Көркем әдебиет тәрбиесі айрықша әлеуетке ие

69

Жеке адамның тәртібі, қоғамдық тәртіп мәселесі мені айрықша толғандырады. Мекемеде де, көшеде де, тойда да кіжіңдесіп, жеке құқын қорғап «жаға ұстасып» жатқан жұрт. Одан қалса, бірін-бірі сотқа сүйрейді. Елдің де, өзінің де осылай текке уақытын жоғалтудан кімнің ұтып, кімнің ұтылып жатқанын тап басып айту қиын. Осындайда олардың ақылына ақыл қосар, рухани байытып, кемелдендірер басты тәрбие құралы – кітаптың, оның ішінде көркем әдебиеттің оқылуы олқы соғыңқырап жатқанын іштей мойындайсың. Кітап оқыса, бүйтпес еді-ау деп ойға кетерің бар… Бүгінде ауыл-аймақтың жаман аты алысқа танылмасын деп өз ішіндегі телі-тентегін өздері тыйып, тәрбиелейтін ақсақалдар институтының жұрнағы да қалмай тұр. Оны ортамызға оралту керек-ақ. Рухани жаңғырудың басты бір өрісі – осы.
Ең өкініштісі, қазіргі жастардың сөздік қоры тым жұтаң, көбінесе бір-бірімен жаргондармен сөйлеседі. Кітап пен кино оқиғалары талқыланған жерден құлағын басып қашады. Кітапты басына жастанып оқитындары ілуде біреу ғана. Тіпті жоқтың қасында. Мұғалімдерінің айтуымен, тапсырмасымен ғана пәнге қатысты әдебиеттерді үзіп-жұлқып оқыған болады. Содан да әлеуметтік желілердегі жазбалары бытысқан қатеге толы. Не айтқалы отырғанын түптеп түсіндіре де алмайды. Олардың жазғандарын оқып отырып, олар емес, өзің ұяласың. Көсем де шешен тіліңнің осыншама қорланып, мәртебесі төмендетілуі қаныңды қайнатады. Жастардың тілі – компьютердің тілі. Тәрбиені де содан алып жатыр. Ата-ананың, мұғалімдердің тәрбиесінен де пәрменді, айрықша ықпал етуші күш те сонда – ғаламторда. М.Шахановтың «компьютер басты» дейтін бейнелеуі осы жерде айқын көрініс береді.
Енді бала екі-үш жастан бастап «айфонның» ішек-қарнын ақтарып, үйреніп, соның айтқанын істесе, айдауына көнсе, оларды тәрбиелеп жатқан басты тәрбиешілер де компьютерлік технология емей, не? Компьютерден жас ұрпақты жерітіп, айырып алу қиындап, тіпті күрделеніп барады. Оның соңы неге апарып соғатынын жан-жақты жабыла зерттеуді, осынау зұлматтың алдын алуды қолға алатын мезгіл пісіп-жетілген сияқты. Компьютерлік технологияларды тілімізді, ділімізді, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтап, нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға тиімділікпен пайдалану қоғамның басты мұратына айналуға тиіс. Өйтпеген күнде істің бәрі бос болмақ. Компьютер тәрбиесі ықты-жарға қаратпайды, ұл-қызыңа былай десең, компьютер олай дейді. Сені тыңдаса, жақсы.
