Әлеумет

Жастар ісі: «Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ!»

Жастар ісі: «Біз жанбасақ лапылдап, аспан қалай ашылмақ!»

Спорт алаңдары неге бос?

Бейсенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы басқосуда алғаш болып Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров облыс әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырыстарының хаттамалық тапсырмалары мен мемлекеттік жастар саясатының қалада іске асырылу барысы туралы хабарлама жасады. Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде Тараз қаласында 14 пен 29 жас аралығында 89 216 жас ғұмыр кешуде. Бұл қала халқының 26 пайызын құрайды. Қаладағы 28 оқу орнында барлығы 49 272 білімгер білім алуда. Сөзін осындай дәйектер келтірумен бастаған Нұржан Календеров кеңестің хаттамалық тапсырмаларының орындалуына талдау жасады. Соның бірі ретінде «Тараз жастар орталығының» штаттық бірлігі 15 қызметкерге өсіп, 5 аула клубы мекеме құрамына енгізілген. Биыл орталыққа тағы бір штат бірлігі беріліпті. Мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруда 2013 жылы «Тараз жастар орталығының» бюджеті 33 миллион теңге болса, биыл 36 миллион 673 мың теңгеге артты. Оның ішінде 2 миллион 308 мың теңге облыстық бюджеттен «Жасыл Ел» бағдарламасын дамытуға бөлінген. «Жасыл Ел» еңбек жасақтарында маусым – шілде айларында 200 білімгер жұмыс атқарса, алдағы тамыз – қыркүйек айларында тағы 220 жасты еңбекке тарту жоспарлануда. Қазіргі таңда қала аумағындағы 9 нысанда 13 студенттік құрылыс жасағында 256 білімгер еңбек етуде. Сондай-ақ, жастар ұйымдарының жұмысын жетілдіруге арналған әлеуметтік маңызы бар жобаларға 11 лот бойынша 6 миллион теңге бөлініп, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қоғамдық бірлестіктері өз істерін бастап кетіпті. Тараз қаласында бүгінде 6 спорт кешені, 7 спорт мектебі, 6 стадион, 6 жүзу бассейні, 10 теннистік корт, 156 спорт алаңы, 14 жасанды төсеніші бар алаңша, 40 тир ату орны, 122 спорт залда барлығы 37 мыңға жуық жас тұрақты спортпен шұғылданатын көрінеді. Қала әкімі Н.Календеровтің хабарламасы аяқталған соң облыс басшысы бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Оның алғашқысы ретінде Кәрім Нәсбекұлы «Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ішкі істер органдарымен бірлескен нақты іс-қимыл бар ма?» деген сұрақ қойды. Бұған байланысты хабарламашы «Нақты іс-қимыл бар. Жастар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында қала әкімінің орынбасарлары, ішкі істер, прокуратура, сондай – ақ қоғамдық бірлестіктер мен білім бөлімінің қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылып, жоспарлы жұмыстар атқаруда. Нәтижесінде былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда құқықбұзушылық 10,6 пайызға төмендеп отыр» деп жауап берді. Облыс басшысы келесі кезекте «Тараз -Арена» спорт кешенінен бөлек, қалада көптеген шағын футбол алаңдары соғылып жатса да, жастардың спортқа қатысу үлесі 42 пайыздан аспай отырғанын сынға алды. «Жаңадан соғылған жасанды төсеніші бар футбол алаңдарының есігі құлыптаулы тұратынын естіп жатырмыз. Сонда біз оны кім үшін салдық? Неге осыған бас-көз болмайсыңдар? Мектептердің спорт залдарын неге біз тиімді пайдаланбаймыз? Сонда жастардың денсаулығы жақсарып, қылмыс та азаяр еді», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Айтылған сынға байланысты Н.Календеров қалада соғылған 14 жасанды төсеніші бар спорт алаңдары кешкі сағат 10.00-ге дейін ашық тұратынын, бұған жақын жерде тұратын адамдардың бекітілгенін жеткізіп, ақталғандай болды. К.Көкірекбаев Байзақ, Жамбыл аудандарынан қала аумағына қосылған елді мекендер мен саяжай иіндерінде тұратын жастардың да жағдайы назардан тыс қалмау керектігін қатаң тапсырды. Сонымен қатар «Ежелгі Тараз» қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына жастарды көбірек тарту мәселесіне мән берді. Осыған байланысты түсінік берген облыс әкімдігі мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Дүйсен Бықыбаев қазба жұмыстарына бастапқыда жоғары оқу орындарынан 50 студент қамтылғанын, қазіргі таңда 25 жас жұмыс істеп жүргенін айтты. – «Ежелгі Тараз» қалашығының орнында ауқымды қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын академик Карл Байпақовтың серіктестігі ғана жұмыс істесе, қазір төрт бірдей мердігер еңбек етуде. Соның нәтижесінде көптеген құнды жәдігерлердің көзі аршылуда. Ертеде қолданылған су құбыры жүйесі мен дуал табылды. Ендігі кезекте қаланың қақпасы іздестірілуде. Күні кеше Премьер-Министрдің хаттамалық тапсырмасында да Тараз қаласын «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрамына енгізу, археологиялық қазба жұмыстарын ЮНЕСКО деңгейінде жүргізу, тағы басқа көптеген мәселелер қамтылды. Сол себепті де мұнда алдағы бірнеше жылдың бедерінде жұмыс толастамайды. Алайда, осы жерде отырған азаматтардың көбісі ол жерге бармайды да, не жасалып жатқанын білмейді де. Қазба жұмыстарына студенттерді көптеп тарту керек. Бұл жастардың туған жер тарихымен танысуына жол ашып, рухани азық болатыны сөзсіз. Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасы мен қала әкімі осы бағытта жұмыс істеуі тиіс, – деді облыс әкімі К.Көкірекбаев.

