- Advertisement -

Келісіп пішкен тон келте болмайды

58

- Advertisement -

Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданымызда да қызу қолға алынуда. Атап айтқанда, ауданда суармалы егіс алқаптары көлемін ұлғайтуға байланысты алғашқы қадамдар жасалып отыр. Осы жұмысты жандандыру мақсатында аудан әкімдігі жанынан аудандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі комиссия құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамына бұрындары шаруашылық басқарған тәжірибелі агрономдар, гидротехниктер, басқа да осы салаға тікелей қатысы бар азаматтар енген.
Жиынды Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев ашып, комиссияны құруда көзделген мақсат пен алдағы атқарылар жұмыстардың жоспарымен бөлісті.
– Мемлекет басшы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздегі суармалы егіс алаңын таяу жылдар ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу міндетін алға қойғаны белгілі. Жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Жалпы біздің ауданымызда да егін шаруашылығы саласының кенжелеп қалғаны баршаға мәлім. Едәуір көлемде суармалы алқаптары бар Кеңес, Бірлік, Биназар, Қызылтал, Қызылотау ауылдық округтерінде болған тұрғындармен кездесулерде осы мәселе тағы да көтерілді. Халықтың сұранысына орай бұл ауылдарда суармалы егістіктерді мейлінше тиімді пайдалану мақсатында каналдарды тазарту жұмыстарын бастап кеттік. Бұл жұмысты жүргізу үшін Тараз қаласы мен Шу ауданынан К700 маркалы, сондай-ақ бірқатар доңғалақты және шынжыр табанды тракторлар мен басқа да қажетті техникалар алдырттық. Олар Айдарлы, Көкжелек ауылдарындағы каналдарды тазалауда. Сонымен бірге Айдарлы мен Бірлік ауылдарының 300 гектар егістік алқабын жыртып, сүдігер көтеруге көмектесті. Биыл суармалы 5 мың гектар жерді жыртып, келер жылы оның 1 мың гектарына жүгері, қалғанына арпа егуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жекеменшікке өтіп кеткен «Бірлік», «Биназар» каналдарын қайтарып алдық. Енді ол каналдарды «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына өткіземіз. Алдағы уақытта ауданымыздың өзінен су шаруашылығымен айналысатын арнайы бөлім ашатын боламыз.
Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген жақсы сөз бар ғой. Кезінде осы ауданда 10 мың гектар жерге жүгері егіліп, одан мол өнім жиналыпты. Сол қайнаған қызу еңбектің ортасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Қазір де аудандағы суармалы егістік алқаптарын тиімді пайдаланып, мол өнім жинауға мүмкіндік бар, – деген Мәден Тоқтарбайұлы комиссия мүшелерін емен-жарқын әңгімелесуге шақырды.
Алғашқы болып сөз алған ауданның Құрметті азаматы Төлеген Әбдікерімов:
– Бұрын ауданда 16670 гектар суармалы жер болды. Ол жерден кезінде 19 мың тоннаға дейін өнім алғанбыз. Әрбір шаруашылықта кемі 40-50-ден техника бар еді. Ал қазір ауданда суармалы 8 мың гектар ғана жер қалып отыр. Жер жеке азаматтардың қолына өткелі дұрыс игерілмеуде. Оның басты себебі – ағын су кеш келеді, әрі жетпейді. Жерді игеретін диқандарда техника жоқ. Соңғы 10 жылда ел егістіктен күдер үзіп те үлгерген сияқты. Бүгінгі бастама бізді қуантып отыр. Бастаманы қолдаймын, бұрынғы шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы ретінде қолдап өз көмегімді беретін боламын, – деді.
Көкжелек ауылының қариясы Әскербек Нұрмайылов та Талайдан бос, тың жатқан егістік алқаптарының игеріле бастауы ел-жұртты игілікті істерге жігерлендіріп отыр. Біздің «Амангелді» кеңшарының кезінде 2 мың гектарға жуық жерге жүгері егіп, одан мол өнім алатын. Сонымен бірге ауылымыздың аты тары егумен де танылған. Бүгінде каналымыз тазаланды. Бұдан былай қарай су уақтылы берілетін болса, егіншілікпен айналысу ісін жандандыратын боламыз» деген пікірін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің бастамасына «Байрам» шаруа қожалығының жетекшісі Қасым Байрамов, еңбек ардагерлері Н.Есілбаев, О.Нұрлыбаев, Б.Қозиев, Ғ.Қашқымбеков, Қ.Несіпбаевтар қолдау білдіріп, өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Мәден Мұсаев сүдігер жыртумен бірге, алдағы жылдың өнімі үшін тұқым дайындау, ауыл шаруашылығы техникаларын алу керектігіне де тоқталды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл ретте округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support