Саясат

«Aq jol»-дың таралымын 20 мыңға жеткізейік, ағайын!

«Aq jol»-дың таралымын 20 мыңға жеткізейік, ағайын!

Келесі жылдың баспасөзіне жазылу Елбасының халықты есте жоқ ескі замандардағы тарихи жәдігерлер тағылымдарымен қайта қауыштырып, ел рухын бір көтеріп тастаған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласымен сәйкес келді. Қай газет бетін парақтасаң да сол Ұлы Даланың төсін әлімсақтан бері мекен етіп келе жатқан ғажап халықтың өрелі өркениетке тән тарихи құндылықтары туралы жазылған ғибратты мақала төңірегіндегі дүниелерге толы.
Айтайын дегеніміз, газеттің қажеттілігі де, тәуелсіздігіміздің тегеурінді тіректерінің бірі ретінде оның елді жасампаздыққа жігерлендірудегі рөлі де осындай сәттерде байқалады. Қолына қалам ұстағандары бар, ұстамайтындары да бар, олардың ішінде «Аq jol» газетіне жазылғандары бар, жазылмағандары бар, әйтеуір, жасамыстардан жастарға дейінгінің көбісі осындай кезде баспасөз үйін жағалап, өз ой-пікірлерін білдіріп қалғысы келеді. Ал газет қашанда елгезек, жұрттың жазып әкелгендерін өңдеп, жөндеп, қал-қадерінше жариялап жатады.
Мұның бәрі жақсы. Бірақ, өкінішке қарай, осы белсенді авторларымыздан бастап жай ғана оқырмандарымызға дейінгі буынның баспасөзге жазылуға келгенде ынтасы төмен. Бір миллионнан астам халқы бар облысқа, мысалы, жиырма мың (20 000) дана деген не тәйірі?!. Бірақ біз – редакция қызметкерлері, осыншама көзі ашық, сауатты халқымыз бола тұра сол межені бағындыра аламыз ба, жоқ па деп, жанымыз мұрнымыздың ұшында жүреді. Облыс тұрғындары өздерінің рухани қазынасының бірі – газеттен де қол үзбесін деген оймен және осы игі іске мұрындық болайық, оқырмандармен кездесіп, көкейлеріндегі ойларын білейік деп аудандарды түгелге жуық аралап та шықтық. Әлбетте, жақсы пікірлер естідік, орынды ұсыныстар да айтылды. Шығарып жатқан газетімізге деген мақтау сөздерді де тыңдадық. Сарысу ауданында тұратын өте талантты жазушы, ұлағатты ұстаз, соңғы жылдары еліміздің батысы мен солтүстік өңірлерін аралап, тарихи шежірелерді жинастырып жүрген ізденімпаз ізгі жан Пернебай Дүйсенбин «Мен Қызылорда, Атырау, Ақтау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе және Қарағанды облыстарын көп араладым. Сол жақтардағы газет редакцияларына да соғып, шығарып жатқан газеттерін де оқып, таныстым, ал елге келгенде, әрине, өзімнің «Аq jol»-ымды қараймын. Сонда байқағаным, біздің облыстың газеті барлық параметрлері бойынша аналардан көш ілгері екеніне көзім анық жетті» деп, мәртебемізді көтеріп тастағаны да шындық. Бірақ апта аралатып облыстық пошта мекемесінен редакцияға келіп тұратын мәліметке қарасақ, өңіріміздегі газетке жазылым қарқыны өте сылбыр.

