Экономика

Халық несібесі салықтан жиналады

Халық несібесі салықтан жиналады

Салық жинау – аса маңызды мемлекеттік қызметтің бірі. Өйткені, мемлекеттің тіршілік тынысы, әрекеті, алдағы жоспары, көздеген мақсатына қол жеткізуі, бәрі-бәрі қазына қаражатына байланысты. Салық қызметінің негізгі міндеті – заңды және жеке тұлғалардан түскен салық есебінен халықтың қазынасын еселеу. Ел экономикасының жағдайы жақсарған сайын салық мөлшері де төмендейді. Бұл – нарықтық экономиканың негізгі заңдылығы.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Меркі ауданында салықтың болжамдық сомасы толық орындалды. Бұған ең алдымен, ауданның нақты салық салу базасын қалыптастыру, мемлекеттік және атқарушы органдармен бірлесіп, қосымша кіріс көздерін табу нәтижесінде қол жеткізілді. Осындай ішкі резервті іске қосу негізінде бірқатар кіріс көздері жаңадан анықталып, мемлекеттік бюджетке қосымша 48,9 миллион теңге құйылған. Оның 25,4 миллион теңгесі республикалық бюджетке, 23,5 миллион теңгесі жергілікті бюджетке бағытталған. Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін жүктеді. Бүгінде ауданда 4976 жеке кәсіпкер, 389 заңды тұлға тіркеуден өтіп, жұмыс жасайды. Дегенмен, мемлекеттік салық саясатының оларға жасалып отырған жеңілдіктеріне қарамай, уақытша тексеру тоқтатылғандығын пайдаланып, салық төлеуден жалтарушылық кездесіп қалады. Кез-келген өркениетті елде салық төлеу азаматтық іс, міндетті парыз болып табылады. Аудандық салық басқармасы сонымен бірінші жартыжылдықтың жоспарын артығымен орындап шықты. Яғни, салық және басқа да төлемдерден бюджетке түсетін қаржы болжамы сомасы артығымен орындалды. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылдың бірінші жарты жылының қорытындысы бойынша Меркі ауданы бойынша салық басқармасының болжам сомасы 1373,4 миллион теңгені құрап, мемлекет қазынасына нақты 1461,5 миллион теңге түсті немесе жоспардан тыс 88,1 миллион теңге салық өндіріліп, жоспар артығымен 106,4 пайызға орындалды. Әрине, көрсеткіштердің өсуі алдымен салық төлеушілердің салық мәдениетін түсінуі және салық органы қызметкерлерінің тынымсыз жұмыстарының нәтижесі. Ұжымның ұйымшылдығының арқасында қазіргі таңда салық басқармасында салық қызметін уақтылы әрі сапалы жүргізу көрсеткіштерін жоғарылату, салық төлеушілердің сенімділігін арттыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Ақпаратты қабылдау, өңдеу, тіркеу орталығы салық төлеушіге аптаның барлық жұмыс күндері, ережеге сәйкес, үзіліссіз қызмет көрсетеді. Ақпараттық технологиялардың дамуы, интернет мүмкіндіктерін пайдаланудың кеңеюі ұсынылатын электронды қызметтердің, соның ішінде салық саласындағы қызметтердің де арнасын үнемі кеңейтіп отыруға ықпал жасауда. Яғни, мекемеде электронды қызмет түрі де жақсы жолға қойылған. Құрылғанына биыл 23 жыл толған аудандық салық комитетін бірінші басқарғандар Нұрмерген Баубеков пен Бижамал Молдашева болды, одан кейініректе Болат Батырбеков, Азамат Қасабеков, Шолпанбек Бегасылов сынды білгір мамандар басшылық жасады. Бүгінде күнде салық басқармасын Мұратбек Мырзауытбекұлы Сырлыбаев басқаруда. Басқармада 19 адам қызмет атқарады. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі салық комитетінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, аудан әкімінің мақтау қағазымен, Қаржы министрлігінің мақтау грамотасымен, төсбелгілерімен марапатталған қызметкерлер бар. Салық басқармасында әртүрлі бағытта жұмыс атқаратын бөлімдер бар. Олар – ақпаратты қабылдау, өңдеу, тіркеу бөлімі, есеп бөлімі, салық төлеушілермен жұмыс істеу, өндіріп алу бөлімі және әкімшіліктендіру бөлімдері. Олардың барлығы еліміздің мүддесі үшін аянбай еңбек етуде. Өйткені, салық – халықтың ортақ қазынасы.

Бақтыбай АБАЙ, журналист.

Меркі ауданы.