Спорт және туризм

Таластықтар топ жарды

Таластықтар топ жарды

«Тараз – Арена» спорт кешенінде мемлекеттік қызметкерлер арасында шағын футболдан облыстық турнир өткізілді. Осынау жарысқа 26 командадан 250 спортшы қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Бұл күні барлық команда жүлде жолында жан аяп қалған жоқ. Алаңда барын салып бақты. Әйткенмен кейбір ұжымдар жақсы ойын өрнегін көрсеткеніне қарамастан, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Ал сәттілік серік болған ұжымдар шын мықтыға тұсау болмайтынын дәлелдеді.
Жарыс барысында жүлдеден негізгі үміткер командалар ретінде Талас ауданы әкімдігінің құрама командасы мен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жігіттері айрықша көзге түсті.
Облыстық турнирді өткізу бойынша үйлестіру жұмыстарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті қолға алса, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы шараны жүзеге асырды.
Дода қорытындысында қарсыластарынан айласын асыра білген Талас ауданы әкімдігінің құрама командасы бірінші орынды иеленсе, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымы жүлделі екінші орыннан көріне білді. Ал Мойынқұм ауданы әкімдігінің құрама командасы үздік үштікті қорытындылады.


Табиғат АБАИЛДАЕВ.