістіктері» базалық бағыты аясында «Өнер деген өлке бар» жобасы қолға алынған-ды. Жоба аясында үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айлары аралықтарында ауданымыздың белгілі азаматтарының қатысуымен (Нұрлан Байкөзов, Бейбіт Шошабаев, Мейіржан Самылтыров) Мәдениет үйінде 3 кездесу өткізілді. Аудандық және ауылдық кітапханаларда жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұловтың туылғанына 80 жыл толуына орай «Жүрегімді тыңдашы!» атты бенефис-шоу және әдеби-сазды кештер, Құлан ауылдық балалар кітапханасында Сұлтан Қалиұлының 75 жасқа толуына орай, «Әлемді кітап арқылы танимын» атты оқырмандар арасындағы аудандық байқауы, ақын Рафаэль Ниязбекпен оқырмандар кездесуі ұйымдастырылды. Жақында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ақын Хамит Есаманның «Құландағы қара өлең» атты шығармашылық кеші өткізіліп, ақынның шығармалары насихатталды. Жалпы жоба бойынша 173 іс-шара өткізіліп, 1952 адам қамтылды. Жоспарға сай жұмысымызды жалғастырсақ, бұл көрсеткіштер алдағы уақытта арта түсетіні белгілі.
    Қазақ тілін латын қарпіндегі жаңа әліпбиге көшіруді қолдауға бағытталған жұмыстар да жүйеленген. Аудан бойынша 100 іс-шара бекітіліп, қазіргі уақытта 92 іс-шара өтті, оған 970 адам қатысты.
    Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 19 ақпандағы №637 Жарлығына және ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бойынша ауданда ағымдағы жылдың 14 қарашасында «Жалпыхалықтық диктант» өткізілді. Диктант жазуға аудандағы 15 жастан асқан барлық азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, оқушылар ұзын-саны 10 мыңға жуық адам қамтылды.
    Ауданымыздың 80 жылдық мерейтойына орай ауданда 80 іс-шара өтіп, «Еңбек ерлері» аллеясы, «Ауданның құрметті азаматтарының» есімдері жазылған ескерткіш тақта ашылды, «Жаңарған өңір» атты кітап жарық көрді. Бұл шараларды жүзеге асыруға атсалысқан барлық азаматтарға дән ризамыз.
    «Атамекен» кіші бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында бес жоба жоспарланған болатын. Аталған жобалар туралы да толыққанды айта кеткен жөн.
  8. «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында «Дулат баба» кесенесінің құрылысын жүргізу» жобасы іске асырылды. Бұл бағытта қолға алынған «Дулат баба» кесенесінің құрылыс жұмыстары 73 миллион теңгеге атқарылып, толығымен аяқталғанынан жұртшылық хабардар.
  9. «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында «Каменка ауылында спорт кешенінің құрылысын жүргізу» жобасын тілге тиек еткен жөн шығар. Каменка ауылындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда, қазіргі уақытта қабырғалары көтеріліп, шатыры жабылды.
  10. «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында «Шәушен» шаруа қожалығының мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Юбилейное ауылында 60 орындық балабақша құрылысын жүргізу жобасы. Бұл жоба бойынша қазіргі таңда балабақшаның құрылысына арналған жердің құжаттары тиісті деңгейде рәсімделуде. Алдағы уақытта мәселе шешімін табатын болады.
  11. «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағыты аясында Жарлысу ауылының кіреберісіне арка орнату жобасы. Жоба аясында ауылға кіреберістегі арка құрылысының жұмыстары толығымен аяқталды.
  12. Құмарық ауылындағы тарихи-өлкетану музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасы. Жоба аясында күрделі жөндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
    Өз ойымызды түйіндеп айтар болсақ, қасиет дарып құт қонған Құлан өңірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген ілкімді істер жүзеге асырылып жатыр. Қазақ қоғамына үлкен серпіліс берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында айтылған тапсырмаларды орындау бойынша өз жұмысымызды алдағы уақытта да атқара беруге ниеттіміз. Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
    аудан әкімдігі ішкі
    саясат бөлімінің басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.