болашақ ұрпақтың бақыты ұлт тық болмыста
болашақ ұрпақтың бақыты ұлт тық болмыста
Уақыт пен кеңістіктегі оқиғалар, көктегі тәңірдің емес, пенденің қолымен жасалса керек. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы көпке ой салып, жаңа идеялардың туындауына себепкер болып отыр. Елбасы сөзімен айтсақ, бұл мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспеттес. Бүгінгі жаңғырған заманауи әлемде мәдениет пен ғылымның, ілімнің, діннің, ділдің осы өлкеден бастау алғандығын, тіпті жершарындағы өркениет көші қазақ даласынан бастау алғандығын көріп отырмыз. Бізді қоршаған дүние, сағатпен өлшенген уақыт – әрқилы уақиғаның барометрі. Өлшенген уақыт пен қоршаған орта бір жүйеге келгенде, жеке тұлғаның, одан қалды елдің тарихы басталады. Бұл жай ғана формула болуы мүмкін. Бірақ сан қырлы мәдениеті мен дамудың эвалюциялық жолынан өтіп келе жатқан адамзат тарихы – сатылап өрлеу үстінде. Біздің пайымда бұл – тарихқа деген оң көзқарас, дұрыс бағыттағы ұстаным. Осы арқылы түпкі қияндағы терең тамырымызды білуге, көнені зерттеуге, түйіні күрмелген мәселелерді шешуге жол ашады. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әрі де жатқанын айғақтайды. Еуроцентризмдегі көзқарас осы кезде, нақты көрініс табады. Әрине, мұны да, қандай оқиғаны бір жақты қарауға болмайды. Адамзат тарихында, атқа міну дәстүрі, қазақ халқы үшін ежелден өзіндік жүйемен қалыптасқан. Сонау кезеңнің өзінде «Ботай» қоныстары, бүгінгі күнге дәйекті, дәлелденіп отыр. Біздің дәстүрімізге лайықты, жарқын көрініс, әлем алдындағы «бренд» деп те айтуға болады. Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі. «Ер қанаты – ат» деп білген алаш баласы әр сөзін жылқыға қатысты сабақтай отырады. Түрлі теңеулерді тұлпардың бітіміне, шабысына байланыстырады. Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүниетанымымызға қаншалықты сіңісті болғанына дәлел. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни сөзінің мәніне бойлаған ел өзінің болмысын танымақ. Атты әспеттеу – болмысыңды зерделеу. Сонысымен де осы мақала алысты меңзеп отыр. Оның мәні терең. Ұлттық код, генетикалық жадыңның бір ұштығы, қордалы қоры осында жатыр. Дәлелге тартсақ, мысалда қисап жоқ. Дегенмен еске түскен бірен-саран тіркестерді тізіп көрсек. Қоғамнан орын таппаққа бет алған жанды қазекең «ат жалын тартып мінді» десе, мансапқа қолы жеткенді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қатысты сөз) ойлы жанды «ат сүрінгенше ақыл тапқан» деп, баршаның көңілінен шыққан кісіні «су төгілмес жорға» дейді. Өркениеттің даму үрдісі ежелгі замандардан жүйелі қалыптасу үстінде. Түрлі дүниені игеру, құндылықтарды көркем көрсету, рухани байлықты айшықтау, түрлі символдарды пайдалана отырып, темірді игеру біз үшін сирек құндылықтың бірі болды. Ілімнің дамуы арқасында, қол еңбегі жанданып, Дала өркениетін зерттеуге бағыт алды. Соның айқын дәлелі – асқан көркем шеберлікпен жасалып әлемге танылған «Алтын адам». Бұл мекеннен табылған құтты құндылық, қазақ өркениетінің, мәдениетінің озық үлгісі көрсетіп берді. Саны жылдармен астасқан, ұлан-ғайыр даланы, өзіндік өрнегімен, өміршеңді гүлденуі арқасында, түркі дүниесін қалыптастырды.Осы тұста ұлы ойшылардың еңбектері еске оралады. Атап көрсетсек, әлемдік өркениеттің алғашқы қаласы болған Отырар, сол өлкеде туған әл-Фараби, ілім-ғылым таратқан Қожа Ахмет Ясауиды мақтанышпен айта аламыз. Есімдері аталған тұлғалар – түркі дүниесінің көшбасшыларының бірі екендігі даусыз. «Түркі әлемінің генезисі Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Ұлы Дала халқының тағы бір өтпелі көпірі іспеттес – Ұлы Жібек жолы халықтар арасындағы достық негізді қалыптастырды. Керуен жолдар пайда болып, ұлы жолдың гүлденуіне әкелді. Арқыраған қыратты Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи отаны екені әлдеқашан дәлелденген. Бір мысал, бұл өсімдіктер осы жерде бүршік жарып, жер жүзіне таралған. Еліміз қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы сиверс алмасының отаны саналады. Сондықтан Елбасы мақаласында көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан ұлттық стратегиялық «Мәдени мұра» бағдарламасы болды. Мақалада көтерілген сан тұжырымды ойлар, алға жетелейді. Қорыта келгенде, талайғы қазақ тарихында кешегі өткен кезеңдер, бүгінгі ұрпаққа рухани азық екендігі, мақаланы оқыған әрбір адамның өзінің рухани сауаттылығын көрсетсе керек. Санаға сіңісті болған сөз орамдары – ұлттық болмысыңның ұстыны. Ат айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым. Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бастырмаған. Тағы да атқа қоныппыз. Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу – Елбасы мақаласының негізі өзегі деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет. Президент бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосқанын айтты. Ұлы Даланың ұлағаты осы. Төл тарихымызға ие болу, тарихты таныту – әркімнің азаматтық парызы! Елбасының бұл мақаласы, Ұлы Даламыздағы жеті санымен ұштасқан, табыстылықтың кепілі!
Алмас МҰХТАРОВ, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайының бөлім меңгерушісі.