Мысалы, Тараз қаласын алайықшы. Еліміздегі іргелі облыс орталықтарының бірінен саналатынына және 350 мыңнан астам халық тұратынына қарамастан Тараз қаласындағы игі жақсылар осы уақытқа дейін бар болғаны 500-ден астам ғана «Аq jol»-ға жазылыпты. Ал біздің ойымызда көзі ашық, көкірегі ояу сауатты жұмысшылары, кәсіпкерлері, ұстаздары, дәрігерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, студенттері мен жастары және зиялы қауым өкілдері көп шоғырланған қаламызда осы уақытқа дейін кемінде 6-7 мың адам жазылуға тиіс шығар деген үміт пен сенім басым болатын. Жалпы, бір биыл ғана емес, бұл – жылда қайталанатын өкінішті жағдай. Облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын, енді үш жылдан соң 100 жылдығын атап өтетін «Аq jol» газетіне Тараз қаласындағы жазылым түзелмейінше, оның таралымы облыс бойынша 50 мыңға дейін өспейінше, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің де көсегесі көгермейді, ана тіліміз де кәсіпкерлік тіліне айналмайды, жарнамаға да жарымаймыз. Бұл – ащы да болса, ақиқат. Сондықтан бұл міндетті де мемлекеттік саясаттың бірі деп қарастыру керек-ақ.
«Баласағұн» концерт залындағы үлкен ән кештеріне барғанда жиналған жұртқа қарап көңілің өсіп, көзің тояды. Бәрі де малынып жақсы киінген, бәрі де оқыған, тоқыған, білімді азаматтар мен азаматшалар. Бәрі де бір-бірімен ана тілінде шүйіркелесіп, сахнадағы ән де ана тілімізде шырқалып жатады. Ал енді сол концерт сияқты мәдениет пен өнердің ажырамас бір бөлшегі – «Аq jol» газетін үйіндегі ата-анама, отбасымдағы ұлым мен қызымның рухани игілігі үшін деп жаздырып алуға келгенде, сараңдау. Дүниенің соңына түскен әлемде газет деген рухани қазынаның да пайдасы бар екенінен бейхабар сияқты марғау.
Аудандардағы жазылым мәселесі де әзірге ақсап тұр. Осы уақытқа дейін (07.12.2018 ж.) Байзақ (1304 дана), Жамбыл (1189 дана) және Қордай (1334 дана) аудандарының оқырмандары ғана мыңдық межеден асып түсіпті. Әлеуеті зор, адами капиталы мол деген Тараз қаласында бар болғаны 583 адам ғана «Аq jol»-ға жазылған. Тараз қаласын, жоғарыда айттық, ең аз дегенде 6000 данаға жазылса деген үмітіміз әлі де орындалады деп ойлаймыз. Сондай-ақ Жуалы (558), Меркі (608), Мойынқұм (388), Сарысу (275), Т.Рысқұлов (588), Талас (540) және Шу (969) аудандарындағы мәліметтер де көңіл толарлықтай емес. Ал «Аq jol» газеті облыс орталығы мен аудандардағы әрбір игілікті істі қолдап, жалпақ жұрттан алғашқылардың бірі боп сүйінші сұрайтын ақжолтай басылым. Шу ауданындағы тұрғындардың үйлеріне газ кіргізу мәселесін де сол жақтағы оқырмандар тілегімен жариялап, билік пен халықтың арасындағы дәнекер боп жүрген де осы өздеріңіздің газеттеріңіз.
Қалайық, қаламайық, енді екі аптадан кейін «Аq jol» газетіне 2019 жылға жазылу мерзімі аяқталады. Сол кезде сонау 1985 жылдың өзінде-ақ «Тараз қаласында неге қазақ мектептері мен қазақ балабақшалары жоқ?» деп коммунистік билікке халқының жанайқайын жеткізген, ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Алаш ардағы Асанбай Асқаровтың алтын басы талқыға түсіп, Бішкек қаласында сотқа тартылып жатқан тұста араша сұрап, ел азаматтарының жанашыр сөзін айтқан «Аq jol» газеті үйіңіздің пошта жәшігіне келмей қалып, ыңғайсыз күйге түсіп жүрмеңіздер. Ол үшін уақыт өткізбей облыс орталығы мен аудандарындағы пошта бөлімшелеріне барып, өздеріңіздің сөздеріңізді сөйлейтін сүйікті газеттеріңіз – «Аq jol»-ға әлі де жазылуға әбден болатынын ұмытпаңыздар, ағайындар!
Тараз қаласы.