Ана мен баланы аялайық
Ана мен баланы аялайық
Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесі денсаулық сақтау саласының ғана емес, жалпы қоғам дамуының қайнар көзі екендігі ежелден белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да бұл мәселеге айрықша назар аударған болатын. «Мәңгілік Ел» идеясының аясында әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруді межелеген Жолдауда денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық берілгені қуантады. Елбасы осы орайда «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін не істеуіміз керек?» деген сұрақты алға тартып, мәуелі мақсаттың бірі ретінде денсаулық сақтаудың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Президенттің Жолдаудағы «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Міндетті медициналық сақтандыру енгізу мәселесін зерттеген жөн. Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі» деген сөздері түсінген жанға терең ой салары сөзсіз. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз босқа айтылмаған. Елбасы Н. Назарбаевтың «Бесік иесі – әйел. Демек, әйелдің жайы түзелмей бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей мемлекетіміз түзелмейді. Әйелдің жағдайы қандай болса қоғамның жағдайы да сондай болады» деуі елдің панасы – ана мен балаға деген шынайы қамқорлығын паш етсе керек. Демек, ана мен бала денсаулығы – ұлттық мәселе. Ұлтының саулығын, ұрпағының амандығын ойлаған кез-келген адам, бүкіл қоғам болып әйелдердің өз өміріне салғырт қарауынан туындап жатқан кесір-кесапатпен күресуі тиіс. Әйел денсаулығы мықты болса, одан он екі мүшесі сау бала дүниеге келеді. Өмірге қалаулы және дені сау бала келуі үшін қазіргі заманның әрбір адамы өзінің ұрпақ жалғастыруға қабілетті денсаулығын қалай сақтау керек екендігін білуі тиіс. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, әр әйел міндетті түрде жылына бір рет алдын алу тексерісінен өтіп тұруы қажет. Сол себепті бала көтеру жасына келген (15-49 жас аралығы) әр әйел немесе қыз бала тіркелген емханаларына барып, жылына бір рет өзі үшін тиісті анализдерді тапсырғаны жөн. Бұл қызмет тегін түрде іске асады. Егер ауру түрі анықталса, дер кезінде емделулері тиіс. Ең алдымен, болашақ ана өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, жүкті болмай тұрып-ақ болашақ жүктілікке дайындалып, тексерілуі қажет. Бала көтеруге кедергі келтіретіндей көрсеткіштер байқалған жағдайда, ол мәселені дәрігерлермен бірігіп шешуі, мамандардың ұсыныстары мен ақыл-кеңестеріне құлақ салуы шарт. Жүктілігі бойынша жүкті әйел тұратын жеріндегі аумақтық емханаға диспансерлік есепке тұруы міндетті. Яғни, жергілікті (учаскелік) дәрігерге көрініп, акушер-гинекологқа есепке тұруы қажет. Өзін қандай да бір жағдай мазалайтын болса, өз бетінше емделмей, дер кезінде дәрігерге қаралуы керек. Сондай-ақ денсаулығы нашар, яғни белгілі бір ауруы бар әйел босанғаннан кейін жүктіліктің аралығына үзіліс жасауы тиіс. Бала туудағы аралық 2-2,5 жыл болу керектігі ұсынылған және бұл уақытты ол міндетті түрде денсаулығын түзеу мақсатына пайдаланғаны абзал. Себебі дені сау әйелден дені сау бала туылады. Бала тууға қолайлы кезең – 20-35 жас. Егер жүктілік бұдан ерте не кеш қалыптасатын болса, ол көптеген асқынулармен өтуі және ана мен бала денсаулығының бұзылуы мүмкін екендігі дәлелденген. Облысымыздың медициналық мекемелерінде