Саясат

Терең тарихтың тағылымы мол

Терең тарихтың тағылымы мол

Елбасымыздың таяуда жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің қоғамымыз бен жалпы еліміздің одан әрі дамуы үшін өте маңызды тарихи, ғылыми және моральдық бағдарлар айқын көрсетілген. Бұл Қазақстан азаматтары мен жастарына қажет деп есептеймін. Қазіргі таңда жастар, көптеген азаматтар Қазақстан тарихын, қазақ елінің өмірін, басынан өткізген оқиғаларды, жайларды, салт-сананы, дәстүрлерді, мәдениетті біле бермейді. Менің ойымша, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын барлық балабақшаларда, мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында міндетті түрде арнайы оқу бағдарламасы ретінде енгізіп оқытса, тек қана өздеріне пайдасы тиер еді. Бұл азаматтар мен жастарға Қазақстан тарихын толығымен біліп-тануға көмегін тигізетіні сөзсіз. Қазақ елінің басынан өткен оқиғаларды, қазақ халқының және Қазақстанның басқа да этникалық топтарының этногенезіне әсер еткен тарихи оқиғалар мен құбылыстарды жастар, көптеген азаматтар анық сезіне түсті. Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты концептуалды мақаласы біздің өткенімізді тарихи қайта пайымдауға жол ашады. Ол біздің елімізде тарихи сананы одан әрі қалыптастыруға бағытталған. Онда «Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады» деген. Әрине, қазақтың жеті қырын түсіну керек және білу міндет. Біздің арғы бабаларымыз ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткенін тарихшылар жақсы білеміз. Президенттің мақаласындағы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде қазақтардың атқа міну мәдениеті туралы жазылған. Шынында, қазақтардың атқа міну мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне тарағаны рас, оны тарих та растайды. Энеолит дәуірінде «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқылардың Қазақстанда қолға үйретілгенін растады. Бұл дүние жүзіне революция болды. Өйткені жылқы малы шаруашылық немесе адамдардың асы, не әскери саласы болсын бұл халықтың өміріне үлкен жаңалық әкелді. Жылқыны қолға үйрету мен міну мәдениеті халық арасында қалыптасты. Қазіргі таңда елімізде автокөлік қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Әлемде автокөлік адамдар санынан көп болмаса, аз емес. Тарихтан білеміз, біздің ата-бабаларымыз атқа ыңғайлы және өмірде де еркін қимылдауына мүмкіндік болу үшін теріден, кендірден, жүннен, шалбар қолданды және осы күнге дейін пайдаланып келеді. Бабаларымыз аттың үстінен садақ тартуды дамытқан, металмен атты қорғайтын қорғаныстар, құрал-саймандар, әртүрлі қылыштар мен шоқпарлар, найзалар, темірден жасалған сауыттар, атқа мінген адамдарға соғыс киімдерін, т.б. адамға қажетті қару-жарақтар жасады. Ұлы Жібек жолы Қазақстан арқылы өткен. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырып отырды. Бұл Ұлы Жібек жолы қазақ елінің экономикасы мен мәдениетін дамыта түсті. Ал қазір Қазақстан да алма мен қызғалдақтың отанына айналды. Алма мен қызғалдақ әлемде әр мемлекетте пайда бола бастады. Қазақстанның Алматы қаласының атауы алма жемісінің атауымен аталды деген халық сөзі бар. Бүгінгі таңда 3 мыңнан астам қызғалдақтың түрі қалыптасқан. Оның басым көпшілігі Қазақстанда өседі. Мақалада алуан түрлі металл кеніне бай қазақ жері түсті металлургияның алғашқы орталықтарының бірі болғаны көрсетілген. Яғни «Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады». Мәселен, таудың тасына қашалып жасалған «аң стилін» өз көзіммен көрдім. Осы өнер, яғни «аң стилі» феноменін біздің облыстың тау-тасынан да кездестіруге болады. Тарихтан белгілі Қазақстанның Есік қорғанынан 1969 жылы тұңғыш «Алтын адам» табылған. Бұл қазақтың жауынгері елімізде көп құпияны ашты. Осындай алтын киіммен қапталған «Алтын адамдар» Қазақстанда әлі де табылып жатыр. Бұл дегеніміз, елімізде батыл жауынгеріміз көп болғанын көрсетеді. Ақылды ата-бабаларымыздың, көп батырымыздың жауынгерлік басшылығының, қолбасшылардың батырлығының арқасында қазір республикамыздың ұлы даласын, үлкен территориясын бізге, ұрпақтарына қалдырып кетті. Мақалада қазақ жері алуан түрлі металл кендеріне бай екені, Менделеев кестесінде көрсетілген түрлі түсті металлургияның алғашқы орталықтарының бірі болғаны көрсетілген. Көне заманнан бері Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан жерлерінде тау-кен өндірісінің ошақтары және қола, мыс, қорғасын, темір, күміс және алтын балқымалары, табақты темір дайындау пайда болды. Сонымен қатар қазба жұмыстарында металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей-бұйымдар, тұрмыстық заттар табылған. Бұл біздің жетістігіміз, байлығымыз, мақтанышымыз десе болады. Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы» деп келтірілген. Қазақ елінде, әулетте үлкен үйді, атасының үйін қара шаңырақ дейді. Қазіргі таңда қазақтар әр мемлекетте әртүрлі себептермен өмір сүріп жатыр. Қазір елімізде тарихтан бізге мәлім, тек қана әлемге танымал тұлғалар емес, еліміздің тұлғалары жеткілікті деп ойлаймын. Әл-Фараби, Ясауи, Күлтегін, Бейбарыс, Әз-Тәуке, Абылай, Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Кенесары, Абай, Жамбыл, Қаныш Сәтбаевты Ұлы Даланың ұлы тұлғалары деп айтуға негіз бар. Ұлы Далада ежелгі ел музейлерінің алатын орны ерекше. Онда Қазақстаннан табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешеннің экспозициялары қойылды. Бізге тарихтан мәлім, ежелгі Отырар қаласының кітапханасы мазмұн жағынан, саны және сапасы жағынан әлемде кезінде екінші орын алған. Сонымен қатар мақалада музыка мен кино және телевизия туралы айтылады. Ұлы Дала қазақтарының музыкалық аспаптары, ауыз әдебиет, ертегілер, аңыз-әфсаналары, қиссалары, эпостары, кинолары қазіргі заманға лайық тәрбиелік мәні болу қажет. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын елімізде тұратын әр азамат, жастар білуі керек деп ойлаймын. Себебі бұл Ұлы Дала қазақтары басынан өткізген өмір тарихы. «Ұлы Даланың жеті қыры» – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жалғасы.

Серікхан БАЙТІЛЕН, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Тараз қаласының Құрметті азаматы.