Желден қуат өндірген
Желден қуат өндірген
Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында инновациялық және сервистік жобаларды дамытуға ерекше көңіл бөлуді атап өтті. Ұлт Көшбасшысы «Келешекте еліміздің жаһандық әлемдегі орны мен рөлі ең алдымен «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчеин және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамтамасыз етуге байланысты болады» – деді.
Бүгінде өңіріміздегі баламалы қуат көзін дамытуға бағытталған жобалар өз жемісін бере бастады. Қазіргі таңда облыста электр энергиясының 16 пайызы дәл осы қуат көздерінен өндіріледі. Нақтырақ айтсақ, аймағымызда 4 су, 3 жел және 3 электр стансасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда соңғы 9 айда 300 миллион киловатт сағат өнім өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл өңірі қазірдің өзінде өзге облыстардан оқ бойы озық тұр. Ал 2020 жылға дейін осы баламалы қуат көзін өндіру көлемі тағы да ұлғайтылмақ.
Жел ұдайы соғып тұратын Қордай асуындағы үш бірдей компанияға тиесілі жел электр стансалары соңғы 5 жылда 450миллион киловатт өнім өндірген. Желден қуат өндіретін 40 қондырғы бар. Бүгінгі күнге дейін 2 жоба толықтай жүзеге асып, тұрақты жұмыс істесе, қуаты 54 мегаваттық үшінші стансаны салу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Жалпы, жел электр стансасының бір бағаны желді күндері тәулігіне 800 киловатт сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Аталған қондырғы толықтай автоматтандырылған.
– Электр энергиясын өндіру көлемі тікелей табиғатқа байланысты. Жел күшейген сайын өнімнің де көлемі арта түседі. Өндірілген энергияны жалпы жүйе арқылы мемлекетке өткіземіз. Айта кету керек, біз өнімді белгілі бір облыс немесе қала, аудан, ауыл-аймақ үшін өндірмейміз. Ал авариялық жағдай бола қалса, біз өндіріп отырған энергиямен Қордай ауданының 90 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – дейді «Vista Іnternational» ЖШС-ның өндіріс жөніндегі директоры Марат Тоқбаев.
Жыл басынан бері ауданда құны 3 миллиард теңгеден асатын 137 миллион киловатт сағат энергия өндірілген. Келешекте жылдық қуаты 60 мегаваттық қос станса салу жоспарлануда.
– Бұл жобалар индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бес жылдығы аясында іске асырылған болатын. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында аталған компанияға 4 миллиард 200 миллион теңге және жер телімдері бөлініп берілген, – дейді аудандық кәсіпкерлер және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ербол Сәрсенбаев.
Есен Өтеулиев
Қордай ауданы.