Жұмыс бар, маман тапшы
Жұмыс бар, маман тапшы
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында өңірдің әлеуметтік әлеуетінің артуы мен экономикалық тұрақты дамуы үшін нендей шаруалар атқарылды? Облыстың осы салада жеткен жетістігі мен мүлт кеткен кемшілігі қандай?Алда қандай міндет тұр? Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалық етуімен өткен алқа мәжілісінде осы және өзге де өзекті мәселелер қаралды.
Облыстың әлеуметтік және экономикалық дамуының алты айдағы қорытындысы туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде қаңтар-маусым аралығында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 125,6 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өсім 1,1 пайызды көрсеткенін атап өтті. Алайда, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2013 жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 0,3 пайызға қысқарып, 91,8 миллиард теңгені құраған. Биыл облысымызда Индустрияландыру картасының шеңберінде 25,4 миллиард теңгеге 1147 жұмыс орны құрылатын 7 Инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде есепті кезеңде 13,4 миллиард теңгеге 2 инвестициялық жоба іске қосылып, жаңадан 556 жұмыс орны құрылды. Ауылшаруашылығы саласында 41,9 миллиард теңгеге өнім өндірілді, бұл өткен жылдың қаңтар, маусымымен салыстырғанда 4,8 пайызға артық. Мұнда ет пен сүт өндірудің қосқан үлесі орасан. Есесіне, жұмыртқа өндіру – 4, қырқылған жүн 2 пайызға азайған. Мүйізді ірі қара мен уақ малдың саны артқан. Бірақ, шошқа саны – 12,6, құс 5 пайызға төмендеген. Жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға, олармен өндірілген өнімнің көлемі 24,1 пайызға өскен. Құрылыс саласында да өсім бар. Облыста 109,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Хабарламашы әлеуметтік көрсеткіштерге де кеңінен тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, осы жылдың қаңтар-маусымында 147,5 мың тұрғынға 966 миллион теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Одан басқа 4151 адам 23,6 миллион теңгеге қайырымдылық көмек алған. Нәтижесінде, кедейшілік деңгейінен төмен тұрып жатқан халық саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31,5 пайызға қысқарып, облыс бойынша кедейшілік деңгейі 0,7 пайызды құраған. Ең жоғары кедейшілік деңгейі Тараз қаласында тіркелген (0,9 пайыз). Сонымен қатар, жұмысқа орналасудың орташа облыстық көрсеткіштен төмен деңгейі Тараз қаласында, Қордай, Т. Рысқұлов, Шу аудандарында тіркелген. Жалпы ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі осы жылдың бірінші шілдесіне 0,7 пайызды құрап отыр. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға биыл 37,6 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының алдын ала мәліметтері бойынша осы жылдың қаңтар- маусымында өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда ана өлімі, жаңадан пайда болған қатерлі ісік аурулары, туберкулез, қан айналымы жүйесі, вирусты гепатит, наркологиялық және психикалық аурулар, ішек инфекциясы ауруларының деңгейі қысқарған. Алайда, Тараз қаласында, Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында бала өлімінің, Жуалы, Меркі және Талас аудандарында ана өлімінің, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Талас және Т.Рысқұлов аудандарында туберкулез ауруының, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында қан айналымы ауруларының деңгейлері өскен. Ал, жалпы бала туу мен бала өлімі деңгейі облыста төмендеген. Үстіміздегі жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға қазынадан 75,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Жомарт Амангелдіұлы салада қол жеткізген табыстармен қатар орын алған кемшіліктерге де тоқталды. Мәселен, балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуының орташа облыстық көрсеткіштен төмен деңгейі Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарының үлесінде екен. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысында Т.Рысқұлов ауданының оқушылары ең төменгі көрсеткіштер көрсеткен. Мәдениет саласында жұмыс жүйелі жүруде. Бұдан бөлек хабарламашы облыста қылмыспен күресу және оның алдын алуда кешенді шаралардың жүргізіліп жатқандығына тоқталды. Осы жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 667-ні құрап, 32,8 пайызға төмендеген. Сонымен қатар есепті мерзімде 545 жол көлік оқиғасы тіркелген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,5 пайызға төмен. Облыс әкімі өткен мерзімде барлық салада жоспар жүз пайызға орындалып отырғанда, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің неліктен, нақты қай салаларда 0,3 пайызға қысқарғанының себебін тиісті басқарма басшыларынан сұрады. Сонымен қатар Кәрім Нәсбекұлы шошқа мен құс санының неге төмендегеніне назар аударды, биылғы егістің де жиналу жай-жапсарын сұрады. Осы жөнінде облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиевке нақты тапсырма жүктеді. Өңір басшысы ірі инвестициялық кешендерде жұмыс істейтін мамандардың дайындалу деңгейі бүгінде облыста сын көтермейтінін, бұл тарапта халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы көңіл көншітпейтінін, өткен алты айда тұрақты жұмыспен қамту деңгейі 33,3 пайыз ғана екендігін атап көрсетті. «Бүгінде жуырда ғана жұмысын бастаған «Talas Investment Compani» ЖШС-нің өзіне 500 маман қажет. Жергілікті өндіріс кешендерінің маманға сұранысын қанағаттандыра аласыңдар ма? Бұл бағытта неге жұмыс істемейсіңдер?» деп Кәрім Нәсбекұлы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Баубековті сынға алды. Мәселен, Байзақта өткен алты айда тұрақты жұмысқа орналасқандардың саны небәрі 28 адамды құраған. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы Байзақ ауданының әкімі М.Шөкеевке «Көрсеткішке қарап жұмыс істеу керек. Қалыптасқан жағдайды бақылап отыру қажет» деп қатаң ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімі К.Көкірекбаев Байзақ, Мойынқұм, Жамбыл, Меркі аудандарында капиталдық салым көрсеткіші басқа аудандармен салыстырғанда біршама төмендегенінің себебін аталмыш аудан әкімдері М.Шөкеев, Б.Мәдікенов, Р.Дәулет, Б.Көпбосыновтан сұрады. Барлығынан нақты, нәтижелі жұмыс істеуді талап етті. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Байтелиевке құрылыс сапасы мен ол нысандардың уақтылы тапсырылуын қадағалауды, денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Омарбековаға ана мен баланың амандығы жолында кешенді шаралар жасау керектігін ескертсе, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы С.Құрманбековаға білім сапасын қадағалауды одан әрі нығайту қажеттігін тапсырды. Жиын барысында Жамбыл ауданының әкімі Р.Дәулет пен Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ж.Айтақов өздері басшылық ететін ауданның осы жылдың алты айындағы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері жайлы хабарлама жасады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алқа отырысын қорытындылай келе: «Алты айдың қорытындысын көріп отырмыз. Нәтижелеріміз жақсы, жүз пайызға орындалған. Алайда, кері кеткен тұстарымыз да жоқ емес. Әлі алдымызда қыруар жұмыс бар. Соған барлық деңгейдегі әкімдер, басқарма басшылары жауаптылық танытуы қажет» деді.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».