Жастар және жұмыссыздық

Кеңестің кеңейтілген отырысында сондай-ақ «Облыс жастарының жұмыспен қамтылу барысы туралы» да мәселе қаралды. Ол бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков хабарлама жасады. Алғашқы жартыжылдықта аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне 16-29 жас аралығындағы 4552 азамат жұмыспен қамту мәселесі бойынша тіркелуге өтініш білдірген. Оның 2508-і тұрақты жұмысқа орналасып, 556-сы жергілікті бюджет есебінен ұйымдастырылатын ақылы қоғамдық жұмыстарға, 433-і «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 139 жас кәсіби оқытуға жолданған. Осы орайда Жорабек Баубеков «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының алты айлық мерзімге ғана арналғанымен, оның жастарды әлеуметтік қолдауға кең жол ашып отырғандығын айтты. Мысалы, жыл басынан бері осы бағдарлама бойынша 122 түлек мерзімдері бітпей-ақ, тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы, биыл 1966 түлекті «Жастар тәжірибесіне» жолдауға 369,7 миллион теңге қаржы қаралған. Хабарламашы өз сөзінде «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасында да жастарға басымдық беріліп келе жатқандығын жеткізді. Мысалы, былтыр бағдарлама бойынша барлығы 5349 азаматпен әлеуметтік келісім-шарт жасалса, соның 3086-сы жастар болған. Биыл 3756 адам бағдарлама қатысушысы болып танылса, соның 1635-і 29 жасқа дейінгі азаматтар. «Осындай жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 15-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыздан 4,8 пайызға, 15-28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 7,4 пайыздан 7,0 пайызға төмендеп отыр» деді Жорабек Баубеков хабарламасының соңында. Облыс әкім Кәрім Көкірекбаев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын бірден кесіп айтты. – Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бойынша республикада ең соңғы қатарда тұрмыз. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша соңғы төрт жылда 29 жоба іске қосылды. Жеті мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бір ғана Мойынқұм ауданында орналасқан Мыңарал цемент зауытында 400-ге жуық жұмысшы іске кірісті. Ақбақайда да жаңа технологиямен жарақтанған зауыт жұмысын бастады. Жақында Хантауда тағы бір өндіріс орны ашылмақ. Оның сыртында қаншама құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соғылып жатқан әлеуметтік нысандар да жетерлік. Жұмыс орны жоқ емес, бар. Мұндай ауқымды жобалар жүзеге аспай жатса әңгіме басқа еді. Осы нысандарға неге жастарды қамтымаймыз? Неге көрсеткіш төмендеп кетті? Егер жоғары оқу орындарымен, жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыс істеген болсаңдар, мұндай жағдай орын алмас еді. Не сен шара қолдан, не мен шара қолданайын, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мойынқұм ауданының әкімі Болат Мәдікенов өңірдегі өндіріс орындары арнайы мамандықты игермеген жастарды жұмысқа қабылдамайтындықтарын тілге тиек етті. Бұл мәселені шешу үшін ауданда жаңа колледж ашу қажет немесе осындағы ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын колледждің құрылымын өзгерту керек. Ал, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова жаңа мамандықтар ашу үшін Мойынқұмдағы колледждің материалдық -техникалық базасын жақсартып, біліктілік талаптарға сәйкестендіру керектігін алға тартты. «Мамандық игеремін деген жастар үшін Тараз қаласында арнайы оқу орындары бар. Жастар мемлекеттік тапсырыспен тегін оқиды, сол үшін квота бөлінген. Сондықтан жұмыс іздеген жастарды ұйымдастырып, жіберіңіздер» деді С.Құрманбекова аудан әкімдеріне. Басқосуда Жамбыл ауданының әкімі Рүстем Дәулеттің де мемлекеттік жастар саясатының өңірде іске асырылу барысы туралы хабарламасы тыңдалды. Аудан басшысы салаға бөлінетін қаржының жылдан-жылға ұлғая түскендігін, аудандық «Жастар орталығының» штаттық бірлігі 27 қызметкерге жеткендігін, жастар игілігі үшін аула клубтарының, мәдени-спорттық нысандардың үздіксіз жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті. Бір ғана биылдың өзінде Жамбыл учаскесінде, Қаламаңы, Өрнек, Қаракемер, Октябрь-Жеміс ауылдарында кіші футбол алаңдары пайдалануға беріліпті. «Геккон» спорттық-туристік клубына жартасқа өрмелеп шығуға арналған скаладром соғуға жергілікті бюджеттен 5,3 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар ол жастар кәсіпкерлігіне де жеке тоқталды. Ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында былтыр тоғыз жас азамат мал шаруашылығына, бір тұрғын жылыжай салуға несие алған. Бұл мақсатқа 20 миллион 100 мың теңге бөлініпті. Ал, биыл 45 жас азамат шағын несие алуға өтініш тастапты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да өз жемісін беруде. Бағдарлама аясында барлығы 61 жас маман ауданға келіп, еңбек жолын бастаған. Олардың 24-і дәрігер, 27-сі мұғалім, бесеуі мәдениет қызметкері, үшеуі спорт маманы, екеуі ветеринар. Рүстем Дәулеттің сөзінен аңғарғанымыз, аудан әкімінің жастармен кездесуі де дәстүрге айналған. Шығармашыл жастарды ынталандыру мақсатында «Жас дарын» байқауы жарияланып, оның қорытындысында жеті жастың әрқайсысына 50 мың теңгеден ақшалай сыйақы үлестіріліпті. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің қорытындысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мемлекеттік жастар саясатын жандандыру бағытында Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне, бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».