Жалпы тарихтан адамзат жаратылғалы бері 20 өркениет қалыптасып, дамып, ақыр соңында күйреп тынғаны белгілі. Оқымыстылар олардың бәрінің дамуына салт-дәстүрлері басты арқау болғанын зерттеп білген. Осы ретте Елбасының алға қойған Ұлт жоспарын нақты іс жүзіне асыруға байланысты батыл да тың бастамалары мен тапсырмалары қандай мағыналы, терең десеңізші! Әсіресе ұлттық кодымыз бен рухани жаңғыруымызға байланысты алдағы бағыт-бағдарларымызды қолмен сызып, көрсетіп те берді ғой! Оның насихатталуы, түсіндірілуі, орындалуы қандай деңгейде? Біраз жұрт оған тек сөз жүзінде ғана «атсалысып» жатқандай көрінері бар. Жүктелген міндеттерге нақты іспен емес, құрғақ сөзбен жауап беру бізді қай ұшпаққа шығарар дейсіз! Құрылысшы там соқса, егінші мол егін алса, шопан малын жаппай төлдетсе, міне сол үлес! Рухани жаңғырудың көші басындағы ту ұстаушылар да солар. Мінберге шығып алып, құр «өйтейік», «бүйтейік» дегеннен гөрі, нақты іс істеп, мысалы, жастар малшылар бригадасын, қоян өсірушілер фермаларын құрып, жеміс бақтарын отырғызып, сонысымен өзгелерге үлгі-өнеге болып жатса бір басқа. Біле білсек, Жолдау талқыланбайды, ол алға қойылған нақты міндет, тек орындалуымен ғана құнды. Елбасының Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жайлы тапсырмасы жүйелі насихатталуда ма? Ұлттық код мәселесінің ақ-қарасы айқындалып, жіліктеп түсіндіріліп жатыр ма?
Айтпақшы, базбір жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген «Бабалар сөзі» жүз томдығы қаншалықты жас ұрпақ кәдесіне жаратылу үстінде? Кітапхана сөрелерінде текке шаң басып тұр ма, әлде…
Рухани жаңғыру мәселесін жүзеге асырмас бұрын оның мән-мағынасын тереңдеп түсініп, алға бір нақты мақсат қойып, соны орындауға басыңды бәйгеге тігіп кірісу бәрінен де маңызды. Аталған бағдарламаларға әркім әрқалай, тыңнан жол салып атсалысуына мүмкіндіктері бар. Мысалы, Меркі ауданында құрылған «Дархан әже» тобының жүн сабау, текемет басу, ши, кілем тоқу, құрақ құрау, күбі пісу, диірмен тарту, қымыз баптау секілді ұлттық кәсіптеріміздің қыр-сырын іс жүзінде ұғындыруды алға бағдар етіп ұстануы қандай жарасымды! Ауданның Құрметті азаматы Қайнаргүл Тәттіқұлова апай бастаған бұл топ ел-жұртты бүгінде ұмытылуға айналған қазақтың ежелгі тұрмыстық кәсіптерін жаңғыртуға, демек ұлттық кодымызды – алтын қазығымызды табуымызға үндеп жүр ғой! Мәңгілік Елге айналуымыз үшін де ұлттық ерекшеліктеріміз сөзсіз сақталуға тиіс. Осынау шеберқол, еңбекқор әжелерді Елбасы Жолдауларын насихаттау топтары құрамынан көргім-ақ келеді.
Тап осы мәселеде жоғарыда айтып өткеніміздей, кино мен әдебиеттің әлеуетті идеологиялық қару екені айтпаса да түсінікті. Алайда жазғаныңды ел оқып, тыңдамаса, оның да нәтижесі шамалы. Америка кино өндірісін мықтап қолға алу арқылы бүгінгідей әлеуетті даму жолына түскенін біреу білер, біреу білмес. Оны да жіліктеп ұғындырып жатқанымыз жоқ. Біздің телеарналарымыздың құлағында әлі де бір пісуі кем, тәжірибесі, өмірден көрген түйгені аз, өзіндік бір мектептен өтіп, шарболаттай шыңдалмаған сарыауыз жастар өкілдері отырса, телеарналардың қандай жалпы тәрбиелік қуат, әлеуеті тұрғысында әңгіме болуы мүмкін? Тіліміздің тұнығы шайқалмауына, діліміздің тұтастығы, беріктігі сақталуына да солар жауапты. Баз-бір әлеуметтік желілеріңізді шаңына тастап кетерлік ең бір жауапты салаңыз да осы.
