Дамудың даңғылына бастайды
Дамудың даңғылына бастайды
Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеру керектігі ерекше атап көрсетілгені белгілі. Жалпы ауыл шаруашылығы – ел экономикасын алға сүйрейтін жетекші саланың бірі ретінде айрықша қолдауға да ие. Елімізді әлемнің дамушы отыз мелекетінің қатарына енгізу жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 60, 61, 62-қадамдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді еселеп арттыру мәселесіне арналған. Осыған байланысты шаруаларға мемлекет тарапынан арзандатылған несие, субсидия, лизингке техникалар берілуде. Мұның барлығы бүгінгі таңда шаруашылықтардың аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен септігін де тигізді. Сондай-ақ Елбасы күні кешегі Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге көбейту міндеті алға қойылып отыр. Бұл аграршылар арасында зор серпіліс туындатып, оларды жаңа жетістіктерге жігерлендіруде.
«Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала» деп текке айтылмаса керек. Ел тұрғындарының азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, қоғамдық-саяси тұрақтылығы, әл-ауқаты, денсаулығы, қазіргі және болашақтағы ұрпақтың игілігі де осы салаға тікелей байланысты. Яғни агроөнеркәсіптік кешен еліміздің көркейіп, дамуы мәселесінде айрықша маңызды орын алады. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділікпен жүзеге асырылуы нәтижесінде аграрлық сектор қарқынды даму үстінде. Бүгінде салаға жаңа технологиялар көптеп енгізіліп, еңбек өнімділігін арттыруға батыл бетбұрыстар жасалуда. Ең бастысы, сырттан біреу әкеліп береді деп текке қол қусырып қарап отырмай, өзімізді өзіміз жергілікті жерде өндірілер сапалы әрі экологиялық тұрғыда таза азық-түлік өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге қол жеткізе бастадық.
Жуалылық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де жыл сайын ерен табыстарға қол жеткізумен келеді. Бүгінгі күні ауданда 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 1 өндірістік, 14 ауыл шаруашылығы кооперативі, 2407 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың ішінде жеңілдікпен несие алып, шаруашылық ісін жүйелі жолға қойып үлгергендері жетерліктей. Мал басы артуына, тұқымы асылдандырылуына мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары оң ықпал етуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Юнус» шаруа қожалығы 30 миллион, «Тойбек» шаруа қожалығы 12 миллион, «Асқар» шаруа қожалығы 12,5 миллион теңге несие алып, 117 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын алу үшін Ресей мемлекетінің Алтай аймағы кәсіпкерлерімен келісімшарт жасасса, «Төлеген» және «Ахмет» шаруа қожалықтары 100 бастан мүйізді ірі қара малын алуға құжаттарын өткізді. Сондай-ақ жоғарыда аталған мекеме арқылы қой алу үшін 15 шаруа қожалығы құжаттарын рәсімдеп, оның ішінде 13-і комиссия шешіміне сәйкес жалпы сомасы 139,7 миллион теңгені құрайтын қаржыға 4050 қой сатып алды. Төрт түлік малдың жемшөптен тарықпай, ойдағыдай қыстатылу жайы да назардан тыс қалдырылған жоқ. Бұл тұрғыда 133 935 тонна пішен, 7 150 тонна пішендеме, 8 110 тонна сүрлем, 14 425 тонна сабан алдын ала дайындалды.
Жолдауда атап көрсетілгендей, мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет-ақ. Шаруалар үшін, әсіресе «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігі мол екені байқалуда. Сондықтан да аталған бағдарламаның қолданылу мерзімінің 2025 жылға дейін ұзартылғанына біз де қолдау білдіреміз. Бұл – өте маңызды шара. Бүгінгі күнге дейін бұл бағдарламаның игілігін жуалылық агрокешен еңбеккерлері де көрудей-ақ көріп келеді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникаларының жаңартылу көрсеткіші де жылдан-жылға артуда. Қазір қолда бар тракторлардың жалпы саны 814 бірлікті құрап отыр. Оның 737-сі – доңғалақты трактор. Ал науқандық жұмыстарға ұзын саны 638 трактор күші жұмылдырылып, бұл егістік көлемін ұлғайтып, егінді уақтылы жинап алуға үлкен сеп болып отыр. Биылғы жылдың 9 айында 265,5 миллион теңгеге тағы да 19 трактор, 3 комбайн және 8 ауыл шаруашылығы тіркемесі алынды. Оның ішінде 10 трактор, 3 комбайн және 6 тіркеме лизинг жүйесімен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-дан алынған. Ауыл шаруашылығы техникаларының жалпы саны 1388 дананы құрайды. Бүгінгі күнге дейін оның 1160-ы геопартал жүйесіне енгізіліп қойылды.
