Әлеумет

Көлік логистикасы – өркениетке апаратын жол

Көлік логистикасы – өркениетке апаратын жол

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында алдағы уақытта орындалуы тиіс негізгі он басым бағыт атап көрсетілгені мәлім. Қазір осы он міндет бойынша нақты іс-шаралар жоспары түзіліп, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Тіпті мемлекетіміздің бас құжатында көрініс тапқан бесінші міндетті жүзеге асырудың нақты тетігін көрсеткен Президенттің бес бастамасындағы «7-20-25» бағдарламасының өзі биыл күшіне енетіні осы бағытта қыруар шаруаның атқарылып жатқанын айғақтайды. Ұстаздар, дәрігерлер, жастар, жалпы бұқара халық ең бірінші кезекте әлеуметтік салаға серпіліс әкелген жетінші басымдыққа назар аударады. Педагог әрі мәдениет және өнер кафедрасының меңгерушісі ретінде бұл бағытта көзделген жоспарлар шын мәнінде халықтың әл-ахуалын жақсарта түсетінін тілге тиек етуге тиіспін. Алайда мен осы он міндеттің ішінде төртінші басымдыққа тоқталмақпын. Өйткені көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру экономикамыздың қозғаушы күші ғана емес, ел мен елді елдестіретін, сол арқылы мәдени байланысты күшейтетін тетік болмақ. Қазақстан – тоғыз жолдың торабында орналасқан мемлекет. Ел аумағынан бірнеше республика транзиттік жүк тасымалын жүргізеді. Сондықтан біз геосаяси мүмкіндіктерді экономикалық пайдамызға шешуіміз қажет. Бес халықаралық көлік дәлізін – трансазиялық темір жол магистралінің солтүстік дәлізі, оңтүстік дәлізі, орталық дәлізі, «Солтүстік – Оңтүстік» және трасека дәлізін тиімді пайдаланғанымыз жөн. Осы орайда, Қытайдан Еуропаға тауар тасымалдайтын дәліздерді ерекше атаған абзал. Себебі Қазақстан территориясы арқылы өтетін жолдар арқылы аталған бағытта жүктерді жеткізу орта есеппен 12-15 күнді алса, Оңтүстік теңіз жолымен жеткізу 45-60 күнді, Солтүстік теңіз жолымен жеткізу 33-35 күнді, транссібір магистралі арқылы жеткізу 18-20 күнді алады. Жүктерді тасымалдау кезіндегі уақыт үнемдеу – Қазақстан арқылы өтетін көлік дәліздерінің басты артықшылығы. Ел экономикасын арттырудың бірден-бір жолы – көлік логистикасын дамыту. Ал тұрақты экономика – халықтың бақуатты тұрмыс-тіршілігінің негізі. Уайымсыз өмір, ертеңге деген сенім – мемлекеттің ішкі тұрақтылығының кепілі. Тыныштық орнаған, ішкі ауызбіршілігі бар елдің ғана мәдениеті өседі, өнері өрістейді.

Айгүл ҚАБИЕВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі.