Ел мемлекет тік қолдаудың игілігін көруде
Ел мемлекет тік қолдаудың игілігін көруде
Мемлекет басшысының жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аудан еңбеккерлері алдына ел экономикасын арттыруға, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты бірқатар жаңа міндеттер қойып отыр. Елдегі игі бастамалардың жарқын жалғасына айналған еліміздің бұл бас құжатта халықтың табысы өсуіне, тұрмыс сапасы жақсаруына, өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз ортаның қалыптасуына, азаматтар сұранысына сай бейімделген мемлекеттік аппараттың құрылуына, кәсіпкерлік секторының дамуына айрықша елеулі маңыз берілген. Сонымен қатар «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың жер-жерлерде орындалуы да назардан тыс қалмаған. Мемлекет басшысының бастамасы мен тапсырмаларына сай қолға алынған игі шаралардың арқасында еліміз қарқынды түрде алға басып келеді. Бүгінде экономикалық оң көрсеткіштерге қол жеткіздік, бейбітшілік пен қоғамдық келісім мәселесі жоғары деңгейге көтерілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары жарияланғанда елді дамытудың нақты бес реформасы барлық салаға тың серпін бергені белгілі. Еліміз енді Үшінші жаңғыруға аяқ басты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған осындай экономикалық саясаттың, мемлекеттік жаңа индустрияландыру бағдарламаларының арқасында біздің ауданымыздың да экономикасы артты. Жыл басынан бері ауданымызда түрлі саланың қозғаушы күшіне айналған бағдарламалар бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Биыл облыс әкімі мен аудан әкімі арасында – 25, облыстық басқармалар мен аудан әкімі арасында – 95, аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасында 9 индикатор бойынша жұмыстар атқару жөнінде меморандум жасалған болатын. Қазіргі таңда ауданымызда барлық индикаторлар бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылып, олардың мүлтіксіз орындалуы тұрақты бақылауға да алынып отыр. Биыл 9 айдың ішінде атқарылған жұмыстар мұның нақты айғағы бола алады. Есепті кезеңде ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 11440,2 миллион теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексі 107 пайызды құрады. Оның ішінде «Central Asia Gold Production», «Ақтас» ЖШС-ларының өнеркәсіп өнімдерін өндіруге қосқан үлестері қомақты-ақ. Атап айтсақ, алғашқы аталған кәсіпорын 109,3 миллион теңгеге 81 кило алтын және 11 кило күміс өндірді. Ал «Ақтас» 2279,3 миллион теңгенің әктас және шағал тас өнімдерін шығарды. Ауданымызда индустрияландыру жұмыстары одан әрі жалғастырылуда. Бүгінгі күні 2015-2019 жылдарға арналған өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген жалпы жобалық құны 49 миллиард 773,2 миллион теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, олардың қатарында «Қордай сүт өнімі» ЖШС-ның балмұздақ шығаратын цехын кеңейту, жылдық қуаттылығын 160 тоннаға дейін жеткізу, «Greenwill» ЖШС-ның 10 гектарлық заманауи жылыжай құрылысын жүргізу, «Алатау Қордай» ЖШС-ның «Қырғау» алтын кен орнында 75 пайыздық алтын-күміс концентратын шығаратын кіші зауытын салу, «Aurum Deutschland» ЖШС-ның тау-кен металлургиялық комбинатының құрылысы және құрамында алтыны бар кенді игеру, «BioVet KZ» ЖШС – GMP және GLP стандарттарына сай ветеринарлық препараттарды өндіру биокомбинатының құрылысын жүргізу жобалары бар. Олар толықтай жүзеге асырылған жағдайда 895 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс. Ауданның өнеркәсіптік өндіріс орындарының басшылары мұны негізгі ұстаным санайды. «Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл ауданымызда жалпы құны 112,3 миллион теңгені құрайтын 5 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілгенін де атап өткен жөн. Ал аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастаған 2011 жылдан бері барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы сомасы 12389,6 миллион теңгені құрайтын 80 жоба, оның ішінде 56-сы – субсидиялау, 8-і – жетіспейтін инфрақұрылымды тарту, 15-і – кредиттерге кепілдік беру, біреуі гранттық қаржыландыру бағыттары бойынша іске асырылды. Жобалардың 47,7 пайызы өнеркәсіп, 25,4 пайызы сауда және басқа қызмет көрсету түрлерін ұсыну, 17,9 пайызы ауыл шаруашылығы, 9 пайызы туризм салаларына тиесілі. Бағдарлама жүзеге асырылған күннен бастап аудандық бюджетке қаржы аударымы көлемі де молайды әрі 616 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнімнің жалпы көлемі де өткен жылдың сәйкес мерзіміндегімен салыстырғанда біршама артық. Бұл сала еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін жылдан-жылға арттыра түскенінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Келер жылдың өнімі үшін қажетті көлемде жер айдалып, дайындалды. 