Өңір спорты өркендей береді
Өңір спорты өркендей береді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда халықтың
денсаулығының мығым болуына баса назар аударып келеді. Оны Президенттің әр жылдарда жолдаған Жолдауларынан айқын аңғаруға болады. Бұл ретте медицина саласымен қатар, спорт саласының да алдына үлкен міндеттер жүктелетіні талас тудырмайды. Өйткені шыныққан адамдар, спортпен айналысқан жас толқынның шымыр болатыны әлімсақтан аян. Қазақ халқы «дені саудың – жаны сау» деген сөзді текке айтпаған.
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты ағымдағы жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да спорт саласын қалтарыста қалдырған жоқ. Қандай істерді қолға алу қажеттігін қаперімізге салып өтті. Нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктеп, алдағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Биылғы және алдағы жылдың басты құжатына айналған Жолдауда айтылған барлық тапсырмалар біз үшін де құнды. Сондықтан сол бағытта жоспарларымызды реттеп, еңбек ететін боламыз.
Нұржан ЖОЛДАСБЕКОВ,
облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.
Қазақстан Президенті спорт саласын дамыту, өркендету туралы ұдайы айтып, міндеттер мен тапсырмалар жүктеп келеді. Сол арқылы барша спортшылардың рухын көтереді, қанаттандырады, шабыттандырады. Жаңа жетістіктерге жетелейді. Президент биылғы Жолдауына дейін де спорт саласындағы негізгі жұмыстардың қай бағытта атқарылатынын шегелеп айтып жүргені баршамызға мәлім. Оны қалың көпшілік әр жылдардағы Жолдаулар мен өзге де ойлар арқылы өте жақсы біледі. Әсіресе ел халқының 30 пайызын бұқаралық спортқа баулу туралы тапсырмасы қай кезде де өзінің маңызын жоймайтыны ақиқат. Бұл – барлық өңірдегі мамандардың атқаратын негізгі шаруаларының бірі әрі бірегейі.
Ол туралы Елбасы 2010 жылы жарияланған «Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да сөз қозғаған болатын. Сол арқылы біздің жұмыс ырғағымыздың қай арнада жүйеленуі керектігін жеткізген-ді. Әрине, бұл ойды тек спортшылар немесе салаға жауапты азаматтар ғана емес, барша қазақстандықтар бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай қолдағаны қаперімізден шыққан жоқ. Нақтырақ айтсақ, «Отыз пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек. Осындай жағдайда ғана біз дамуды көре аламыз», – деген Мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірлеріндегі сала мамандарына үлкен жауапкершілік пен сенім артқаны баршаңызға мәлім. Ал сенімнің үдесінен шығу – асыл борышымыз. Оны біз жүрегімізбен сезінеміз. Сондықтан да талмай, шаршамай еңбек етіп келеміз.
Осы тапсырмалардың негізінде еліміздің барлық өңірлері секілді біздің облыста да жылдар бойы ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, өңір халқының бұқаралық спортпен шұғылдануына, спортшыларымыздың сан түрлі аламандарға қатысуына барлық мүмкіндіктер қарастырылғанынан көпшілік хабардар. Ол туралы мақалалар мен хабарлар облыстық басылымдар мен телеарнадан көрсетілді. Жұмыс қарқыны қойылған талаптарға сай үдей түсті. Ең бастысы саннан сапаға көшу керектігін түсінген барлық елді мекендердегі азаматтар түйсініп, бұл істе белсенділік танытып, жылдар бойы көрсеткішті сөзбен емес, іспен айғақтай білгені жүректерге қуаныш ұялатады. Қарқын уақыт өткен сайын арта беретіні түсінікті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылғы Жолдауында да спорт саласына айрықша назар аударғанынан көзі қарақты көпшілік хабардар. Өйткені телеарналардан көрді, әр деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыды. Тереңірек танысты. Елбасының пәрмені бізді қанаттандыра түсетіні мәлім. Ал жаңа тапсырмалар барлық облыстарға тың серпін беретіні сөзсіз. Жүктелген жауапкершіліктің жүгі қашанда ауыр. Алайда іскер азаматтар біріксе, алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны ілгеріден белгілі деп ойлаймыз.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын, мемлекет дамуының стратегиялық құжатына айналған Жолдауда: «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет.Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.
Сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет», – деген Президент сөзі біздің алдағы жұмысымыздың бағдаршамына айналатыны сөзсіз.
