Бабаларымыздың баға жетпес байлығына берілген баға
Бабаларымыздың баға жетпес байлығына берілген баға
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын аса зор ықыласпен оқып шығып, көкейге көп нәрсені түйдім. Бұл – жай ғана мақала емес, маңызды құжат. Сонысымен де құнды. Оқи отырып, адам рухани кемелденеді. Көкейде жүрген көп мәселені көтеруімен жүрекке жылылық ұялата түседі. Сондықтан әрбір сөйлемді толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Мемлекет басшысы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты бірінші бөлімнің «Ұлы Жібек жолы» атты алтыншы тарауында: «Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы Дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды. Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді», деп атап көрсеткен. Осылайша біздің өңірді басып өтетін Ұлы Жібек жолының маңызын ашып берген. Президенттің мақаласында айтылған мәселелердің барлығы да құнды. Мемлекет басшысы қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше екенін, ол Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі болғанын, дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің 1 мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы Дала төсінде жаңа кезең басталғанын дәлелдермен жазады. Тасқа қашалып жазылған осынау тарих парақтарының барлығы да біздер үшін зор мақтаныш екені сөзсіз. Білген адамға Елбасы мақаласы – ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүріміздің, мол мұрамыздың айнасы. «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты бөлімдердің барлығы да маңызды әрі деректерге толы. Нақты дәлелдер арқылы біздің ғасырлар бойы тоқтаусыз жалғасып келе жатқан терең тарихымыз бейнеленеді. Бұл тарауларды оқып, бабаларымыз мекендеген Ұлы Даламыздың тарихы ықылым замандармен ұштасып, сабақтасып жатқанын біліп, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Нақты айтсақ, осынау мақала қазақ халқының өнерін де, дәстүрін де, өткенін де мейлінше кеңінен сипаттай отырып, оны қастерлеу, қадірлеу қажеттігін ұғындыра түседі. Нұрсұлтан Назарбаев қазан айында жолдаған Жолдауында келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялайтынын айтқаны белгілі. Ол шешімге жастар, менің замандастарым ерекше қуанды. Мемлекет басшысы жас буынға қашанда сенеді, үлкен сенім артады. Ол сенім біздерді шабыттандырады, қанаттандырады. Президент жастарға қашанда қолдау көрсетіп келеді. Ендеше талабы мен таланты қатар ұштасқан белсенді жастар Президент мақаласында айтылған барлық мәселелерді ой сүзгісінен өткізуі, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен қабылдауы керек деп ойлаймын. Солай болатындығына бек сенімдімін. Ұлы Дала елі – бабалардан бізге аманат болып жеткен асыл қазынамыз, баға жетпес байлығымыз. Осынау ұлан-ғайыр даланы болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдырған батырлар туралы Президент мақаласында нақты айтылып отыр. Олардың ерлігі ешқашан жадымыздан шықпақ емес. Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлы Даланы мекен еткен қазақ халқының барлық құндылықтарын сөз еткен осынау құжат біздің бойымыздағы рухты тағы бір жанып өтті дер едім. «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы барша қазақстандықтармен қатар, жастарға да патриотизмнің үлгісін көрсеткен. Әсіресе «Ат міну мәдениеті» атты тарауда келтірілген: «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі. Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді», – деген мазмұнды әрі нақты деректерге толы жолдар әрбір азаматқа, оның ішінде жастарға ой салатыны анық. Мемлекет басшысының бұл мақаласында айтылған міндеттер мен тапсырмаларды жүйелі түрде жүзеге асыра білсек, ұлт болашағы үшін ұтатынымыз көп. Серікбол БЕРІКҚОЖА, Тараз қалалық мәслихатының депутаты.