- Advertisement -

Теміржолшы

162

- Advertisement -

17Байырғы теміржолшы Әбілектің отбасында маңдайы торсықтай ұл дүниеге келгенде ата-анасы, туған-туыстардың қуанышында шек болмаған. Орны бөлек баланың болашағынан үлкен үміт күтіп, ата-анасы Қабылды мәпелеп өсірді. Әкесі Әбілек жалғасым болар деп, осы перзентіне сенім артты. Сенімі алдаған жоқ.

Қабыл қаршадайынан темір жол бойындағы тынымсыз тіршілікпен тыныстап өсті. Темір жолда еңбек еткен асқар таудай әкесінің қажырлы да қайратты іс-әрекеті ерекше әсер қалдырды. Бойына жігер құйды, ойына қанат бітірді. Әкедей болу арманы биіктерге самғатты. 1978 жылы мектепті бітірген ұлды әкесі темір жолға алып келді. Қаратау локомотив депосына жұмысшы болып орналасқан Қабыл әке үмітін ақтауға бекем бел буды.
Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Қабылдың еңбектегі жаңа да жарқын жолы басталды. Өзі еңбек еткен кәсіпорны Қабылды жатсынған жоқ. Қатарына қабылдап, жігерлі жігітке сенім артты. Машинист көмекшілігін атқарған екі жыл да зымырап өте шықты. Ұстаз ағаларының ақылымен есейіп, тәжірибе жинақтап, салмақты да салиқалы ұстанымдарын қалыптастырды. Әріптес ағалары Қабылдың машинистік қызметіне күмән келтірмей, оған сәт сапар тіледі.
1983 жылдың жазында пойызды өзі басқарып, алғаш рет жолға шықты. Жеті жыл локомотив басқарған мезгіл ішінде осы саланың қыр-сырын меңгеруге тырысты. Бірінші класты тепловоз машинисі дәрежесін иеленіп, әріптестер арасында көш бастады.
Қазақта «көргені жақсы көш бастайды» деген сөз бар. Осы сөздің Қабылға да тікелей қатысы бар екендігін айту керек. 1989 жылы ол Қаратау пайдалану депосы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. Басшылық қызметте де салмақты ісімен көрінді. Ұжымның оған деген сенімі артты.
Машинистермен тікелей жұмыс істейтін учаскеге жетекшілік ету міндеті Қабылға жүктелгенде ұжым оны бірден қолдап әкетті. Машинист-нұсқаушы болып кәсіпорын жұмысын алға сүйреді. Тоғыз жыл осы қызметті мүлтіксіз атқарып, бірінші класты электровоз машинисі атанды.
Жамбыл локомотив пайдалану депосында өмірінің шуақты кезеңдерін өткізді. Басшының орынбасары ретінде толымды ісімен көрініп, лайықты қолтаңбасын қалдырды. Локомотившілердің қара шаңырағында еңбек дәстүрінің сақталуына барынша үлес қосып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
2004 жылы «Локомотив» акционерлік қоғамының филиалы «Достық» айналым депосы директорының орынбасары қызметіне бекітілді. Бұл маңызды учаскеде ысылған басшы ретінде жаңа қырынан танылды. Бірер жылдан кейін Матай локомотив сервис орталығы директорының орынбасары болып ауыстырылды. 2006 жылдан Көкшетау локомотив сервис орталығына басшылық етіп, бұл саланың өркендеуіне бір кісідей атсалысты. Маман әрі басшы ретінде Қабыл уыздай ұйыған тірлікке негіз қалап, өнегелі істердің өрісін кеңейтті. Осы орталықты басқарған жылдары «Локомотив» акционерлік қоғамының президенті Аспан Қажығұловтың қолдауымен бұл мекемені күрделі жөндеуден өткізіп, соңына жарқын із қалдырды.
«Туған жерге туыңды тік» деген даналық сөз бар халқымызда. Қай жерде қызмет етпесін Қабылдың жүрегінің түкпірінде туып-өскен мекенін түлетуге деген ерекше құлшыныс бой көрсетіп, көңілге маза бермейтін. 2008 жылы Жамбыл жол бөлімшесіне шақырту алды. Осында локомотив диспетчері болып бағын сынап көрді. Аса жауапты учаскеде Қабылдың қабілеті сыр берген жоқ. Еңбектің бал-шырынын татқаннан гөрі салмақты істердің бір қанатында жүргенді қалайтын қасиетін әріптестері мен басшылары көріп, көкейдегі ризалықтарын білдірген. Бүгінде аға локомотив диспетчері болып, осы учаскені мығым басқарып отыр.
Құрмет пен бедел биігінен көрініп, аға буынның абыройлысына айналып үлгерді. 2004 жылы «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды. 2005 жылы «Адал еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Еңбек ете жүріп Алматы темір жол институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шықты.
Әбілектің ұлы бүгінде өз биігінде, өз тұғырында. Көгінде самаладай жарқырап, жұлдызы жанып тұр. Жанып тұрған – еңбегінің жұлдызы. Оның жұлдызы кейінгілерге сәуле шашып, жол көрсетіп тұрғандай. Болат жолда бойын тіктеген Қабыл Жақыпбеков бүгінде жаңа биігіне беттеп барады. Артқа тастаған белестің жаманы болмапты. Соған шүкіршілік етеді. Өмірдің ащысы мен тұщысын, еңбегінің жемісін жұбайы Қалдыкүлмен бірге бөлісіп келеді. Әйгерім, Эльмира, Мәлік, Салават есімді балалары жоғары білім алып, ата-анасының үмітін ақтауда. Немересі Сабрина қуаныш-қызық сыйлап, өмірлерін ұзартуда.

Мақұлбек Малдарбеков,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support