Құқық

Автокөлік қозғалысы алаңдатпасын

Автокөлік қозғалысы алаңдатпасын

Елдің экономикалық кеңістігінің өркендеуі ең алдымен әр өңірдің көлік инфрақұрылымының дәрежесіне тікелей байланысты. Сондықтан көлік жүйесін дамыту және орталықсыздандыру, оның қызметін мемлекеттік реттеу мәселелерін орталық және жергілікті органдар өзара бірлесіп күшейтуі қажет.

ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына және «Қазақстан Республикасы аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінің жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы ҚР Көлік және коммуникация министрінің бұйрығына сәйкес, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті төрағасының 2014 жылғы бұйрығымен Автокөлік құралдарының жүрісін бақылауды жүзеге асыру кезіндегі көліктік бақылау бекеттері қызметкерлерінің жұмыс ережесі бекітілді. Ережеге сәйкес, Көліктік бақылау бекеті қызметкерлерінің ел аумағы бойынша автокөліктердің өтуіне мемлекеттік бақылауды жүргізуге байланысты қызметі автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттармен, еліміздің көліктік және салықтық заңнамаларымен, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексімен, ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексімен, «Мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарымен, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Көліктік бақылау бекетінің қызметкері ахуалдық орталықпен (көліктік бақылау комитетінің құрылымдық басқармасы) шұғыл әрекет ету мақсатында біріншіден, автокөлікті тоқтатқаннан бастап үш сағат ішінде ахуалдық орталықтың кезекшісіне хабарлайды. Бұл ретте көліктің тіркелу нөмірін, қозғалыс бағытын, жол ережесін бұзғаны, жүріп өтуі үшін жинақталған соманы хабарлап, кейін мәліметтерді көліктік дерекқордың ақпараттық-талдау жүйесіне және қозғалыс қауіпсіздігінің мониторингіне енгізеді. Автокөлікті ұстағаннан бастап бір тәулік ішінде ұсталу фактісіне байланысты ұсынылған мәліметтермен салыстырып тексерілуі үшін ахуалдық орталықтың кезекшісіне ktk.sit@mtc.gov.kz электрондық адреске толық ақпаратты жолдайды. Жалпы, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясында 2 жылжымалы көліктік бақылау бекеті арнайы автокөлікпен қызмет атқарып келеді. Екі бекет қызметкерлері облыс аумағындағы 1053 шақырым республикалық, 2147 шақырым облыстық мәні бар жолдарда бақылау жүргізеді. Ағымдағы жылдың 6 айында жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 16748 көлік құралдары тексерілді. Мұнымен қоса, инертті жүк тасымалдаумен (карьерлік автокөліктер) айналысатын 1370 көлікті тексеруден өткізді. Нәтижесінде 10 карьерлік автокөлік жүргізушісіне, 4 мекеме басшысына 3704,0 мың теңгеден, 3 жүк жөнелтушіге 166,8 мың теңгеден айыппұл салынды. Барлығы 17 хаттама толтырылып, 7574,8 мың теңге айыппұл жазылды. Бақылау бекеттерінің жұмысы ұдайы жетілдіріліп отырады. Арнайы «Хундай», «ГАЗель» автокөліктері барлық құралдармен қамтамасыз етілген, қызметтері автоматтандырылып, бейне және аудиоқұралдармен жабдықталған. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтап, жұмысымызды ширата түсу – біздің басты парызымыз.

Талғат КАБИРОВ, облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы жылжымалы көліктік бақылау бекетінің бас маманы, ҚР «Құрметті автокөлікшісі».