Экономика

Ауылдағы әр үйге ауызсу, газ, жарық келіп тұр

Ауылдағы әр үйге ауызсу, газ, жарық келіп тұр

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, экономикалық өсу орталықтарында халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатын көздейтіні белгілі. Оның ішінде желілерді жаңғырту, жылумен, электр қуатымен, газбен, орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау да бар. Оның игілігін округ тұрғындары да көруде.
Рас, «Амангелді» газ кеніші орны іргемізге тиіп-ақ тұр, десек те оның өнімінің жекелеген елді мекендерге жеткізілу ісі бірден жүзеге асырыла қойған жоқ. Әрі құбыр желісі үйлерінің іргесіне дейін жеткізілген газды пайдалануы үшін тұрғындардың қомақты қаржы төлеуі тиіс-ті. Шамасы келгендері сол сәтінде белгіленген көлемдегі қаржысын төлеп, табиғи отынның «қызығын» көріп те отыр. Дейтұрғанмен иелерінің қомақты соманы бірден төлеуге жағдайы жоқ 55 үйге газ, су кіргізілмеген күйінде тұр еді. Жуырда аудан әкімі Д.Әлиевтің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі барысында бұл мәселені оңтайлы шешу жолдары қарастырылды. Жиынға бизнес өкілдері, газ құбырын тартушы мердігерлер мен осы жұмысқа жауапты мекеме, кәсіпорын басшылары да қатысқан болатын. Досмаханбет Қасымұлы мердігерлік ұйымдар басшыларына біртіндеп төлем жасау жүйесін енгізу арқылы ауылға толықтай газ берілуін қамтамасыз етуді ұсынды. Келісімге сай ендігі жерде тұрғындарға қарыздарлық сомасын ай сайын аздаған көлемде төлем жасау жолымен біртіндеп өтеуіне мүмкіндік берілді. Ал жекелеген тұрғындар газ пештерін, жылу құбырларын ғана өз қаражаттарына сатып алып, қамдады. Қалған жұмыстар мердігерлік ұйымдар есебінен жүзеге асырылды. Осылай бірден елу бес үйге «көгілдір отын» жеткізіліп, олардың қуаныштарында шек жоқ. Ауылдағы 350 үйге газ толығымен тартылды. Бүгінгі күні ауылдағы әр үйге орталықтандырылған тораптық су-құбыр жүйесі арқылы сапалы ауызсу, «көгілдір отын» толассыз келіп тұр. Енді ауылдықтар отындыққа сексеуіл, баялыш тасып та, көмір жағып, күл шығарып та әуре болмайды. Үйлері жылы, қыс кәрінен ықпайтындай халде. Осылай ойықтықтар да «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау мен көмектің игілігін көруде. Газ Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарына да толықтай жеткізілген.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында биыл ауылды абаттандыру, көріктендіру-көгеріштендіру жұмыстары да кең ауқымда жүзеге асырылды. Орталықтағы С.Шәкіров атындағы көшенің бойына 2000 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Сондай-ақ Бөлтірік шешен кесенесінің айнала-төңірегі абаттандырылды, сырты қоршалып, кесене алдына жаңа тақтатастар төселді. Бұдан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қарастырылған «Туған жер» жобасы аясында Д. Қонаев атындағы мектептің әр жылдардағы түлектері орталықтағы «Жеңіс» саябағының кіреберіс бас қақпасын орнатып берді. Саябақ іші де ретке келтіріліп, бірқатар кіші ескерткіш нысандары жаңғыртылды.
Осы орайда ауылымызда спорттың күрес түрінен облыстық деңгейде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. Қонаев атындағы турнир өткізу дәстүрге айналып отыр. Биыл екінші жыл өткізілді. Мұндай жарыс келесі жылы да жалғастырылатын болады. Бұл іске ауыл кәсіпкерлері, шаруа қожалықтарының басшылары, ауылдан түлеп ұшқан қаржылы азаматтар демеушілік көмектерін көрсетті. Қысқасы, ел елдігін жасады. Аламан жарыс ауылдықтар үшін кәдімгідей мереке болды. Мұндай рухани жаңғырулар легі шалғайдағы ауылдардың тамырына қан жүгіртіп, тұрғындарды да тың серпіліске бастайтыны, еңбекке, жаңа жетістіктерге жігерлендіретіні белгілі.
