Саясат

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ БІР ҚАЙНАРЫ

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ БІР ҚАЙНАРЫ

Ұлттық сананы жаңғыртуда архивтердің рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи бағдарламалық мақаласында Ұлы Даланың өркениетіне, мәдениетіне, тарихына, тұрмысына қосқан үлесін айғақтауда және орнықтыруда «Архив – 2025» бағдарламасын жасауды тапсырды. Мұндай міндет осыған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып келді. Ендігі жерде біздің қандай бағытта нақты жұмыстар жүргізуіміз керек екендігін Елбасы көрсетіп берді. Шын мәнінде қазақтың санасына тағы да бір серпін, сілкініс әкелген мақала – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. Онда «уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп атап көрсетілген ұлттық тарих – рухани байлығымыздың өзегі. Ал сол тарихты жинақтап, сақтайтын әрі жариялайтын мекеме архив екені айдан анық.

Жеті жылдық бағдарламада Ұлы Далаға қатысты көптеген іс-шаралар жүзеге асырылатыны сөзсіз. Осы орайда облыстың мемлекеттік архивінің қызметкерлері бұрын қалыптасқан тәжірибені байыта отырып, өзге елдердегі тарихи құжаттарды алуды жоспарлап отыр. Әрине, біздің жоспарымыздың жүзеге асуы үшін, ең алдымен, қолдау қажет. Елбасы осы бағдарламаны жүзеге асыруда архив ісінің негізгі бағыттарының бірі – ғылыми және әдістемелік жұмысты жетілдіруді міндеттеді. Тарихи деректерді тану, оларды саралай білу – архив қызметкерлерінің басты міндеті. Осы орайда біз елімізге қажетті құжаттарды өзге мемлекеттердің архивтерінен жинақтай отырып, көпшілік пайдалана алатын жаңа дерек қорларын жасақтай білуіміз аса маңызды. Осы орайда тарихи құжаттарды жаппай цифрландыру жұмысын жетілдіру қажеттілігі туындайды. Бұл бағытта облыстық архив қызметкерлері соңғы 5 жылдан бері архив қорларында сақтаулы құжаттарды цифрландыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін мұрағатшылар 2 674 603 парақ болатын 32519 тарихи құжат цифрланды. Көкірегі ояу, көзі қарақты азамат осындай ырғақпен облыс архивіндегі 500 мыңға жуық тарихи құжаттарды цифрландыру ұзақ уақытқа созылатындығын аңғаратыны анық. Сондықтан да ең алдымен, архивтердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша күшпен қамтамасыз етуге назар аударулары қажет қой деп ойлаймын. Сонда ғана архив қорында сақтаулы цифрлы құжаттар кешені, интернет технологиялары арқылы жұртшылыққа қолжетімді болады. Биылғы жылы облыс басшылығының қолдауымен құжаттардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін архивке бірыңғай автоматтандырылған архив жүйесін құруға құны 15 миллион теңге болатын жаңа электронды бағдарлама сатып алынды. Оның іске қосылуына байланысты келесі жылдың басынан сала бөлімдері осы бағдарламамен жұмыс жүргізеді. Бұл бағдарлама архив қызметкерлері мен пайдаланушыларына көптеген мүмкіндіктер ашатыны сөзсіз.
Орай келгенде айта кету керек, жақында ғана Ұлттық архив республика архив қызметкерлерінің қатысуымен құжаттарды цифрландыруға байланысты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Осы іс-шарада «Электрондық құжаттардың бірыңғай архиві» құрылатындығы белгілі болды. Бұл жұмыс келесі жылы жүзеге асырылады.
Елбасының тапсырмасына орай барлық саламен бірге архив саласы да цифрландыру түріне көшіп жатқанын көпшілік біледі. Бұл – еліміздің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторларының бірі. Сондықтан әр өңірде осы бағыттағы жұмыстар бірінші кезекке қойылуы тиіс. Электронды құжаттар қоймасы архив ісінің процесін автоматтандырып, орталықтандырумен қатар, жұмыс барысын оңтайландыратыны да көңілге қонымды. Сондай-ақ нарықтық заман талабына сай архив саласы ақылы қызмет көрсетуге көшетіндігі турасында да осы жиында айтылды.
«Архив – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру аса маңызды екені түсінікті. Сондықтан да қазіргі күні архив қызметкерлері қолда бар дерек көздерін пайдалана отырып, өзге өңірлердегі архивтерде Ұлы Далаға және облысқа қажетті қандай құжаттар бар екендігін зерделеуде. Осы жұмыс жүзеге асырылғаннан кейін мұрағатшылар Ташкент, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Бішкек қалаларында жұмыс істеуі әбден мүмкін. Тарихи құжаттарды жинақтау үшін біз, ең алдымен, жоғарыда аты аталған қалалардағы архивтерде біздің Ұлы Даламызға қатысты қандай құжаттар бар екенін білу міндетін шешудеміз. Осы орайда бұған дейін Орталық, Ұлттық архивтер алған құжаттарды алудың қажеттілігі жоқ екендігін түсіне отырып, біз бұрын беймәлім болып келген тарихи құжаттарды алуды ойластырудамыз.
Келешекте мектептер мен барлық өңірлердегі музейлердің жанынан құрылатын тарихи-археологиялық қозғалыстардың мүшесі бола отырып, біз туған жердің тарихын айшықтауда жаңа міндеттерді жүзеге асыратынымыз анық.

 Қалдыкүл БАШЕНОВА,
                           облыстың мемлекеттік 
                             архивінің директоры.