Ел Президентінің бұл тапсырмасы қазақстандықтардың спортқа деген қызығушылығын одан әрмен арттырып, дені сау ұрпақтың қалыптасуына, саламатты өмір салтын ұстануына түрткі болатыны белгілі. Жоғарыда жүктелген міндеттерді жүзеге асырудың арқасында көптеген өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен өз шешімін табатындығы анық. Оған еш күмәнданбаймыз. Әрі Президент ойы біздің жанымызды жадырата түседі. Бірқатар елді мекендер де тапсырма аясында атқарылған жұмыстардың жемісін көріп жатса, жалынды, дарынды, қарымды жастар спорт секцияларына жылдағыдан да көп жазыла түссе, бұдан баршамыздың ұтатынымыз ақиқат қой. Әрі жаңаша серпіліс, қарқын пайда болады.
Қалай болған күнде де облыстың спорт саласы осы кезге дейін даму үдерістерін бастан өткізіп келеді. Бұл – заманның, уақыттың талабы. Өйткені уақыт деген зымыран бір орнында тұрмайды. Жаңашылдыққа бет бұруымызды қалайды. Сол себепті біздің де бір орында тұрып қалуға немесе кері кетуге қақымыз жоқ. Саңлақтарымыз ел намысы сынға түскен байрақты бәсекелерде алтын, күміс, қола жүлделерді иеленіп, мемлекет мерейін, өңір абыройын арттырып жүр. Олардың табыстарымен мақтанамыз, шаттанамыз. Оны Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарын, Азия біріншілігі мен Азия ойындарын көріп жүрген спорт жанкүйерлері мен жанашырлары бес саусақтай біледі. Өрендердің табысына шын жүректерімен қуанады.
Жампоздарымыз алдағы уақытта да сенім үдесінен шығуды көксейтіні жасырын емес. Өйткені қолдау бар жерде құлшыныс та зор болады. Алда жаңа белестер, таудай биік армандар қол бұлғайды. Ал Президенттің өзі спортшыларды, спорт саласын қолдап отырған шақта алымды сайыпқырандарымыздың жан аяп қалмасы ақиқат. Себебі Президенттен кейін мемлекет Туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқататын да осы оғландарымыз емес пе? Ендеше өңір мен ел намысын лайықты түрде қорғап жүрген өрендеріміз бағындыратын биіктер әлі алда деп айтуға негіз бар. Және солай болатынына күмәніміз жоқ.
Жалпы алғанда, Президенттің биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру үшін біздің өңірде қандай жұмыстар қолға алынуы керек? Алғышарттар ретінде нендей мәселелерге аса зор ынтамен ден қойғанымыз ләзім? Істің көзін тауып, ұқсата білудің жолы қандай? Мұндай сұрақтарға жауап беру – міндетіміз. Әрине, сала мамандары жұмылған жұдырықтай іске кірісіп, нақты жұмыстарды қолға алғаны дұрыс болмақ. Сонда ғана іс өнеді. Бұл ретте 100-ден кем емес дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тапсырмасының ауқымы зор. Оны іске асыру үшін алдымен облыстағы барлық аудандар мен елді мекендердегі жағдайларды зерделеп, жұмысты жүйелеу аса қажет деп есептейміз.
Бұл бағыттағы істі ілгерілетуге құлшынысымыз зор. Қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Тиісті деңгейде әрекет етіп жатқан жайымыз бар. Барлық мүмкіндіктерді таразылап, нақты шараларды қолға ала бастадық. Соның нәтижесінде біздің облыста инфрақұрылымын дамытуды аса қажет ететін елді мекендердің тізбесі мен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 6 жоба (Жамбыл ауданы Аса ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы, Қордай ауданы Отар ауылы, Байзақ ауданы Түймекент ауылы, Шу ауданы Төле би ауылы, Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылы) анықталды. Аталған елді мекендерді біз әрқашан назарда ұстайтын боламыз. Туындаған мәселелерді зерделейміз, саралаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен қаржыландыру тетігі нақтылануда (Министрлік тарапынан ортақ қаржыландыру ұсынылып отыр: РБ – 70%, ЖБ – 30%). Егер осы жұмыстар қолға алынса, сең қозғалады. Одан біздің өңірдің ұтпаса, ұтылмайтыны сөзсіз дер едім.