Еңбек демекші, ауылдағы тіршіліктің негізгі көзі – мал шаруашылығы. Бүгінде округ бойынша 28 шаруа қожалығы тіркеліп отыр. Осы агроқұрылымдар иеліктерінде және жеке тұрғындардың қолында 37 мың қой ешкі және 2800 мүйізді ірі қара малы, 855 жылқы мен 277 түйе бар. Əр жылғы көрсеткіштерді саралағанда, төрт түлік мал басы жылдан-жылға көбею үстінде. Тиісінше, мал көбейген соң одан өндірілетін ет пен сүт өнімдері де артуда. Сол себепті де ауылдың іргесінен арнайы қасапхана ашылып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Шалқар» шаруа қожалығы 7,4 миллион теңге несие алып, етті бағыттағы 48 сиыр сатып алып, шаруасын дөңгелентсе, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында «Əлібек» жəне «Сүгірбай-ата» шаруа қожалықтары несие алып, асыл тұқымды мал өсіруді қолға алуда. Ауылдағы өзге шаруашылықтар бұл игі бастаманы сәтімен жалғастыруды көздеп отыр. Бұл да болса ауылдықтардың бақуаттана түскенінің айғағы іспеттес.
Бүгінде 400 адамға лайықталған Мəдениет үйіміз бар. Облыстан, тіпті Алматыдан ат арытып əншілер, сатиралық театрлар келіп, өз өнерлерін көрсетіп, ауыл жұртшылығының көңілін көтеріп кетіп жатады. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған «Ақнұр» балабақшасы жəне де соңғы үлгідегі медициналық аппараттармен жабдықталған дəрігерлік амбулатория халықтың игілігі үшін мүлтіксіз қызмет атқарып тұр. Айта кету керек, аталған амбулатория базасынан жедел жәрдем бригадасы ашылып, жұмыс істей бастағаны тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Шын мәнінде де ауылдықтар бұған дейін аудан орталығы – Қаратау қаласындағы заманауи медициналық әлеуетке ие орталық ауруханаға барып қаралып, көріну үшін де едәуір уақыт жұмсайтын әрі жол да қашық. Осы істі оңтайландыру мақсатында дүниеге келген жаңа құрылым қызметінің жұрт игілігін де көріп отыр. Аталған бригаданың штаттық кестесінде 15 бірлік қарастырылған. Бұл бригада аудан орталығынан 100 шақырымдай қашықтықтағы аумақта орналасқан Ойық, Бөлтірік, Көшек, Бостандық, С.Шәкіров, Аққұм секілді 6 ауыл мен 7 бөлімшенің тұрғындарына күн, түн деместен алғашқы медициналық көмек түрлерін ұсынумен келеді. Бригадаға бекітіліп берілген заманауи медициналық құрылғылармен арнайы жарақтандырылған медициналық жедел жәрдем көлігі шақырту түсісімен-ақ, жолға шығады. Мамандандырылған медициналық көмек қажет болған жағдайда ауылдық амбулаторияға жеткізілген науқас дайын тұрған екінші бір көлікпен уақыт ұттырмай аудан орталығына жөнелтіледі. Бұдан бөлек Сейілбек, Тұрымқұл ауылдарында да жаңадан пайдалануға берілген екі медициналық бекет тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Олар тиісінше дәрі-дәрмектермен, медициналық қондырғылармен, дәрігерлік құраммен де қамтамасыз етілді. Қысқасы, округке қарасты елді мекендер тұрғындарының бұл жағына аса алаңдай қоймайтыны анық.
Округ аумағында төрт мектеп, пошта бөлімшесі, аудандық орман шаруашылығы мекемесі, басқа да әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Елді мекендер көшелері де түгелге жуық түнгі уақытта жарықтандырылумен қамтылған. Ауылдардың жолдары түзу, сапалы ауызсуы да, газы да, самаладай жарығы да бар. Қысқасы округ тұрғындары алдағы Тәуелсіздік мерекесі күнін зор серпіліс жағдайында, жаңа еңбек тартуларымен қарсы алғалы отыр. Өйткені осындай жетістіктерге қол жеткізуіміз сол тәуелсіздігіміздің арқасы. Мұны ауылдың үлкен-кішісі түгел шынайы сезінеді.

Медет ҮРІСТЕНОВ,
Ойық ауылдық округінің әкімі.

Талас ауданы.