репродуктивті (туу қабілеті бар) жастағы әйелдерге, гинекологиялық науқастарға, жүкті, босанатын және босанған әйелдерге ерекше көңіл бөлініп медициналық көмек көрсетіледі. Ана мен баланың денсаулығын нығайту – облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығының да басты мақсаты. Орталықта облыстың шалғай аймақтарындағы көпбалалы аналарға, жанұядағы жас сәбилерге, жүкті әйелдердің денсаулықтарын оңалтуға мамандандырылған көмек көрсетіледі. Бұл жерге емделушілер жергілікті бастапқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін ұйымдардан жолдамалар бойынша жоспарлы түрде Госпитализациялау бюросының порталы арқылы жіберіледі. Сауықтырылуға төмендегі көрсетулермен: жүктілігі 32 аптаға дейінгі экстрагенитальды ауытқушылығы, соның ішінде I-II дәрежедегі қаназдығы, қан айналымы бұзылмаған жүрек қан-тамыр аурулары, бүйрек және қуық, жыныс мүшелері ауруларының асқынбаған түрлері, гинекология аурулары бар жасөспірім қыз балалар, 18 жасқа дейінгі сауықтыруды қажет ететін әртүрлі ауруы бар балалар және 2-6 жас аралығындағы балалар аналарымен бірге қабылданады. Емделушілерге өз дәрежесінде ем алуға барлық жағдай жасалған, атап айтсақ: жақсы жабдықталған физиотерапиялық бөлімше, жайлы жатын бөлмелер, алты мезгілдік дәруменделген мөлшерлі диеталық тағам, психо-эмоционалдық тыныштық жағдай, физиотерапия, сумен емдеу, емдік уқалау, ингаляциялар, оттекті коктейлдер, лазерлік, мануалды емдеу, тіс емдеу, клиникалық зерттеу қызметтері көрсетіледі. Орталық бір мезгілде 150 ана мен баланы қабылдай алады. Мұны еліміздің ертеңі – балаларға деген облыс басшылары тарапынан жасалып отырған қамқорлық деп бағалаймыз. Орталығымызда жаңа сауықтыру емдеу әдістері енгізілуде. Жүкті әйелдер үшін психо-эмоционалдық босансу (релакс) және фитбол жаттығулары енгізілді. Емдік дене шынықтыру залы спорттық құрылғылармен қосымша жабдықталды. Сондай-ақ орталығымызда балаларға арналған «Құрғақ бассейн» жұмысын бастады. «Құрғақ бассейн» бала ағзасына жағымды психо-эмоционалдық жағдай мен шынықтыру әсерін беріп, орталық жүйке жүйесінің, тыныс алу, жүрек-қантамырлық, тірек-қимыл жүйелер жұмысын жақсартады. Тәрбиешілер, психологтар және кітапхана қызметкерлері емделушілер арасында түрлі іс-шаралар өткізіп, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына игі ықпал жасауда. Орталықта көрсетіліп отырған медициналық көмек, нәтижелі іс-шаралар ана мен бала ауруында созылмалылықтың болмауына, мүгедек балалардың сауықтырылған соң қалпына келуіне өте жақсы әсер етуде. Дені сау отбасының, болашақ буынның, халықтың, ұлттың негізі әйелдер мен аналарға қатысты. Еліміздегі жағдай ана болу бір ғана отбасының емес, күллі қоғамның жауапкершілігінде екендігін дәлелдейді. Оның басты міндеті әйел ананы ардақтау, отбасын дені сау баланы дүниеге әкелуге бағыттау, өскелең ұрпақ арасында отбасылық дәстүрді насихаттау. Аналар мен балалар денсаулығын сақтау міндеті тек медициналық тұрғыда ғана емес, еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясының да басты арқауы. Өйткені, таяу он жылдықтарда бүгінгі балалар мен жасөспірімдер мемлекеттің қорғаныс қабілетін, экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуметін айқындайтын болады. Бәсекелестікке қабілетті елге, бәсекелестікке қабілетті денсаулық қажет. Гүлнәр Әзімқұлова, облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығының бас дәрігері.