Жоғарыда айтылған мәселе әлбетте алдағы уақытта өзінің шешімін табады деген сеніміміз бар. Алайда тек аталған жоспармен тоқтап, кідіріп қалуға болмайтынын жақсы түсінеміз. Өйткені облыс орталығы саналатын Тараз қаласында да көптеген жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуы керек деп есептейміз. Осы бағыттағы шараларды да рет-ретімен талапқа сай орындауымыз керек. Сол себепті, қазіргі таңда жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен Тараз қаласында үш бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Біле білген адам үшін бұл да аса ауқымды іс. Ойымыз іске асса, шаһар тұрғындарының спортпен айналысу мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түсетіні рас. Бұл дегеніміз Президент тапсырмасының тиянақты орындалуының көрінісі болмақ.
Спорт саласын өркендетуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов зор ықылас танытып отырғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Өңір басшысының қолдауы да сала қызметкерлеріне зор міндеттер жүктейтіні аян. Себебі талай тарландар шыққан облысымыздың мүмкіндігі мен әлеуеті әлі де мол деп айтуға негіз жеткілікті. Шарболаттай ширыққан жас таланттарымыз көп-ақ. Олардың спортшыға тән барлық мүмкіндіктері кеңінен ашылуы үшін нысандардың көптеп салынғаны жөн-ақ. Сонда оларда таңдау болады. Таңдау бар жерде нәтиженің көп күттірмейтіні әуел бастан дәлелденіп қойған жоқ па?
Жалпы алғанда спорт нысандарының құрылысын жүргізу картасына сәйкес, 2019-2021 жылдары 28 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен Тараз қаласында жеңіл атлетикалық және гимнастикаға арналған манеждердің құрылысы салынады деген жоспар бар екенінен жұртшылық хабардар. Естеріңізде болса, 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Жазғы Олимпиада ойындарына біздің өңірден Михаил Красилов деген спортшы қатысқан болатын. Әлбетте алдағы уақытта бұл нәтижені арттыруға мүмкіншіліктер туады деп пайымдаймыз. Ең бастысы соған әрекет еткеніміз жөн. Алайда бәріне де уақыт керек қой. Жоғарыда айтқанымыздай, жеңіл атлетикалық және гимнастикаға арналған манеждер салынған жағдайда жас таланттарымыз бен қара домалақтарымыздың осынау спортпен шұғылданып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуіне, ысылуына, шеберлігін шыңдауына кәдімгідей мүмкіндік туады деген ойдамыз. Себебі жағдай жасалған жерде түптің түбінде табыс болатыны ақиқат қой. Ал нәтиже дегеніміз – атқарылған жұмыстардың өтеуі. Оны тарих дәлелдеп тастаған. Сондықтан енді біз ынталанып жұмыс істеуіміз, алға үлкен мақсаттар қоя білуіміз керек.
Мемлекет басшысы ел халқының спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндіктерді туғызу қажеттігін ұдайы айтып келеді. Бұл Президенттің спорт саласын біркісідей білетінін, сала мамандарына ұдайы қолдау көрсететінін айғақтап тұр десек, еш қателеспейміз. Елбасының міндеттерін біз де қаперден шығармаймыз, сол бағытта еңбек ете беретін боламыз.
Жоғарыда айтылған тапсырмалар іс жүзінде көрініс табуы үшін халыққа спорт ғимараттарында көрсетілетін қызметтерге жеңілдіктер беру мәселесі пысықталып, жан-жақты, терең зерделенді. Нәтижесінде нақты шаралар қолға алынып отырғанын тілге тиек еткен жөн шығар. Айта кетер болсақ, «Тараз-Арена» спорт кешені, сондай-ақ «Дельфин» жүзу бассейндеріне мүгедектерге, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, көп балалы отбасылардың балаларына кіру тегін екенін еске салып өткім келеді. Бұл қадамның аталған санатқа жататын азаматтарға зор мүмкіндік туғызатыны айтпаса да белгілі. Тек соны пайдалана білсе болғаны. Сонымен қатар оқушылар мен студенттерге 50% көлемінде жеңілдіктер қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, спортпен шұғылдануға ниеті бар жандарға, ынтасы бар жастарға қолдан келген жағдайлардың барлығы да жасалуда. Енді тек ерінбей, спорт нысандарына барып, дене шынықтыруға ден қойғандары дұрыс. Саламатты өмір салтын ұстанғанның ұтары көп.
