АЙНҰР – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПСИХОЛОГІ
АЙНҰР – ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПСИХОЛОГІ
Еліміздің ертеңі саналатын әрбір өскелең ұрпаққа әріп танытып, оның бойына ізгілікті ұялататын ұстаздар қауымы екені сөзсіз. Ол алдындағы шәкіртіне саналы, жан-жақты тәрбие бере алуы үшін оның өзі адамгершілігі жоғары, өнегелі қасиеттері бар болуы қажет. Сонда ғана педагог тек білім берумен шектелмейтін, тәлімі мол тұлғаға айналады. Ал бұл оқушыға да оң ықпал ететіні белгілі.
Шу ауданындағы С.Естемесов атындағы орта мектептің психологі Айнұр Секербекованы сондай мұғалімдер қатарына жатқызуға болады. Білім саласында 30 жылға жуық еңбек етіп, оның соңғы 13 жылында психолог қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Айнұр Әскербекқызы аудандағы әріптестері арасында білікті маман ретінде жақсы таныс. Өзі туралы айтылатын бұл пікірді ол жуырда республикалық «Үздік психолог» байқауына қатысып, жеңіспен оралып, тағы бір дәлелдеді.
«Ең үздік жыл психологі» атанған маман «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен байқаудың аудандық және облыстық кезеңдерінде бас жүлдеге ие болған. Әр өңірдің үздіктері бас қосқан бәсекеде де А.Әскербекқызы өзінің үздік екенін көрсете білді. Ол еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 90-ға жуық ұстаздардан оқ бойы озық шығып, байқау талаптарын жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының сынынан сүрінбей өтіпті.
Алматы қаласында осымен жетінші мәрте өтіп отырған конкурста жерлесіміз «Мамандығым мақтанышым» тақырыбында эссе жазу, электронды және қағаз жүзінде партфолия дайындау, «Психологтің ғажайып әлемі» атты монолог оқу және шебер сынып жұмысын көрсету кезеңдерінің барлығына қатысып, бақ сынаған. Байқау шарты бойынша үш, жеті және жеті жылдан жоғары еңбек өтілі барлар үш топқа бөлінген. Ұзақ жылғы мол тәжірибесінің арқасында А.Секербекова бұл сыннан да үздік шығыпты. Осылайша Қазақ ұлттық университеті мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандарынан құралған қазылар алқасы бірауыздан жерлесімізді жеңімпаз деп таныған.
«Бұл мен үшін үлкен жеңіс. Республикалық байқауда жеңіске жетуім – ұзақ жылғы еңбегімнің жемісі деп ойламын. Жалпы, психолог болу үлкен жүректі талап ететін мамандық. Сондықтан мектептегі әрбір тұлға, әрбір оқушы менің оқымаған кітабым деп санаймын. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтерінің жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырғаны да сондықтан. Әр оқушымен жұмыс жүргізіп, оның ішкі жандүниесіндегі өзгерісті барлап, байқау – психологтің міндеті. Адамды жақсылыққа да, жамандыққа да итермелейтін оның ішкі ойы. Ал баланың бойындағы әлдебір өзгерісті дер кезінде аңғарсаң, ой-пікірі де тез түзеледі», – дейді психолог.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН
Шу ауданы.