Алда-жалда біреу менен тәрбиені неден бастаймыз деп сұраса, бөгелмей көркем әдебиетті түсініп, түйсініп, кейіпкерлері образына еніп, тұшына оқудан деп жауап берер едім. Өз басым осы көркем әдебиетті оқу ісін кітапты баспадан шығару, тарату, насихаттау ісімен үйлесімділікте қарастыру, «оқитын қоғам» қалыптастыру мәселесін ұдайы қозғаумен келемін. Біраз мақалалар да жаздым. Олардың басын қосса, бір шағын жинақ болып қалатын шығар. Мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесулерім барысында да көркем әдебиет тәрбиесі жөнінде көп айтамын. Осылай жасөспірімдер мен жастардың кем дегенде 20-30 пайызы кітапханаларға барып тіркелуге ықпал да етемін. Кітап оқыған бала қылмысқа бара қоймайды. Ақыл-ойы өзгеше жетіледі. Қалай болғанда да кітап оқу қоғамымыз һәм әрбір оқырман үшін басты өмір сүру қағидаты, салты, мәдениет те, дағды да болуға тиіс. Оқырманы көп болса, кітаптың да бағы жанғаны. Кітаптың бағы жанды деген сөз – онда жазылған тағылым-үлгі тұтастай оқырман жан дүниесімен біржола астасып кетті, жүрегіне ұмытылмастай болып жазылып қалды деген сөз. Ал кітап мүлде оқылмаса, оның тәрбиеге еш ықпалы да болмайды. Кітаптар баспадан шыққанымен, қоймалар мен кітапханаларда шаң басып жатар болса, олардан қоғамға келер қандай пайда болмақ? Осы мәселені баршамыз болып ойласар кез келді.
Тәрбие тегіршіктерінің ұзынырғасы мұнымен бітпейді. Елбасымыздың жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы жарық көргені баршаға мәлім. «Сананы тұрмыс билейді» деген тәмсіліңізге нақты жауап та осы. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» дегенді де қазекең айтқан. Мемлекет басшысының діттегені де еліміздің тұтастай бақуаттылыққа қол жеткізуі. Мұндай межеге жетудің жолдары да Жолдауда қолмен қойғандай, тайға таңба басқандай анық жазылып, көрсетіліп беріліп отыр емес пе? Рас, санамыздың жаңғыруы, рухани кемелденуіміз үшін ең алдымен тұрмыстың түзелуі, барша үшін де жайлы орта қалыптастырылуы тиіс. Осылайша алдымен қала мен даланы, сосын сананы түзеу ісі алға қойылып та отыр.
Ең бір атап өтерлігі, біздің облысымыз өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қолдауымен осы бастаманы қызу бастап та кетті. Қала күні мерекесі барысында саябақтар мен гүлзарлардың түрленіп, жаңғыртылып, еңселі ескерткіштердің еңсе көтеруі соның бір жанды айғағындай болды. Ешкім де Таразды бұрын-соңды мұндай күйде көрген емес. Биылғы көктемде басталып, ала жаздай тынымсыз жалғасқан ауқымды жұмыстардың ел игілігін де көре бастады. Саябақтардағы сәнді орындықтар, әдемі ескерткіштер, «Үшбұлақ» жағажайындағы қайықтар, аққулар мұның барлығы да жастар санасының өзгеруіне ықпал етері анық. Мұның барлығы да солардың игілігі үшін жасалған дүниелер. «Ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ері қайдан болсын» дегенді де еске салады. Ендігі жерде осындай қамқорлықты шынайы сезінетін, менің де Отаным, елім, жерім бар деп ойлайтын, мемлекет дүниесін тас-талқан етіп қиратып, бүлдіретін емес, сақтап, күтіп ұстайтын жастар буынының қалыптасатынына бек сенімдімін. Болашақтың тұтқасы да – солардың қолында, өйткені.

Баймаханбет АХМЕТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.