Ал аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 218251 гектарды құрайды. Оның ішінде 97 910 гектары – егістік жер, суармалысы 8093 гектар көлемінде. Биыл 11 400 гектар бидай, 22 323 гектар арпа орылып, 80 261 тонна өнім жиналды. Әр гектарға шаққанда орташа түсім 23,8 центнерден айналды. Сондай-ақ 23 502 гектар алқапқа майлы дақылдар себіліп, одан 14 324 тонна өнім жиналды. Орташа түсім 7,3 центнер көлемінде. Одан бөлек 300 гектар жүгері, 650 гектар көкөніс егілді. Жүгеріден 1 800, көкөністен 15 665 тонна өнім түсті. Бақша өнімдері де толық жиналып алынды. Ал, алдағы жылдың өнімі үшін 11 000 гектар алқапқа күздік бидай егу жоспарланған, бүгінгі күні дән себілген алқаптың жалпы аумағы 8100 гектарды құрап отыр. Қант қызылшасы индикаторлық жоспарға сәйкес биыл 380 гектар жерге егілген болатын. Қазіргі уақытта 242 гектар алқаптан 2904 тонна өнім жиналды, орташа өнімділік гектарына 120 центнерден айналуда. Қант зауытына барлығы 1199 тонна өнім өткізілді. Қазу жұмыстары одан әрі жалғасуда.
«Минагро» бағдарламасы бойынша ауылдық округтердегі 1343 шаруа қожалығының 3314 мемлекеттік актісі мен 80 669 гектар егістік жері геопарталға енгізілген. Бұл тұрғыдағы жоспар 95,6 пайызға орындалып отыр. Сондай-ақ аталмыш жүйе бақылауымен 26 шаруа қожалығының 32 мемлекеттік актісі мен 5339 гектар жайылымдық жері де қамтылды.
Үстіміздегі жылдың 10 айында өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіге қарағанда мал басы да біршама өскені байқалуда. Бұл тұрғыда жоспар мүйізді ірі қара малы бойынша – 106, қой мен ешкіде – 108, жылқыда – 108,5, үй құстарында – 106,5, ет өндіруде – 104, сүт өндіруде – 104,2, жұмыртқа өндіруде 104,2 пайызға орындалды. Ет экспорты бойынша да табысқа қол жетіп отыр. Атап айтқанда, «Меркі» ет комбинаты» ЖШС-мен «Оңтүстік Халал тағамдары» ЖШС-на 185 тонна орнына 240 тонна қозы еті өткеріліп, бұл тұрғыдағы жоспарымыз 130 пайызға асыра орындалды.
Атап өтерлік тағы бір жай, Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру ісі қайта қолға алынып отыр. Соңғы жылдары аталған түйнекті дақыл алқаптарының көлемі бірнеше есеге ұлғайтылды. Биыл 2480 гектар көлемінде егілді. Жиналған өнім 57 536 тоннаны құрап, орташа гектар қайтарымы 232 центнерден айналды. «Зылиха» шаруа қожалығының 50 гектар картоп алқабында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы алынған жаңбырлатып суаратын құрылғы көмегі пайдаланылды. «Гамбург» ЖШС-да 1253 гектар егістік алқабына осындай су үнемдеу технологияcын орнатып, оның ішінде 330 гектар жүгері мен жоңышқа алқаптары ылғалдандырылуына қол жеткізгенін атап өту ләзім. Сондай-ақ жайылымдықтарды суару үшін «С.Тотаев» шаруа қожалығы – 3, «Тілек» шаруа қожалығы 2 құдық қаздыртып, игіліктеріне жаратуда.
Ірілену – бүгінгі күннің басты талабы екені белгілі. Бұл ретте бүгінгі күні ұсақ шаруа қожалықтары жер телімдерін біріктіру арқылы серіктестік түрінде шаруашылықтар құруда. Осындай жолмен өткен жылы 45 шаруа қожалығы 1 546 гектарлық алқаптарын біріктірді. Биыл 102 шаруа қожалығы иеліктеріндегі жерлерді бірлесе пайдалануды шешті. Оның ішінде «Көлтоған Болашақ» – 18, «Агроордаған» – 15, ал сүт кластері бағытындағы «Жуалы Алатау» 15 шаруа қожалығы негізінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып отыр.
Ауылдық тауар өндірушілердің өздері өндірген азық-түлік өнімдерін тұтынушыларына ешқандай да делдалсыз, тікелей өткеруі үшін Нұрлыкент ауылы тұсындағы күре жол бойынан жәрмеңке ұйымдастыру орны ашылған-ды. Бұл өнім өткерушілер үшін де, жергілікті тұтынушылар үшін де тиімді екені дәлелденіп отыр. Сондай-ақ аудан шаруалары өсірген өнімін осы күз айында Астана мен Тараз қалаларында өткен ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкелеріне сатылымға шығару мүмкіндігіне ие болды. Ал ауданда әрбір сенбі күні ауыл шаруашылығы өнімдері «Сарыағаш» базарында тұрақты түрде сауда-саттыққа қойылуда.
Қорыта айтқанда, аудан шаруашылық-тарының бүгінгі бет алысы жаман емес. Бірі диқаншылыққа бет бұрса, енді бірі асыл тұқымды мал өсіру бағытын таңдап отыр. Мұның бәрі Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалуының, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған көмек пен қамқорлықтың жылдан- жылға артуының арқасында мүмкін болып отыр деп сеніммен айта аламыз. Алдағы уақытта да ауданның ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері Жолдау жүктеген міндеттердің үдесінен шығу жолында аянбай еңбек ете беретін болады.
Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Жуалы ауданы.