2019 жылы дән себілетін жоспарлы егіс көлемі 17500 гектарды құрамақ. Қажетті 3500 тонна күздік бидай тұқымының қоры алдын ала дайындалып қойылған. Бүгінгі күні күздік бидай тұқымы аудандық «Агро-эксперт А.S» ЖШС-ның зертханасында тексеруден өткізіліп, 2625 тоннасы І сыныпты, 875 тоннасы ІІ сыныпты екені анықталды. Осы орайда ауданда «Благовещенка» ЖШС мен «Азиз» ШҚ тұқым шаруашылығы мәртебесін алғанын да атап өту ләзім. Олар тұқым өсірумен де айналысады. Мұның аудандағы егін шаруашылығын дамытуына да септігін тигізуде. Биыл масақты дәнді дақылдар 51244 (оның ішінде күздік бидай 18310, жаздық арпа 32934) гектарға егіліп, жиын-терін барысында 123070 тонна астық бастырылды, орташа өнімділігі гектарына 24,3 центнерден айналды. Мал азығы шөп те жеткілікті көлемде дайындалды. Осы орайда айта кетерлік бір жай, былтыр Қордай ауылдық округінде «Қордай корм» кооперативі жеке қаражаты есебінен құрама жем цехын салған еді. Агроқұрылым шаруа қожалықтарынан жүгері, бидай, күнбағыс, қытай бұршағы өнімдерін сатып алып, өңдеп кәдеге асыруда. Биылдың өзінде шаруашылықтар мен тұрғындарға 9,0 миллион теңгенің өнімін өткеріп үлгерді. Сондай-ақ Әзірбайжан мемлекетіне 117,4 миллион теңгенің өңделген қытай бұршағын экспортқа шығарды. Сондай-ақ өткен жылы құрылыс жұмыстарын бастаған «Медет» шаруа қожалығы 1000, «Каз Меат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 мың мүйізді ірі қара малына арналған мал бордақылау алаңының, «Диас-2017» ауыл шаруашылығы кооперативі астық сақтау қоймасының құрылыс жұмыстарын аяқтады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде мал шаруашылығы бойынша мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі, шошқа және үй құстарының саны, ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі де өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біршама артып отыр. Осы орайда Қырғыз еліне 218,4 тонна ет экспортталып, Меркі ет комбинатына 57,8 тонна қозы еті өткерілгенін атап өткен жөн. Бұл жұмыстар бұдан әрі де жалғаспақ. Құрылыс жұмыстарында да қарқын бар. Білім беру саласы бойынша облыстық бюджет есебінен ауданда жалпы сомасы 701,5 миллион теңгеге Көктөбе және Соғанды ауылдарында апатты жағдайдағы №40 және №33 негізгі мектептерінің 50 орындық жаңа ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта Масанчи ауылында 600 орындық орта мектеп ғимаратын салу көзделуде. Отар, Шарбақты, Жаңатұрмыс ауылдарындағы мектептер мен Степное ауылындағы Мәдениет үйіне жылыту қазандықтары салынып берілді. Басқа да бірқатар мектептер мен мәдениет ошақтарының жылыту қазандықтары құрылыс жұмыстарының құжаттары дайындалуда. Мемлекет басшысының 5 қазандағы Жолдауында «Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс», деп атап көрсетуі аудан тұрғындардың ертеңге деген сенімдерін нығайтып, жаңа жетістіктерге жігерлендіріп отыр. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, бұл – ең алдымен азаматтардың қолжетімді тұрғын үймен, сапалы ауызсумен, газбен қамтамасыз етілуі деген сөз. Ауданымызда осыған байланысты жүзеге асырылған тірліктер де аз емес. Бұл тұрғыда жалпы сомасы 864785,0 мың теңгені құрайтын Ауқатты ауылының сумен қамтамасыз ету жүйелерін қайта жаңғырту жобасы аяқталуға жақын қалды. Алдағы уақытта, сондай-ақ Кенен, Қасық, Сарыбұлақ, Қайнар және Қордай ауылдарындағы сумен жабдықтау желілері мен су жинау нысандары жаңғыртылмақ. Аудандағы 41 елді мекеннің бүгінде 31-і жерасты, ал 10-ы жерүсті суын пайдалануда. Аудандық ішкі сумен жабдықтау желісінің жалпы ұзындығы 426,51 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні ауданның 12 ауылына газ желісі тартылған. Биыл денсаулық сақтау саласының 9 нысаны газдандырылды. Ауыл тұрғындарына сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі бұдан әрі де желісін кеңге жая беретін болады.
Болатбек БАЙТӨЛЕ, аудан әкімі.
Қордай ауданы.