Білім

Бүлдіршіндердің тұлғалық қасиетін сауат ты педагог қалыптастырады

Бүлдіршіндердің тұлғалық қасиетін сауат ты педагог қалыптастырады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының жетінші міндетінде: «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деді. Біз білім саласының қызметкерлері осы «адами капитал – жаңғыру негізі» деп атап көрсетілген міндетті өзімізге бағдар етіп алдық.
Өңіріміз бойынша күндізгімен қатар, түнгі ауысыммен де балаларды қабылдайтын бірден-бір бөбекжай – облыс орталығындағы «Алатау» мөлтек ауданында орналасқан №17 «Арнайы туберкулездік» бақшасы. Білім мекемесі күрделі жөндеуден өтіп, ағымдағы жылдың бірінші қарашасында есігін айқара ашты. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында кешенді сауықтыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Ғимараттың аймағында ағаштың алуан түрлері отырғызылған, атап айтқанда, теректер, алма ағаштары, үйеңкілер және қайыңдар мен мәңгі жасыл шыршалар, тағы басқалары. Балалардың үйлесімді дамуы мен толыққанды сауығуы үшін жас ерекшеліктеріне байланысты топтар, спорттық және музыка залдары, медициналық блок өз қызметтерін жауапкершілікпен атқаруда. Балалар жыл бойы дәрумендірілген рационалды аспен тамақтанады, аспазшылар да өз істерінің шеберлері. Олар балаларға алуан түрлі дәмді тағамдар мен тоқаштар пісіріп береді. Өйткені №17 бөбекжай-бақшаның балалары туберкулездік отбасынан шыққаннан кейін, виражды болғандықтан ерекше тамақтануды қажет етеді. Тағы бір атап өтерлігі, балабақша алты күн бүлдіршіндердің игілігінде.
Мекемеде тәрбие мен білім үдерісін 37 педагог жүзеге асыруда, сапалық құрамы 41 пайызды құрайды. Педагогикалық ұжым мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасын қолдануда. Мектепке дейінгі білім берудің сапасын жоғарылату мақсатында бөбекжай-бақшаның педагогтері тарапынан авторлық вариативтік бағдарла­малар, инновациялық шығармашылық жобалар жасалған. Тұла бойынан мейірімділік есіп тұратын тәрбиешілер балаларға әлеуметтік машықтарды меңгеруге, олардың танымдық, шығармашылық белсенділігін дамытуға көмектеседі, мектепке кешенді дайындау жұмыстарын жүргізеді. Әдістемелік жұмыс әр баланың физикалық, интеллектуалдық және адамгершілік қасиеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасауға, білім беру қызметтерін жоғарылатуға, педагогикалық шеберліктерін шыңдауға бағытталған. Алға қойылған мақсаттар педагогтермен белсенді жұмыс түрін жүргізу арқылы жүзеге асырылады: интербелсенді қатынас, дискуссиялар, рөлдік ойындар, тренингтер.
Түрлі әдістер мен тәсілдерді, ақыл-ойды дамытатын материалдарды қолдану арқылы балаларды мектепке психологиялық даярлау жүргізіледі. Сонымен қатар логопедтің қызметі де бар. Балдырғандардың қызығушылықтары мен қабілеттерін ескере келе, үйірме жұмыстары арқылы тұлғалық-бағдарланған оқыту үлгісі жүзеге асырылуда. Мәселен, «Тілашар» – қазақ тілін тереңдете оқыту, «Еркетай» – хореография, «Көңілді палитра» – бейнелеу өнері.
Барлық тәрбие­лену­шілерге консультативтік көмек беру бойынша жұмыстар, мектепке дейінгі балаларға арналған денсаулығын бекіту шаралары және орындалуда. Ата-аналар – бөбекжай-бақшамыздың сауықтыру жұмысының белсенді қатысушылары. Олар барлық спорттық ойын-сауықтар мен іс-шараларға атсалысады. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың бойында физикалық жаттығуға деген қызығушылығы тұрақты қалыптасқан, ептілік, жылдамдық, байқағыштық сезімдері дамыған.
Материалдық-техникалық базамыз әрқашан жаңартылып тұрады. Интерактивті тақта, мультимедиялық құрал, балаларға арналған заманауи жиһаздар бар. Заттық-дамыту орта педагогтің баламен өзара қарым-қатынасының тұлғалық-бағытталған үлгісіне сүйене, дамыта оқыту пікірін жүзеге асыруды ескере құрылған.
Жалпы тәрбиеші педагогтеріміз балалықтың бақытты шағындағы балдырғандарды бар ынта-шынтасымен қабылдап алатындықтан, олар да үнемі қызығушылықпен келетінін көріп қуанымыз.
«Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деген Мемлекет басшысының саяси маңызды құжатта айтқан сөзін толық құптап сол бағытта еңбек етеміз.

Райхан ЖҰМАБЕКОВА,
№17 «Арнайы туберкулездік» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Тараз қаласы.