Еліміз үшін қай кезде де саламатты өмір салтын ұстану маңызды деп ойлаймыз. Ол үшін жауапты мекемелер тарапынан лайықты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жоғарыда айтып өттім. Баршамыз дені сау ұрпақ қана ірі істерді атқара алатынын өте жақсы білеміз. Олар зау биіктерге еш қаймықпастан ұмтылады, шын ниеттерімен талпынады. Мемлекеттің, Елбасының сенімін ақтау да солардың қолында. Мұны әрбір адам жан жүрегімен түсінгені дұрыс шығар.
Ақиқатын айтсақ, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолдан келген шараларды қабылдап, мүмкіндіктердің бәрін жасаудамыз. Алдағы уақытта да сол бағытымыздан жаңылмаймыз. Мәселен, қазіргі кезде қолжетімді деп танылған 1 605 спорт нысаны анықталып отыр. Оның басым көпшілігі облыс орталығы Тараз қаласында орналасқан. Атап айтар болсақ, Тараз қаласында 517 нысан бар болса, облысымыздағы барлық аудандарда 1 088 нысан қолжетімді деп танылған екен. Осы жұмыстардың өзі өңірімізде тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндіктердің молынан қарастырылғанын айқындап тұрған жоқ па? Тек адамдар уақытын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануға талаптанса болғаны. Әлбетте, бұл бағыттағы жұмыстар да тоқтап қалмай, жалғасын табады. Себебі бізде көзделген меже бар. Сол межеге, көрсеткішке қол жеткізу үшін аянбай тер төгуіміз, өңір халқының спортқа деген қызығушылығын арттыруға күш салуымыз керек. Сондықтан бізге ілкі сәтке де еркінсуге, жұмыс ритмін бұзуға болмайды. Өз ісімізге мұқият қарап, міндеттерімізді ойдағыдай жүзеге асыруға ниеттіміз және сол үшін бар күшімізді саламыз.
Өркениет көшіне ілескен біздің мемлекетте қай салада болсын даму, ілгерілеу бар екені талас тудырмайды. Назар аударып қарасақ, жыл өткен сайын талап та күшейіп келеді. Бұл – қалыпты құбылыс. Өйткені барлық саланың жұмысы алға жылжуы үшін жаңа талаптар мен жаңа ұстанымдар, идеялар туындай береді. Біз оған тыңғылықты дайынбыз.
Сабақтан тыс бос уақытта жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарын кеңінен пайдалану үшін облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт және білім басқармалары, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері арасында үш жақты бірнеше Меморандум жасалды.
Осы бағытта әзірленген іс-шаралар жобасына сәйкес, спорттық ғимараттарды соның ішінде оқу орындарының ғимараттарын тиімді пайдалану бойынша жұмыстар күшейтілетін болады. Сол арқылы жұртшылықтың спортқа, саламатты өмір салтын ұстануға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға қолымыздан келгенше еңбектенуге әзірміз.
Қай жағынан алып қарасақ та, облысымыздың спорт саласы жыл өткен сайын өркендеп, көрсеткіштері де жақсарып келеді. Үкілеп үміт артып, байрақты бәсекелерге аттандырған жампоздарымыз сенімнің үдесінен шыққанын көрген сайын кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Спортшының бар жұмысы – тынымсыз еңбек, жаттығу залында шүмектеп төгілген тер. Оның жемісі – жеңіс. Ал жеңіске апарар жолдың ешқашан жеңіл болмайтынын спорттан хабары бар адамдардың барлығы да жақсы біледі. Бейбіт заманның батырлары – біздің спортшыларымыз.
Саланың өркендеуі Мемлекет басшысының қолдауымен тікелей байланысты. Олимпиада ойындарына аттанарда саңлақтарымызды Елбасының қабылдап, олардың жігерін жанитынынан баршамыз хабардармыз. Ол аз десеңіз, аталмыш аламанда атой салып, жүлде алған сайыпқырандарымызға аса зор көлемде қаржылай сыйақы табысталып жатады. Мұны спортшыларға жасалып отырған құрмет деп түсінеміз. Сол қолдау, құрметі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғысымыз зор.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы спортшылар қауымын қуантса, сала мамандарына үлкен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Міндеттердің бәрі де еліміздің дамуымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Сондықтан біз Елбасы Жолдауын қолдаймыз, қуаттаймыз. Жамбыл спорты өркендей береді деген ойдамыз. Оған алғышарттар да жоқ емес. Қасиет дарып, құт қонған Әулиеата өңірінің өрендері бағындыратын биіктер әлі алда.
Тараз қаласы.