- Advertisement -

Сот органдарынан шығатын құжат тарға апостиль қою рәсімі жеңілдеді

65

- Advertisement -

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекіп, алыс-жақын шетелдермен байланысы нығайып келеді. Халықаралық қарым-қатынастардың аясы кеңейе түсті. Ал бұл өз кезегінде маңызды құжаттар айналымын рәсімдеу жүйесін реттеу қажеттілігін туындатқаны белгілі. Оның ішінде бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан құжаттар да бар. Мәселен, бір елден екінші мемлекеттің аумағында ұсынылатын құжаттың заңдылығын растау үшін апостиль қою керек. Жалпы «Апостиль» термині нені білдіреді? Алдымен осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.
Апостиль – құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба (штамп). Алғаш ресми құжаттарға апостиль қою қызметі 1961 жылы Гаага конвенциясында қабылданған. Ол шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын бірқатар нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі.
Гаага конвенциясы – азаматтық немесе коммерциялық мәселелерде сот және соттан тыс құжаттарды шетелдік тарапқа беру мен ұсынудың ең тиімді механизмін қамтамасыз етуге арналған халықаралық процестегі маңызды әрі көпжақты халықаралық келісім. Ол осыдан 57 жыл бұрын қабылданғанына қарамастан, қазірдің өзінде оған қатысушы мемлекеттер саны 107-ден асты. Соның ішінде Қазақстан Республикасы да бар.
Шетелдерге жолданатын апостильден­ген құжаттар – мемлекеттің келбеті іспеттес. Елімізде өз өкілеттігі шегінде апостильдеу құзіреті 9 мемлекеттік органда бар. Ал сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) апостиль қояды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев былтырғы Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету процесін оңтайландыруды тапсырғаны мәлім. Осыған орай мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне тиісті өзгерістер енгізіліп, биыл 13 қаңтардан бастап Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің облыстар, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдарына, яғни Соттар әкімшілеріне «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызмет түрін көрсету өкілеттігі берілді. Соған сәйкес ресми құжат пен мемлекеттік баж салығы төленгені туралы түбіртек ұсынылған жағдайда апостиль қоятын лауазымды тұлға ретінде Соттар әкімшісінің жауапты маманы бекітіліп отыр. Қызметті алушылар тікелей қызметті берушіге жүгінген кезде, жауапты маман сот органдарынан шыққан ресми құжаттың дұрыстығын, сонымен қатар құжатқа қол қойған лауазымды тұлғанын қолын, тиісті сот мөрі мен мөртаңбасының айқындығын тексереді.
Құжаттың пәрменділігін растайтын рәсімдердің шынайылығын тексеру қызметін ұйымдастыру мақсатында Жоғарғы Соттың порталында республикадағы қызмет атқарып жатқан судьялардың қолы мен соттар мөртаңбаларының электронды нұсқасы енгізілген сервис құрылған. Сервистегі ақпараттың өзектілігі мен оның жаңартылуын бақылау тоқсан сайын жүргізіледі.
Енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін біршама қысқартуға мүмкіндік туғызып отыр. Әсіресе қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді. Енді азаматтарға Астана қаласына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына барудың қажеттілігі жоқ, тек әкімшілік-аумақтық бірлікке, мысалы, облыс орталығы Тараз қаласына келсе жеткілікті. Бұл азаматтардың уақыты мен жолға кететін шығындарын азайтатыны сөзсіз.
«Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өтініштерді қабылдап, мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін бере алады. Жоғарғы Соттың жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2015 жылғы 30 сәуірдегі №239 бұйрығымен бекітілген «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2-бабына сәйкес, қызмет көрсету мерзімдері құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап, көрсетілетін қызметті берушінің өтініші бір жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Облыстар, Алматы және Астана қалаларында орналасқан мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне де солай. Ал басқа мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне бұл мерзім 5 жұмыс күнін құрайды.
Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенімхат бойынша өкілінің) көрсетілетін қызметті берушіге немесе мемлекеттік корпорацияға өтініш білдірген кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 1-қосымшасына сай жазылған өтінішін, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып, апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжатты өткізеді. Егер мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушының мүддесін үшінші тұлға білдірген жағдайда нотариалдық куәландырылған сенімхаты болуы тиіс.
Ал өтініш беруші тегін, атын, әкесінің атын өзгерткен жағдайда оны растайтын құжаттың көшірмелері салыстырып тексеру үшін түпнұсқасымен бірге болғаны жөн. Сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметті алғаны үшін мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек те керек. «Апостиль қою» мемлекеттік қызмет түрі ақылы негізде көрсетілетін болғандықтан міндетті түрде мемлекеттік алым төленуі тиіс. Әрбір апостиль қойылатын құжат үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға уәкілетті мемлекеттік органдардың апостиль қою үшін мемлекеттік баж салығы айлық есептік көрсеткіштің (2405 теңге) 50 пайызы мөл­шерінде әр құжат үшін 1202,5 теңге алынады.

Айнаш МАХАМБЕТОВА,
облыс бойынша соттар
әкімшісінің мемлекеттік тілді дамыту бойынша бас маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support